Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылында АЭС құрылысы мәселесі бойынша алғашқы қоғамдық талқылау өтті. Ауыл мектебінің мәжіліс залында өткен жиын халықтың көптігімен ғана емес, қызу пікірталасымен ерекшеленгенін сол ауылға барған біз де көрдік.
Негізінде, іс-шара туралы хабарландыру шілде айының соңында Алматы облысы, Жамбыл ауданы әкімдігінің сайтында жарияланған және талқылауға сол ауданның тұрғындары ғана шақырылған. Осыған қарамастан, талқылауға басқа аймақтардан келген жергілікті белсенділер мен журналистер әлдеқайда көп болды. Жергілікті тұрғындар мен белсенділер арасындағы пікірталас жиын басталмастан бұрын қызып кетті.
Алғашқы топ АЭС құрылысын қолдап, аймақтың дамуына серпін беріп, электр қуатының тапшылығын шешеді деп сенсе, әр өңірден келген белсенділер Балқаш көлінің экологиясына қауіп төнеді деген қорқынышын алға тартты. Балқаш пен АЭС жайлы бізде біраздан бері айтылып келеді. Осы саланың мамандары кешелекті ойлау керек екенін, экологияға, халықтың денсаулығына кері әсерін тигізбейтінін айтады. Электр энергиясы жетіспейтіндіктен, бұл мәселе жылдан жылға ушығып барады.
Осы жиынға қатысқан «Қазақстан атом электр стансалары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин АЭС жобасы кеше-бүгін емес, 1996 жылдардан бері қарастырылып келе жатқанын, қаржы тапшылығынан талқылау тоқтап қалғанын айтты. Одан беріде көршіміз Өзбекстан 2018 жылдың қыркүйегінде Ресеймен атом электр стансасын салу туралы келісімге қол қойып, Қазақстан шекарасына жақын орналасқан Жизақ облысындағы Тұзқан көлінде атом электр стансасын салуды жоспарлап отыр. Бірақ кейін станса құрылысын бастау 2022 жылға шегерілгені белгілі болды. Қазір «Атомстройэкспорт» ресейлік компаниясы Өзбекстанда АЭС салу үшін инженерлік жұмыстың екінші кезеңін жүргізіп жатыр.
«Екінші жоба Ақтауда болды, бірақ ол кезде де Үкімет түпкілікті шешім қабылдаған жоқ. Бізде әзірге базалық жылу генерациясы көмірге тәуелді. Оны атомның мүмкіндігімен ауыстыру керек. Бұл энергетикалық қауіпсіздік пен энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етеді, өйткені бізде уран көп, өткен жылы біз Қытай нарығы үшін француз технологиясы бойынша ядролық отын шығара бастадық», деді Т.Жантикин.
Ол АЭС орналастыруға үміткер он аймақтың ішінен Үлкен ауылының таңдалғанын айтты. «Бізден осы аймақты не үшін таңдағанымызды, мұның аймаққа не беретінін түсіндіруіміз керек. Бұл жергілікті тұрғындарға қандай артықшылықтар мен жеңілдіктер берілетінін түсіну үшін керек», дейді ол.
Сондай-ақ Т.Жантикин АЭС-тің Балқаш көліне тигізуі мүмкін әсері туралы, бұл жөнінде Су шаруашылығы комитетінен мәлімет сұралғанын айтып берді. Оның айтуынша, жыл сайын көл бетінен 18 млрд текше метр су буланып, стансаға жылына 63 млн текше метр жұмсалатыны белгілі болды. Бұл көлдің табиғи булану көлемінің 0,3 пайызы ғана екен. Демек Балқашқа қауіп төнеді деп қауіптенуге себеп жоқ. Сондай-ақ ядролық қалдықтарды кәдеге жарату технологиялары АЭС құрылысының құнына енгізілмек. АЭС-тің күрделі шығындары жоғары, бірақ оның қызмет ету мерзімін 80, тіпті 100 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік бар.
Өз кезегінде сөз алған Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас ауылдағы әрбір жиын АЭС-ті талқылаудан басталатынын айтты. Әкімнің айтуына қарағанда, кейінгі кезде бұл жобаны қолдайтындардың қатары көбейіп, сірескен мұз жіби бастағандай көңіл-күй қалыптасып келеді.
Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мүрсалова министрлік тек соңғы буын реакторларына басымдық беріп отырғанын, оның технологиясында Фукусимада болған апаттардың қателіктері ескерілгенін айтты. Таратып айтқанда, апатты жағдайда реакторды өшіріп, оны сумен толтыратын пассивті қауіпсіздік жүйесі бар. Сонымен қатар реакторлар радиоактивті заттардың сыртқа шығуына жол бермейтін қорғаныс қабықшасымен жабдықталыпты.
Министрлік өкілінің айтуынша, елде энергия өндіретін 133 нысан жұмыс істеп тұр, оның ішінде 48 жел электр стансасы мен 47 күн электр стансасы бар. Бұл қатар алдағы уақытта да көбейе береді. Бірақ жаңартылатын көздерден алынатын энергия тұрақты емес, бұл күн райы жағдайына байланысты. Жел болмаса, энергия жоқ. Күн болмаса, энергия жоқ. Ал бізге тұрақты энергия қажет. Г.Мүрсалованың айтуынша, қазіргі қоғамдық тыңдаулар болашақ атом электр стансасы алаңын жергілікті тұрғындармен талқылауды қамтиды. Ол бүгінге дейін ресми органдар тарапынан ешқандай жобалық құжат жарияланбағанын, яғни бұл қоғамдық тыңдаулар жария емес екенін растады. Қоғамдық тыңдаулар Экологиялық кодекспен реттеледі және оған Экология министрлігінің құрылымдары қатысады.
