• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Тамыз, 2023

Жылыту маусымына дайындық

268 рет
көрсетілді

Премьер-министрдің бірін­ші орынбасары Роман Скляр жұмыс сапарымен Ұлытау облы­сында болды. Ол қыс­қы жылу беру маусымына әзі­рліктің жай-күйін пысық­тап, облыс орталығын таза су­мен қамтамасыз етуге бай­ла­нысты атқарылып жат­қан жұмыстармен танысты.

«Жезқазған – Қызылорда» тасжолына бай­ланысты мәселе де назардан тыс қалмады. Үкімет басшысының бірін­­ші орын­басары­ның сапары нақ осы жолға қатысты «Қазавтожол» бас­­­шы­лығының баяндамасын тың­дау­­­дан басталды. Р.Скляр бұл бағыт­та­ғы жұ­мысты жеделдетуді тапсырды.

Алдағы жылу беру маусымына тыңғылықты дайындалмаса бол­майды. Өткен жылы облыс орталығындағы жылу-электр орталығында бірнеше мәрте күрделі ахуал қалыптасқан еді. Тіпті биылғы жаздың өзінде бұл орталықтың қызметінен жіберілген кемшілік тұрғындарды әуреге түсірген еді. Сон­дықтан өткеннің олқылығын орнына келтірмесе жағдай қиындап кетуі әбден мүмкін. Жезқазған қаласындағы жылу құбырларының 70 пайызының тозығы жеткен. Қазір құбырларды жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл мақсатқа 3 млрд теңге бөлінген. Жұмыс биыл аяқталуға тиіс.

Жылу-электр орталығында да жөндеу жұмыстарын жүргізуге 5 млрд теңге қарастырылған. Алдағы қыста 5 қазандық жұмыс істейді деп жоспарланған. Әзірге жоспарланған жұмыстың 60 пайызы ғана атқарылған. Бұл – айтарлықтай жақсы көрсеткіш емес. Өйткені қыс қыр астына келіп қалды. Р.Скляр жыл соңына дейін №4 және 9 қазандық агрегаттарын күрделі жөндеуді, №7 қазандық агрегатын ағымдағы жөндеуді, сондай-ақ №8 және 10 қазандық агрегаттарын жаңғырту жөнінде тапсырма берді.

Жылу-электр орталығының басшылығына «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасы аясында №10 қазандықты салу мәселесін шешу тапсырылды. Сондай-ақ алдағы жылыту маусымының сапалы өтуі үшін жөндеу науқанын жүргізудің маңыздылығы аталып өтті.

– Біз өз тарапымыздан облыс­қа қажетті қаржылық қолдау жаса­дық. Бөлінген қаржы тиім­ділігін көрсетуі керек. Сіздердің есептеулеріңіз бо­йынша тарифті (жылу желісін және генерациялайтын көздерді) ұлғайту тұрғы­сы­нан ұсыныстарыңызға да қолдау көрсеттік. Жылу желілерін де қолдаймыз. Жағдайды жақсарту, тозуды азайту, сенімділікті арттыру үшін инвестициялар тартылуы керек. Жұмысты ширата түскен дұрыс. Ең бастысы, халқымыз қыстан қысылмай шығуға тиіс, – деді Р.Скляр.

Талап қойылды, ал оның орындалуын уақыт көрсетеді.

 

Ұлытау облысы