Қызылордада үй құрылысы комбинаты ашылды. Осыған орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа өндіріс өңір дамуына леп қосатынын атап өтті.
Комбинат еден, жол плитасы, іргетас блоктары, маңдайша, таспалы іргетас, баспалдақ сияқты өнімдер шығарады. Сағатына 80 текше метр тауарлы бетон, күніне 120 текше метр темір-бетон бұйымдарын өндіретін кәсіпорында 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып отыр.
– Жаңа зауыт аймақтағы құрылыс саласын дамытып, тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылым құрылысы көлемін кеңейтуге жол ашады. Ең бастысы, бұл бізге құрылыс шығындарын едәуір азайтуға, импортқа тәуелділікті төмендетуге, сондай-ақ капиталдың шетелдерге кетуін шектеуге мүмкіндік береді, – деді аймақ басшысы.
Мемлекеттік қолдау нәтижесінде биыл облыс аумағында 8,8 млрд теңгеге 26 тұрғын үйдің және 46 млрд теңгеге 62 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Кейінгі 3 жылда тұрғын үй құрылысының көлемі 112 пайызға өсіп, 3 мыңнан аса адам жаңа пәтерге кірді. Осы жылы 692,3 мың шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарланып отыр.
Қызылорда