Қазақ тілінің құнарлы, бай, әуезді екеніне көкірек көзіміз ашылған сайын сеніміміз артып келеді. Әрі өзіне ғана тән құс қауырсынындай «жұмсақтығына», «жанашырлығына», «мейірімділігіне», «бауырмалдығына» сүйсінеміз, содан келіп қазақ болып туғанымызды мақтан етеміз.
Олжас Сүлейменовтің «Айналайын» атты өлеңінде:
«Айналайын – ең көркем үн,
Өкінішті, ұға алмас әркім осы.
Әдіптеп-ақ, алдыңда айтар едім,
Әттең, әлсіз тартады тәржімасы», –
деген шумақ бар. Иә, басқа тілге аударылмас, тек қазаққа тән мағынасы алуан сөздер бар. Мәселен, «айналайын», «құлыным», «ботам», «шыбыным» «қарағым» т.б.
Біз сөз еткелі отырған ән – ел жадында жатталып, тыңдарманнан тиісті бағасын алған әндердің бірі әйгілі Кеңес Дүйсекеевтің «Қарағым-ай» әні.
«Қарағым-ай» әнінің тақырыбының өзі-ақ қазақы қалыбымен жүректі елжірете жөнеледі. Әнші Нұрлан Өнербаевтың орындауымен халыққа жеткен тағдырлы әуенді естігенде тыңдарманға көңілі босап қоя беретіндей әрі-сәрі күй кештіреді. Халық ішінде ән тарихын әр саққа жорушылар бар. Бірі басқа түскен ауыр қайғыдан туған ән десе, кейбірі жауапсыз махаббаттан туған туынды деседі.
Әлқисса, композитор Кеңес Дүйсекеев көпбалалы отбасында тәрбиеленіп, бес жасында әкесі өмірден өтеді. Ұлдардың ішінде жалғыз өскен Күлшат есімді әпкесі ұстаздық мамандықты игеру мақсатымен педагогикалық жоғары оқу орнына түседі. Бауырларына қамқор, мейірбан қыз он тоғыз жасқа қараған шағында кенеттен өмірден озады. Бұл қаза жас таланттың жанына өшпес табын қалдырады. Жаны нәзік, әрнеге елең етер композитор жүрегі өз ішінде булығып көп жүреді. Арада жылдар өтіп, Кеңес Дүйсекеев ержетіп, өнерге қанат қаққан тұста жауқазын ғұмыры орта жолда қиылған әпкесінің рухына тағзым ету ниетімен ән шығаруға бел буады. Композитор көз алдына әпкесінің ұзатылып бара жатқанын, есен-аман бойжеткенін елестете отырып, өміршең әнді дүниеге әкеледі. «Егер де әкем мен әпкем тірі болғанда, әпкем өз серігін тауып, өз босағасынан ұзатылып бара жатқанда, әкем ақ батасын беріп, қызына осы әнді айтар еді», – дейді композитор.
Алдымен әуені туған шығарманың өлеңін ақын Шөмішбай Сариев жазады. Өлең қазақтың қара өлеңінің сарынымен, жатық, шеберлікпен жазылған.
«Қарағым-ай,
Бұл өмір осылай өтеді екен,
Сүймесең дүние бекер екен.
Парақтап жинасаң бар ғұмырың,
Бір сүйген күніңе жете ме екен?»
Иә, әр шумақ сайдың тасындай құйылып, төмен құлаған таспа бұлақтай таңдайға татып тұр. Ән мен өлеңнің үйлесуі деген осындай-ақ болар.
Композитор ән хақында, бір сұхбатында тағы да ағынан жарылады.
«Мен «Қарағым-айды» жазған кезде елдің бәрі «Дүйсекеев қайтадан ғашық болыпты» десіпті. Ал негізі бұл туынды – әкенің қызын тұрмысқа беріп жатқан кезде айтатын әні. Қызымен қоштасу ретінде орындалатын шығарма. Менің достарым қыздарын ұзатқан кезде осы әнді айтып, еңіреп жылағандарын көрдім. Кейбір кезде «Қарағым-айды» қазақтың халық әні деп айтып жатады. Ол композитор үшін үлкен бақыт шығар», депті Кеңес Дүйсекеев.
Кейінгі уақытта «Қарағым-ай» әні Димаш Құдайбергеннің орындауында әлем тыңдармандары назарына жетті. Интернеттің әр тұсынан «Қарағым-ай» әнін орындаған шетелдік тыңдармандарды көруге болады. Бұл жүректен шыққан туындының еш шекараға қарамай-ақ басқа жүректерге жететінінің дәлелі. Тіпті әннің өлеңін өз тіліне аударып, шығарманы бар жанымен түсінуге тырысқан шетелдіктерге де куә болдық.
«Димаш «Қарағым-ай» әнін орындап болғанда, орнымнан қалай тұрып кеткенімді білмеймін. Шақырып, бетінен сүйдім. Оған Жаратқан дауыс қана емес, жүрек, зейін, ақылды бас берген, – депті бір сұхбатында композитор.
«Қарағым-ай,
Сұлулық осындай болады екен,
Бір басқа армансыз қонады екен.
Адамдар өмірге қонақ екен,
Шынымен бұл дүние шолақ екен.
Қарағым-ай,
Еліктер осылай жосады екен,
Жолыңнан сені кім тосады екен?
Бұл көңіл неліктен босады екен?
Бұл тағдыр сені кімге қосады екен?»
Иә, аңызға айналған әннің мағынасы әріден тамыр тартады, кісіні ғұмыр мәніне үңілуге, ойлануға шақырады. Өз уақытында бағасын алған туынды келешек ұрпақтың да көзайымына айналары сөзсіз.