Үкімет басшысы Әлихан Смайылов инфляция деңгейін өткен жылмен салыстырғанда екі есеге төмендетуді тағы да тапсырды. Тұтынушылардың инфляцияны дәстүрлі түрде теріс қабылдайтыны, бағаның өсіп жатқаны ешкімге ұнамайтыны белгілі. Бірақ бұл – табиғи экономикалық үдеріс. Экономистер өздері үшін де, кәсіпкерлер үшін де 6 пайыздан төмен инфляцияны қолайлы деп атайды. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 4-6 пайызбен тоқтатуды тапсырып отыр.
Әзірге инфляция деңгейін 14 пайызға дейін төмендетіппіз. Төмендетуге түрткі болған факторлардың себебін бұл жолы да біле алмадық. Ұлттық банк өкілдері кейінгі жылдары біз жоғары құбылмалылық пен белгісіздік жағдайында өмір сүріп, шешім қабылдайтынымызды, сауда құрылымы өзгергенін жиі айтады. Жылдың екінші жартысында инфляциялық таргеттеу саясатын қайта қаралатынын да ескерткен. Бірақ жаңа инфляциялық таргеттеу саясатындағы инфляция деңгейі қандай болатынын әлі ашып айтқан жоқ.
Біздің ел – тарифті инфляциялық таргеттеу құралы ретінде пайдаланатын жалғыз мемлекет емес. Оны дамыған елдер де, дамушы елдер де әртүрлі уақытта қолданып келді. Мысалы, Түркия 2019 жылы лираның құнсыздануына байланысты базалық мөлшерлемені 17,75 пайыздан 24 пайызға дейін көтеруге мәжбүр болды. Сол жылдың қазан айында 25 пайыздан асып кетті. Кейбір сарапшылардың «Ұлттық банк қолданып келген әдіс» деген пікірін қолдамайтындар да бар.
Мысалы, сарапшы Ерлан Ибрагим пайыздық мөлшерлеме арқылы басқару экономикасы дамыған және тұтыну деңгейі жоғары елдер үшін қолайлы екенін айтады. Инфляцияға әсер етудің басқа әдістері бар. Кейінгі бірер жылда Ұлттық банктің қанша алтынды сатқаны, сатып алғаны туралы мәліметтердің басы ашық. «Біз алтынды өзіміз өндіреміз, яғни Орталық банк алтын сатып алу үшін ақша шығара алады. Осыған байланысты кейінгі жылдары ақша массасы айтарлықтай өсті. Валюта нығайған кезде Ұлттық банк қаржы жүйесіндегі теңге көлемін ұлғайтады. Әрине, мұндай әрекеттер инфляцияны да ынталандырады, өйткені олар теңгеге деген ұсынысты арттырады. Бірақ бұл әдіс те тиімділігін көрсетіп келе жатыр», дейді сарапшы.
Қымбатшылыққа да, теңгенің құнсыздануына да мемлекеттік монополиялардың аздығы себеп болып отырғанын сарапшылар біраздан бері айтып келеді. Үкімет бірінші кезекте мұнай нарығының жекеменшік монополияға тәуелділігі туралы, соның түйінін тарату туралы шындап ойлануға тиіс. Тауар бағасын өсіруге бірден-бір әсер ететін монополистер екені белгілі жайт. Кедендегі, жол үстіндегі және басқа да тексеруші құрылымдардағы заңсыз алым-салықтарға кеткен шығынын тауар бағасына үстеме қосып шығарып алуға тырысады. Қорғас халықаралық сауда орталығы мен Өзбекстанның базарларындағы тауарлардың Алматыға жеткенде бағасы 10 есеге дейін аспандап кетуінің басты себебі – осы. Содан кейін назар аударатын мәселе ауыл шаруашылығында да монополистер қаптап отыр. Өнім сақтайтын қоймалар мен биржалық сауда түрінің тізгіні де – жекенің қолында. Бақылау болмағандықтан пайда көрсем болды деген пайымның бәсі басым болып кетті. Мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі, тендердегі заңсыздық. Мемлекеттен бөлінген қаржының 97 пайызы «достар» тобының үлесіне тиеді. Е.Ибрагим осы мәселелерді 20 жыл бұрын реттегенде қазіргі жағдай басқаша болатынын алға тартты.
Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Сарапшы Бейсенбек Зиябековтің айтуынша, инфляция деңгейі шикізат нарығындағы жағдайға, шетел валютасының ішкі нарықтағы қаржы айналымы мен Ұлттық банктің саясатына байланысты екен. Біздегі инфляция Ұлттық банктің статистикасымен үйлестіріліп отырады. Ал «перденің арғы жағындағы» жағдайды қаперге алсақ, басқаша көрініс 14 емес, 25-30 пайыздық көрсеткіштің құлағы қылтиып тұрады. Сондықтан «инфляцияның нарықтық құны қандай?» деген сауалға жауап алу мүмкін емес. Себебі бұл – біз үшін әлі зерттелмеген тақырып.