Энергетика министрлігі Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев өз сөзінде ең алғашқы қысымды су энергетикалық реакторы 1957 жылы АҚШ-та іске қосылғанын атап өтті. Сарапшының айтуынша, оның жұмыс істеген барлық кезеңінде шығарындыларды айтпағанда, артықшылықтар болған жоқ. Бұл ең сенімді атом электр стансаларының бірі болып саналады, Қазақстанның осы нұсқаны таңдауы да сондықтан.
«Осыдан 56 жыл бұрын Ядролық физика институтында ғылыми қысымды су реакторы іске қосылды. Осы жылдар ішінде еліміз энергия өндіруді үйренді. Мысалы, біз радиофармацевтикалық препараттарды шығарамыз. Онкологиялық науқастарды диагностикалау үшін керек», деді С.Сахиев.
Мұнан соң ауылдағы АЭС құрылысына қатысты Үлкен ауылының жұртшылығы да пікірін білдірді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, құрылыс электр қуатына қатысты мәселелерді шешіп қана қоймай, тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді. «Үлкенде тұрып жатқаныма 40 жылдан асты. Атом электр стансасының салынуын күтіп жүрмін. Бұл бізге керек, еліміздің болашағы үшін керек», дейді ауыл тұрғыны Рахима Қайырбекова.
Оның айтуынша, АЭС жобасына қатысты қауіп 1950 жылдарда, теледидарлардан туатын радиациялық қауіптер туралы әпсаналарға ұқсап барады. «Сол жылдары теледидарды матаға оранып отырып, көретіндер көп болыпты. Одан бері технология өзгерді, сонымен бірге оған қатысты қауіп те келмеске кетті. Қазір күнделікті тұрмысымызды микро толқынды пеш пен ұялы телефонсыз елестете алмаймыз. Меніңше, АЭС жобасына қатысты жағымсыз пікірлер де соған ұқсайды», дейді ол.
Белгілі қоғам қайраткері Мэлс Елеусізов Үлкен ауылының тұрғындарының жұмыссыздық пен сенімсіздікке байланысты мұңын жақсы түсінетінін айтты. Оның айтуынша, егер мемлекет ауыл тұрғындарына қамқорлық жасаса, АЭС жобасымен қатар Балқаштың да жағдайын ойлану керек. Қазақстанда 44 мұздақ ери бастады. Балқаш пен Іленің жағдайын бір-бірінен бөліп қарауға болмайды», дейді эколог.
Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева осындай тыңдауларды еліміздің басқа аймақтарында, атап айтқанда, Талдықорған, Алматы, Балқаш қалаларында өткізуді ұсынды. Оның пікірінше, бұл қоғаммен ашық диалогті қамтамасыз етеді, барлық мүдделі тараптардың пікірі мен мүддесін ескереді.
Ұзақ талас-тартыстан екі жақ бітімге келе алмады. Сырттан келген белсенділер жобаға қарсы болса, ауыл тұрғындары Үлкенде АЭС салуды қолдады. Жиын арасында біз сөзге тартқан ауыл тұрғындары қарсы болып жүрген топ өкілдері Үлкенде тұрмайтынын, олардың қай жақтан келгенін де білмейтінін айтты. Енді қоғамдық талқылау қорытындысы бойынша Алматы облысының мәслихаты шешім қабылдап, кейін бұл мәселені Үкімет қарайды.
Айта кетейік, бұған дейін Энергетика министрлігі өз аумағында АЭС салу мәселесіне жергілікті халықтың көзқарасын анықтау мақсатында қоғамдық талқылаулар өтіп жатқанын түсіндірді. Ал қоғамдық тыңдаулар, өз кезегінде, жобаның экологиялық сараптамасы кезеңдері бойынша кейінірек, жобалық құжаттама әзірленгеннен кейін өткізіледі. 2021 жылдың қыркүйегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында электр энергиясының тапшылығы елді көмір өндіру мен жаңартылатын энергия көздерінен басқа, негізгі сенімді генерация көздері туралы ойлануға мәжбүр ететінін айтты.
2023 жылдың ақпанында Алматы облысының Үлкен ауылында АЭС құрылысына қатысты алғашқы қоғамдық тыңдаулар өтті. 2023 жылдың сәуірінде Мемлекет басшысы МАГАТЭ бас директорымен атом электр стансасының құрылысын бөлек талқылады.
Осы жылдың маусым айында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев құрылысқа әлеуетті қатысушылар әлі де қарастырылып жатқанын және түпкілікті шешім қабылданбағанын айтты
Естеріңізге сала кетейік, ядролық технологиялардың әлеуетті жеткізушілерінің қысқаша тізіміне мыналар кіреді: HPR-1000 реакторы бар қытайлық CNNC компаниясы; APR-1400 реакторы бар кореялық KHNP; VVER-1200 және VVER-1000 реакторлары бар ресейлік Росатом; EPR-1200 реакторы бар француздық EDF.
АЛМАТЫ