Тіршілік нәрінің жетіспеушілігінен жамбылдық шаруалар биыл айтарлықтай зардап шекті. Тіпті шіліңгір шілденің кезінде қуаңшылықтың тақырға отырғызғалы тұрғанын ашына айтқан диқандар Үкіметтен өңірлік деңгейде төтенше жағдай жариялауды талап етіп, жанайқайын жеткізген болатын. Ал өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Әлихан Смайылов шаруа шығыны толық өтелетініне сендірген.
Жамбылдық шаруалар қуаңшылық қасіреті салдарынан қанша шығынға ұшырады? Олардың шығыны қалай өтеледі? Жалпы құрғақшылықтың кесірінен қанша алқап күйіп кетті? Осы сұрақтарға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек жауап берді.
Ол келтірген дерекке сенсек, өңірдегі 763 мың гектар егістік жердің 181 мың гектары суармалы алқап саналады. Осы жылы ауылшаруашылық дақылдары 107 мың гектар алқапқа орналастырылған. Ал қалған жер құдайлық алаң ретінде пайдаланылады.
«Бүгінде өңірдегі суармалы алқапқа орналастырылған дақылдардың 12 мың гектарынан айырылып қалдық деп болжап отырмыз. Алайда оның нақты есебі алдағы уақытта толықтай белгілі болады. Мақсатымыз – шығынға батқан шаруалардың өтемақысын алуға көмектесу. Бұл жерде пайданы емес, шаруалардың шығынын ғана назарға аламыз. Біздің болжам бойынша шығын көлемі 5-7 млрд теңгеге жетуі ықтимал», дейді Қанатбек Қайшыбекұлы.
Жергілікті атқарушы билік келтірген мәліметке сенсек, ауыл шаруашылығы дақылдарын дер кезінде орналастыруға Қырғызгидрометтің Шу және Талас өзендерінде вегетациялық кезеңдегі су мөлшерінің 115 пайызды құрайтыны туралы болжамы, Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Қырғыз Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары арасындағы бірлескен хаттамасы негіз болған.
«Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Қырғыз Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары қызметі арасындағы Жамбыл облысына су беру кестесінің 2023 жылға арналған су мөлшерінің оң болжамына қарамастан уақтылы қол қойылмаған. Өзара келісім бойынша вегетациялық кезең 2022 жылғы су беру кестесіне сәйкес басталған. Қысқасы, 23 маусымда Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Қырғыз Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары қызметі арасында 2022 жылғыға қарағанда, Талас өзені арқылы 35 пайыз, Шу өзені арқылы 44 пайыз төмен көлемде су беру кестесіне қол қойылды. Осылайша, суармалы су көлемінің төмендеуі туралы ақпарат ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, вегетациялық кезең басталғаннан кейін ғана шаруа қожалық жетекшілеріне жеткізілді. Бұл бүгінде облыста суармалы судың жетіспеушілігіне негіз болды», дейді облыс әкімінің орынбасары.
Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар тарапынан шаруа қожалықтар мен «Қазсушар» РМК арасында су беру туралы бірлескен шартқа қол қойылып, содан кейін ғана егіс жұмыстарын бастауға міндеттер қойылған. Яғни шаруа қожалық оған суармалы су берілетініне сенімді болуы қажет. Шарт 94 мың гектарға жасалды.
Суармалы су көлемінің қысқаруы туралы ақпараттан кейін облыстың және аудандардың жергілікті атқарушы органдары шаруа қожалықтарға әрбір магистралдық каналдан су беру кезегін ұйымдастырды.
Керек дерекке көз жүгіртсек, диқандарды ағын сумен қамтамасыз ету жолында кездескен өзге де кедергілер бар сияқты. Мәселен, суармалы жерді ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылдан бастап облыстың 6 ауданында жалпы құны 40 млрд теңгені құрайтын екі жоба қолға алынған. Алайда уақтылы жүзеге асырылмаған.
«Аталған жобалардың әкімшісі – Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» мекемесі. Бүгінде жоба аясында 20,5 млрд теңге игеріліп, бұл қосымша 34 мың гектар алқапты ағын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде. Осылайша, облыс бойынша «Қазсушар» РМК 94 мың гектар егістік алқапты сумен қамтамасыз етуде. Шаруа қожалықтарымен келісімшарттар жасалған. Айта кету керек, аталған екі жоба бойынша жұмыстар 2021 жылы аяқталуы керек еді. Алайда жобалау-сметалық құжаттаманың сапасыз әзірленуіне, жосықсыз мердігерлердің жұмысына және «Қазсушар» РМК тарапынан бақылаудың әлсіздігіне байланысты Үйлестіру кеңесінің 2021 жылғы 8 қыркүйектегі хаттамасымен осы жобалардың аяқталуы 2023 жылғы желтоқсанға ауыстырылған», дейді ол.
