Кейінгі жылдары жылдамдық өлшейтін көше камераларының жаппай орнатылуына байланысты қала ішінде адам өліміне апарып соғатын көлік апаттары барынша сиреді. Бүгінгі проблема – қалааралық күрежолдардағы жол-көлік апаттары. Өкінішке қарай, олардың басым көпшілігі қайғылы жағдаймен аяқталып жатыр.
Мәселен, 23 тамызда Қызылорда облысының Шиелі ауданына қарасты Алмалы ауылының тұсында ГАЗель және «Nexiа» автокөліктері соқтығысып, салдарынан 5 адам қайтыс болып, 3 адам жарақат алды. Дәл осы күні «Самара-Шымкент» автожолында Алға ауданының Сарытоғай ауылына жақын жерде «Volvo» жүк көлігі мен ВАЗ-2110 автокөлігі соқтығысқан. Апат салдарынан 44 жастағы жеңіл автокөліктің жүргізушісі оқиға орнында алған жарақаттарынан қайтыс болды.
Ал 20 тамыз күні «Алматы-Екатеринбург» тасжолында 47 жастағы «Lexus LX470 «жүргізушісі тізгінге ие бола алмай аударылған. Жол-көлік апаты салдарынан 46 жастағы жолаушы оқиға орнында ажал құшса, жүргізушінің өзі және 35 жастағы жолаушы жедел жәрдем көлігінде қаза тапты. Тағы екі жолаушы ауруханаға жеткізілген.
Мұның барлығы еліміздің күрежолдарында күн сайын тіркеліп жатқан қайғылы көлік апаттарының кейбір мысалы ғана. Полиция қызметкерлері жылдамдықты асырмауды қанша ескертіп келе жатса да, ел ішіндегі апаттың саны азаяр емес. Енді не істемек керек? Ішкі істер министрлігі бұдан былай мұндай келеңсіздіктердің алдын алу үшін қала ішін тәртіпке келтірген камералар көмегіне жүгінуді жөн деп тауып отыр.
Атап айтқанда, жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша бақылауды күшейту мақсатында ІІМ Автомобиль жолдары комитеті мен «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ бірлесіп, белгіленген жылдамдық режімін асырған автокөліктерді тіркеу үшін қала сыртындағы жолдарда камералар жүйесін іске қосты. 33 «Zerek-2» бағдарламалық-аппараттық кешені әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімі жүйесімен интеграцияланған, яғни нұсқамаларды құқық бұзушыларға жіберу автоматты режімде жүзеге асырылмақ.
– Бүгінгі таңда «Zerek-2» кешені «Шымкент-Қызылорда», «Шымкент-Өзбекстан» шекарасы, «Шымкент-Тараз», «Тараз-Қайнар», «Қонаев-Талдықорған» және «Астана-Павлодар» автожолдарында жұмыс атқаруға дайын. Осындай бағдарламалық кешен «Көкшетау-Астана» тасжолында бұрын іске қосылған болатын және жолдағы құқық бұзушылықтарды тіркеуде жақсы нәтижелер көрсетіп жатыр, – дейді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Айта кетсек, осы жылдың жеті айында еліміздің жолдарында жеті мыңға жуық жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 200-ден астам адам қаза тапса, 8 500-ге жуық адам түрлі дәрежедегі жарақат алған. Оның ішінде жылдамдық режімін сақтамау салдарынан қала сыртындағы трассаларда 730 жол-көлік оқиғасы тіркелген. «Жоғарыда аталған жолдарда 25 тамыз күнгі сағат 00:00-ден бастап «Zerek-2» кешені штаттық режімде жұмысын бастайды. Сондықтан жүргізушілерден жылдамдық режімін және автокөліктер арасындағы қашықтықты сақтауды сұраймыз», деді Ақтоты Боранова.