Партиялық «Tomiris» бағдарламасы аясында «Әйелдердің көшбасшылығы» тақырыбындағы тренинг-воркшоптың ашылу салтанаты өтті. «Amanat» партиясының Саяси менеджмент академиясы бұл жобаны Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен, Конрад Аденауэр қорымен бірге ұйымдастырды.
Мәжілістегі «Amanat» фракциясының депутаты, іс-шара модераторы Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, биыл жобаға қатысуға 300-ден астам адам өтінім білдіріп, оның 75-і іріктеу кезеңіне жолдама алды. Нәтижесінде, 42 қатысушы іріктеуден іркілмей өтті. Айта кетейік, былтыр жобаға қатысқан 37 қыз-келіншектің 12-сі кейін облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаты болып сайланды.
«Мемлекет басшысы еліміздің жаңаша келбетінің бірі тең әрі әділетті қоғам құру екенін айтқаны белгілі. Былтыр ел тарихындағы аса маңызды саяси оқиғалардың бірі – жалпыұлттық референдум өткізіліп, Ата Заңымызға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. 2020 жылдан бері жаңа сайланатын Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының 30 пайызын әйелдер мен жастар құрауға тиіс деген міндет қойылды. Биліктегі әйелдер үлесі артып, іскер әйелдерге мемлекеттік түрлі қолдау көрсетіліп жатыр. Мұның барлығы көшбасшы әйелдердің қоғамдағы рөлін арттырудың алғышарты деп білемін», деді партияның атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек.
Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен Орталық Азия елдерімен салыстырғанда, Қазақстанда әйелдер көшбасшылығы айтарлықтай дамып келе жатқанын жеткізді.
«1991-2010 жылдар аралығында еліміздің оңтүстік өңіріндегі аудандық мәслихаттарда бірде-бір әйел депутат болған жоқ. Кейін, 2010-2022 жылдары ұлттық комиссия барлық деңгейдегі мәслихаттарда әйел депутаттардың болуын бақылауға алды. Мәселен, 2010 жылы мәслихаттардағы әйел депутаттардың үлесі небәрі 10 пайызды құраса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 30 пайызға жетті. БҰҰ-ның 2021-2022 жылдардағы дерегіне сәйкес ерлер мен әйелдер арасындағы даму индексі бойынша ресурсы өте жоғары елдердің қатарында тұрмыз. Бұл – саяси көшбасшылыққа қажет ең басты ресурс. Білімді, ақылды қыз-келіншектер – ел тірегі», деді ол.
Жиын басында Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан, Жамбыл облысы Тараз қалалық мәслихатының депутаты, «Tomiris» жобасының былтырғы қатысушылары Әйгерім Дәулетбаева мен Оксана Ержанова сөз алып, партия тарапынан атқарылып жатқан жобаның маңызы жайында ой-пікірлерімен бөлісті.