Интеллектуалды шығындар инфляцияның санатына жатпайтыны бұрыннан белгілі еді. Ұлттық банктің есебінде де олар есепке кірмей қалған. Тіпті балалар бақшасының айлық төлемі, ЖОО-дағы жылдық оқу ақысы да оның санатында жоқ. Мысалы, бензин бірер жылдан бері кемі 40 пайызға қымбаттады, ЖОО төлемдері, ақылы медицина қызметі жыл сайын өседі. Бір ғана тіс емдейтін клиникаға кірсең, 100 мың теңгемен «қанжығасын» майлап кетесің. Әрине, бұл салада тегін қызмет көрсететін орындар да бар. Бірақ ондағы жұмыс дұрыс жүйеленбегендіктен, ақылы қызмет түріне жүгінуге мәжбүр боламыз.
Сарапшы айтып өткендей, осылардың бәрін есепке алсақ, инфляция деңгейі шамамен 40-50 пайыздан асып кетеді. Демек, инфляцияның нарықтың құны біздің елде тіркелген халыққа қызмет көрсететін мекемелердегі барлық қызмет құнымен анықталады. Халықтың табысына, күнкөрісіне әсер ететін факторлардың бәрі инфляцияның көрсеткішіне ену керек. Ауылдағы балаларға арналған үйірмелердің жоқтығына халықтың төлем қабілеті себеп болып отыр. Жеке сектордың қарауындағы үйірмелердің бәрі құрылтайшылары үшін – бизнес. Ал бизнестің табиғаты қайырымдылықтан алыс.
«Ұлттық банк пен Үкіметте пайыздық мөлшерлемені төмендетіп, теңгенің әлсіреуіне жол беру немесе оны қазіргі көрсеткіштен де жоғары ұстап, экономиканың нақты секторын құрбандыққа шалып жіберуден өзге жол қалмағанын сарапшылар жиі айтатын. Әзірге Ұлттық банктің қажетті тепе-теңдікті қандай факторлармен анықтайтынын біз білмей отырмыз. Мемлекеттік бюджет, сондай-ақ мемлекеттік компаниялардың аз ғана пайдасы бағаның жасанды төмен деңгейін үнемі ұстап тұруға қауқарсыз. Ал сарапшылар болса, нарықтық қатынастарға көшу керек екенін, баға әлемдік нарықтағыдай және көршілес елдердегідей болуы керектігін жиі айтады. Егер баға белгілеудегі бұрмаланулар жалғаса берсе, онда біз тауар тапшылығына тап боламыз», дейді Б.Зиябеков.
Сарапшылардың сөзінше, ШОБ субъектілерінің бизнесін дамыту үшін мемлекет тарапынан сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға қатысты көзқарастың бәсі басым болып тұр. Бұл экономикадағы ақшаның нақты құнын бұрмалайды. Ұлттық банк экономистердің көпшілігі инфляцияның шарықтау шегінен өткенімізді, ал бағаның өсіп жатқаны осыған дейінгі базалық мөлшерлеменің пайызына байланысты деген пікірге басымдық бергісі келеді.
Б.Зиябековтің айтуынша, алдағы үш айда баға 0,4-0,5 пайыздық деңгейде көтеріле береді, тек келер жылдың алғашқы айынан бастап баға төмендейді. Бірер жылда деңгейін екі есеге дейін төмендету мүмкін емес. Бүгінгі таңда инфляция деңгейіне ақшалай, яғни монетарлық және ақшалай емес фактор әсер етіп отыр. Ел экономикасы экспорттан келетін ақшаға тәуелді. Бұл фактор бірінші кезекте қаржы жүйесінің тұрақсыздығына алып келеді. Ал екінші үлкен тәуекел – экономикаға инвестициялау деңгейі саябырсып қалды. Бұл ІЖӨ-нің одан әрі қысқаруына, халық табысы деңгейінің күрт төмендеуіне алып келеді. Ал үшінші күрделі тәуекел – мемлекеттік бюджеттік қаржыландырудың тұрақсыздығы. Бүгінде бюжет шығысының 40 пайызға жуығы Ұлттық қордан аударылған трансферттер есебінен қамтамасыз етіледі. 2005-2006 жылы бұл көрсеткіш нөлге тең болатын. Ұлттық қордың барлық қаражаты игерілсе, Қазақстан бюджеті екі есеге дейін төмендеп, түн ұйқымызды төртке бөлген 21 пайыздық инфляцияның өзі арман болып қалады.
