• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Тамыз, 2023

Іште – «Сергек», сыртта – «Zerek»

183 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары жылдамдық өлшейтін көше камераларының жаппай орнатылуына байланысты қала ішінде адам өліміне апарып соғатын көлік апаттары барынша сиреді. Бүгінгі проблема – қалааралық күрежолдардағы жол-көлік апаттары. Өкінішке қарай, олардың басым көпшілігі қайғылы жағдаймен аяқталып жатыр.

Мәселен, 23 тамызда Қызылорда облысының Шиелі ауданына қа­расты Алмалы ауылының тұсында ГАЗель және «Nexiа» автокөлік­те­рі соқтығысып, салдарынан 5 адам қайтыс болып, 3 адам жарақат алды. Дәл осы күні «Самара-Шымкент» автожолында Алға ауданының Сарытоғай ауылына жақын жерде «Volvo» жүк көлігі мен ВАЗ-2110 автокөлігі соқтығысқан. Апат салдарынан 44 жастағы жеңіл автокөліктің жүргізушісі оқиға орнында алған жарақаттарынан қайтыс болды.

Ал 20 тамыз күні «Алматы-Ека­теринбург» тасжолында 47 жастағы «Lexus LX470 «жүргізушісі тізгінге ие бола алмай аударылған. Жол-көлік апаты салдарынан 46 жастағы жолаушы оқиға орнында ажал құшса, жүргізушінің өзі және 35 жастағы жолаушы жедел жәрдем көлігінде қаза тапты. Тағы екі жолаушы ауруха­наға жеткізілген.

Мұның барлығы еліміздің күрежол­дарында күн сайын тіркеліп жатқан қайғылы көлік апаттарының кейбір мысалы ғана. Полиция қыз­меткерлері жылдамдықты асырмау­ды қанша ескер­тіп келе жатса да, ел ішіндегі апаттың саны азаяр емес. Енді не істемек керек? Ішкі істер министрлігі бұдан былай мұндай келеңсіздіктердің алдын алу үшін қала ішін тәртіпке келтірген камералар көмегіне жүгінуді жөн деп тауып отыр.

Атап айтқанда, жол жүру қауіп­сіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бо­йынша бақылауды күшейту мақса­тында ІІМ Автомобиль жолдары комитеті мен «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ бірлесіп, бел­гіленген жылдамдық режімін асыр­ған автокөліктерді тіркеу үшін қала сыр­тындағы жолдарда камералар жүйесін іске қосты. 33 «Zerek-2» бағдарламалық-аппа­раттық кешені әкімшілік өнді­ріс­тердің бірыңғай тізілімі жүйе­сімен интеграцияланған, яғни нұс­қа­­ма­лар­ды құқық бұзушыларға жібе­ру автомат­ты режімде жүзеге асы­рылмақ.

– Бүгінгі таңда «Zerek-2» ке­шені «Шымкент-Қызылорда», «Шым­кент-Өзбекстан» шекарасы, «Шымкент-Тараз», «Тараз-Қай­нар», «Қонаев-Талдықорған» және «Астана-Павло­дар» автожолдарында жұмыс атқаруға дайын. Осындай бағдарламалық кешен «Көкшетау-Астана» тасжолында бұрын іске қо­сылған болатын және жолдағы құқық бұзушылықтарды тіркеуде жақсы нәтижелер көрсетіп жатыр, – дейді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Айта кетсек, осы жылдың жеті айында еліміздің жолдарында жеті мыңға жуық жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 200-ден астам адам қаза тап­са, 8 500-ге жуық адам түрлі дәре­жедегі жарақат алған. Оның ішінде жылдамдық режімін сақтамау салдарынан қала сыртындағы трассаларда 730 жол-көлік оқиғасы тіркелген. «Жоғарыда аталған жолдарда 25 тамыз күнгі сағат 00:00-ден бастап «Zerek-2» кешені штаттық режім­де жұмысын бас­тайды. Сондықтан жүргізушілерден жылдамдық режі­мін және автокөліктер арасындағы қашықтықты сақтауды сұ­рай­мыз», деді Ақтоты Боранова.