Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Алтын орда» базарында зерттеу жүргізіп, бірқатар заң бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті биыл маусым айында «ALTYN ORDA NEW COMPANY» ЖШС-де хронометраждық зерттеу жүргізген.
«ЖШС 2022 жылдың 4 тоқсанына 530,4 млн теңгенің кірісін көрсете отырып, қосымша салық есептілігін тапсырды. Қосымша есептелген қосылған құн салығы - 63,6 млн теңге, корпоративті табыс салығы - 106,0 млн теңге. Өсімпұлды есептемегенде хронометраждық тексеру нәтижелері бойынша бюджетке барлығы 169,6 млн теңге түсті. Тексеру барысында «ALTYN ORDA NEW COMPANY» ЖШС-де бақылау-касса машиналарын қолданбай ақшалай есеп айырысуды жүзеге асырудың қосымша нүктелері анықталды. Тексеру нәтижелері бойынша қосымша 4 бақылау-касса машинасы тіркелді», делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
«Алтын Орда» сауда базарында түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде жеке кәсіпкерлер ретінде 742 салық төлеуші және бақылау-касса машиналары ерікті түрде тіркелген.
Одан бөлек, Алматы облысы бойынша Полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, «Алтын орда» базарында кәсіпкерлік қызметті салық органдарында тіркеусіз жүзеге асыратын тұлғаларды анықтау бойынша тақырыптық (рейдтік) тексеру жүргізілген. Рейд барысында 12 жеке тұлға анықталған. Материалдары сотқа жолданған.
Бұдан басқа, мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері 3 салық төлеушіні әкімшілік жауапкершілікке тартқан:
- 1 салық төлеуші кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны, сондай-ақ тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз немесе хабарлама жіберусіз әрекеттерді жүзеге асырғаны үшін;
- тауардың бағасын төмендетіп көрсетіп, аталған тауарды «Алтын орда» базарының аумағында өткізген 2 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.