«Бұл – шешуді қажет ететін үлкен мәселе. Қазіргі экономикалық саясаттың инфляция асқынуының себептері мен салдарын терең талдауға негізделмегені белгілі болды. Аталған мәселеге біз бірінші кезекте назар аударуымыз тиіс еді», дейді Б.Зиябеков.
Сарапшы банк секторында қайтарылмай жатқан корпоративтік сыртқы қарыз көлемі де шектен шығып кеткенін де айтып берді. Жұмыс істемей жатқан ақша уақыт өткен сайын құнсызданып, инфляция деңгейіне қосымша әсер етіп жатыр. «Біздің елдің дамыған елдерден айырмашылығы, несиелік тәуекелдерден немесе қор нарығының құлдырауынан қорықпай негізгі мөлшерлемені еркін көтере алады деп санайды. Ұлттық жиынтық сұранысты біршама бәсеңдетуге, экономикалық өсуді теңгерімді етуге барлық мүмкіндік бар. Бұл уақытты үнемдейді және бағаны біразға дейін ұстап тұруға мүмкіндік береді», деп есептейді сарапшы.
Дамыған нарықтық экономикада ұлттық валютаның бағамы ағымдағы жағдайға байланысты қозғалады, валюта нарығында ұлттық валютаға сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігін кез келген уақытта жасайтын сан алуан ойыншылар бар. Өкінішке қарай, Қазақстанда валюта да, қор нарығы да өте нашар дамыған, сондықтан Ұлттық банктің теңге бағамын жартылай қолмен бақылауға мәжбүр.
Сарапшы айтып өткендей, инфляцияның шарықтау шегін артта қалдырдық деп босаңсуға болмайды. Қазір теңге мен рубль тұрақсыз. Кез келген құбылмалық пен қымбаттау инфляцияның екінші тынысын ашады.
«АҚШ Федералдық резервтік жүйесінің басшысы инфляциямен күресу үшін қосымша іс-шаралар қажет болуы мүмкін екенін айтып, сол арқылы бағаның өсуіне қарсы күрес әлі жалғасатынын ескертті. Демек, елімізде инфляцияны тежеу үшін Ұлттық банк ақша-несие саясатын одан әрі қатаңдатуы әбден мүмкін. Бағаның өсуі, сонымен бірге халық табысының өспеуі күрделі әлеуметтік мәселе болуы мүмкін», дейді Б.Зиябеков.
Экономист Қуанышбек Дүйсеновтің айтуынша, халық табысының тең жартысы тек азық-түлікке кеткен жағдайда өсім мен дамуды сезіну қиын. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізімінде 19 өнім бар, олардың сауда маржасы 15 пайыздан аспауы керек еді. Бірақ баға Үкімет белгілеген қызыл сызықтан асып кеткен. Сүт өнімдері, тауық еті және басқаларын қоса алғанда бәрі шамамен 30 пайызға қымбаттап, тек жұмыртқа ғана жеті пайызға арзандапты. Экономикалық теория тұрғысынан ІЖӨ өсімі кейбір жағдайларда инфляцияны төмендетуге көмектессе де, кейбір тұстары көмектесе алмайды. Түсінікті тілмен айтқанда, ақша-несие саясаты тиімсіз болса, онда ІЖӨ өсімі инфляцияны төмендету мүмкіндігінен айырылып қалады екен. Себебі біздің жағдайымызда ел экономикасы импортқа тәуелді. Ішкі сұраныс импортқа ықылас білдірсе, инфляциялық қысым күшейеді. Сол себепті өсім деңгейі бағаға әсер ете алмай отыр.
Сарапшы айтып өткендей, ІЖӨ, экономикалық көрсеткіштер елдегі ірі кәсіпорындардың, халықтың жан басына есептегендегі табысының артуымен анықталады. 2022 жылы орташа жалақы 308 мың теңгені құраса, 2023 жылдың тамыз айында жалақы 365 502 теңге болды. Бірақ халықтың нақты табысының өспеуі немесе баға мен табыстың қатар өсуі ІЖӨ өсімін сездірмей отыр.
Дүкен немесе базар сөресі өндіруші қойған бағаның арасындағы тізбекке, айырмашылыққа назар аударған да маңызды. Егер осы бағытты тереңірек зерттеп жіберсең, ортадағы делдалдар, кейбір өнім өңдеуші делдал монополиялар мен олигополиялардың қолтаңбасы шыға келеді. Осы аралықты тазартуды инфляцияны тежеуші фактор деп қабылдауға болады. «Үкімет пен Ұлттық банктің монетарлық саясатты күшейтуі инфляцияны тежеді. Дегенмен инфляцияның тежелуі оның төмендеуі емес. Елдің әл-ауқатының артуы үшін кемінде ең маңызды тауарлар мен қызметтер құны төмендеп, қолжетімді бағада болуы шарт», дейді Қ.Дүйсенов.
АЛМАТЫ