• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Саясат 24 Тамыз, 2023

Қоғамдық қабылдау: Мәселелер қараусыз қалмайды

247 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің спикері, «Аmanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов партияның республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдады.

Еліміздің әр өңірінің тұрғын­дары инфрақұрылымды дамытуға, таза ауыз сумен қамтамасыз етуге, ерекше қажет­тіліктері бар адамдарды қолдауға қатысты және басқа да мәселелермен «Аmanat» партиясына жүгінді. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай қаласының 40 мың тұрғыны атынан хабарласқан бір топ азамат Осинов асуын айналып өтетін жаңа жол салу мәселесін көтерді. Бұл асуға жыл сайын мыңдаған турист келеді.

«Алтай және шекара маңындағы Катонқарағай аудандарының тұрғындары үшін бұл жолдың маңызы зор. Мұндағы құрылыс 2018 жылы басталған еді, бірақ кейін тоқтап қалды. Мемлекеттік орман қорынан жер телімдерін беру жұмыстары кешіктірілуіне байланыс­ты жолды жөндеуге қажет материалдар қымбаттап кетті. Сізден жолды жөндеу жұмыстарын тездетуге көмек көрсетуіңізді сұраймыз», делінген азаматтардың ұжымдық үндеуінде.

Ерлан Қошанов партия филиалына Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және Шығыс Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесе отырып, жол құрылысына қажетті барлық жер телімін беру мәселесін тез арада шешуді тапсырды. Сондай-ақ қажетті қаражатты бөлуді жеделдету керек екенін айтты.

Ал Ақтау қаласының тұрғындары – ерлі-зайыпты Жалғас Қуатов пен Айсұлу Құрманғазиева кәсіпкерлікпен айналысып, сауда павильонын ашуды жоспарлап отыр. Екеуі де екінші топтағы мүгедек санатында. «Жұмысымызды бастау үшін рұқсат алуға жәрдемдесуіңізді және материалдық тұрғыда көмек көрсетуіңізді сұраймыз», деді Айсұлу Құрманғазиева.

Ерлан Қошанов партияның өңірлік филиалына өтініш берушілерге барынша көмек көрсетуді тапсырды. Мәжіліс төрағасы ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жан-жақты қолдау – «Аmanat» партиясының басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

Сондай-ақ Ақмола облысы Шор­танды кентінің 8 мыңнан астам тұрғыны ауыз су тапшылығын өткір сезініп отыр. Мәселенің шешімін іздеген Серік­бол Мерей партия төрағасымен кездесуге келді. «Қолданыстағы жеті ұңғыма­ның тек төртеуі жұмыс істеп тұр, қалған­дарында су қоры таусылған. Әсіресе жаз мезгілінде егістіктерді суаруға және техникалық қажеттіліктерге көп мөлшерде пайдаланылғандықтан су тапшылығы айтарлықтай сезіледі», деді ол.

Ерлан Қошанов бұл мәселені шешу үшін қазіргі уақытта топтық су құбырын тарту жобасы әзірленгенін айтты. Жұмыс көлемі мен оны орындаушылар белгілі болды. «Аmanat» партиясының Мәжілістегі фракциясы су құбыры желілерін қайта жөндеуге республикалық бюджеттен жақын арада тиісті қаражат бөлуді өз бақылауына алады.

Ал елорда тұрғыны, 11 баланың анасы Нұргүл Қадырбаева екі ұлы Арман мен Анас футболдан Қазақстан мен ТМД елдерінде өткен чемпионаттарда жоғары шеберлік көрсеткенін атап өтті. Сөйтіп, олар Португалиядағы «Bsports» жастар клубына өнер көрсетуге шақырту алған. Бірақ қаржылық жағдайдың қиындығына байланысты бара алмай отыр.

Партия төрағасы батыр анаға жас футболшылар үшін қажетті көмек көр­сетілетінін айтты. Бұл мәселеге Астана әкім­дігі мен Мәдениет және спорт ми­нистрлігі де атсалысады. Ерлан Қо­шанов қаралған барлық өтініш бойынша пар­­тия филиалдарына нақты тапсырма­лар беріп, олардың шешілуін жеке бақылауына алды.