Осындай кедергілер өңірде вегетациялық кезеңнің лайықты жүзеге асырылуына кедергі келтірген. Салдарынан егістік алқапқа су айналма арналар арқылы берілген. Нәтижесінде, судың 20-30 пайызы шығын болған. Осылайша, диқандар онсыз да аз судың айтарлықтай бөлігінен қағылған.
Шынын айту керек, ағын судың тапшылығы биыл ғана сезіліп тұрған жоқ. Қырғыздар тарапы бұған дейін де бірнеше мәрте су беруде қысым көрсеткен болатын. Содан да болса керек, өңір шаруалары жаңбырлатып және тамшылатып суару технологиясын игеруге кейінгі жылдары айрықша ден қоя бастады. Нақтырақ айтар болсақ, 2021 жылы су үнемдеу технологияларымен қамтылған алқап 40 мың гектарды құраса, биыл 57 мың гектарға жеткен. Бұл көрсеткіш республикадағы алқаптың 20 пайызын құрайды екен. Тиімді технология суды 30 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.
Премьер-министр Әлихан Смайылов өңірге жұмыс сапарымен келген кезде ұңғымаларды бұрғылау жұмысын ширатуды тапсырған еді. Бүгінде өңірде бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
«Су тапшылығы бар аудандарда жерасты суын пайдалану үшін ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары басталды. Бүгінгі таңда 103 ұңғыма пайдаланылуда. Алайда ұңғымаларды бұрғылау жөніндегі жұмыстардың құны шаруа қожалықтары үшін экономикалық жағынан тиімсіз. Өйткені облыстағы шаруа қожалықтарының шамамен 70 пайызының жері 50 гектарды құрайды. Тіпті Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұл жұмыстарды 50 пайыз мөлшерінде субсидиялау факторы ескерілсе де, жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, жергілікті бюджет қаражатынан тағы 30 пайыз субсидиялау туралы шешім қабылданды. Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялау қағидаларына тиісті өзгерістер енгізуде. Өзгерістер енгізілгеннен кейін шаруа қожалықтарының ұңғымаларды бұрғылау шығындарының 80 пайызы субсидияланады», дейді ол.
Бүгінгі таңда өңірдің алты ауданында шығынды анықтау бойынша жұмыс топтары құрылған. Диқандардың шығыны вегетациялық кезең толық аяқталғаннан кейін анықталмақ. Әйтсе де жоғарыда айтқанымыздай, жалпы шығын 5-7 млрд теңгені құрауы бек мүмкін.
Бүгінде жергілікті атқарушы билік өңірдегі су тапшылығын кезең-кезеңімен шешудің жолдарын қарастырып отыр. Сол үшін биыл 3 жаңа су қоймасының жобалық-сметалық құжатын әзірлеудің маңызы зор. Сондай-ақ «Еуропалық қайта құру және даму банкі», «Дүниежүзілік қайта құру және даму банкі» желісі негізіндегі жобаларды іске асыруды аяқтауға айрықша мән беріліп, құзырлы министрлікке ұсыныстар жолданған.
Бұдан бөлек Тасөткел су қоймасын реконструкциялау, «Жасөркен» гидро бекетін қалпына келтіру жұмыстарын қолға алу керек. Осы жұмыстар толықтай іске асқанда Талас өзені арқылы келетін суды бақылауға мүмкіндік тумақ.
«Біз егістік көлемін азайтпаймыз. Өйткені су жетпейтін жерді тәлімі жер ретінде пайдалануға болады. Сондай-ақ тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясын пайдалануға қатысты ынталандыру жұмыстарын жүргіземіз. Өйткені бүгінгі таңда 57 мың гектар алқапқа аталған технология пайдаланылуда. Бұл көрсеткішті арттыру керек», дейді Қ.Мәдібек.
Қалай алып қарасақ та, осы жылы өңір диқандары қуаңшылықтың зардабын тартып отыр. Деректерге жүгінсек, Алатаудың арғы бетіндегі ағайындардан былтыр 65 текше метрден аса су жіберілсе, биыл ол көрсеткіш 20 текше метрге әзер жеткен. Ал өңірдің 6 ауданы қуаңшылықтың қасіретін айқын сезінсе, Қордай ауданындағы жағдай тіпті ушыққан болатын. Қысқасы, биылғы жағдайдан сабақ алатын уақыт келген сияқты.
P.S. Мақала беттеліп жатқанда Премьер-министрдің өкімімен «Азаматтық қорғау туралы» заңның 48-бабына сәйкес Жамбыл облысының Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов, Талас аудандарында өңірлік ахуалға байланысты табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланғаны белгілі болды. Диқандардың күткені де осы жаңалық еді...
Жамбыл облысы