Жетісу жеріндегі табиғи апат елді елең қылып қойды. Қарапайым тұрғындар күз жақындағанда баспанасынан айырылып, әлем-жәлем күйге түсті. Дегенмен облыс әкімдігі халықтың тілегін қалыс қалдырмаймыз деп отыр.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Ескелді ауданына қарасты Ешкіөлмес және Абай ауылдарындағы жаңбыр суы шайып кеткен үйлер толық тексеріліп, соған сай жұмыстар жүргізілуде. Қазір 89 үйге залал келтірілгені анықталып отыр. Оның ішінде 22 үй апатты деп танылып, сүрілуге жатады деген қорытынды шығарылған. Қалған үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде елді мекендердің көшелері мен тұрғын үй аулаларын батпақ пен қоқыстан тазарту жұмыстары аяқталған. 200 тұрғын үй аулалары тазартылып, 200 тонна қоқыс шығарылды. ТЖ салдарын жою шараларына жалпы саны 400 адам, 50-ден аса техника тартылған. Алдағы уақытта мұндай төтенше жағдайды болдырмау үшін канал арналарын тазалау, каналдың өткізу қабілетін ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 7 көшеде ұзындығы 12,7 шақырым автокөлік жолына орташа жөндеу жүргізіліп, 4 көшедегі 4 шақырым жолға көшені жарықтандыру тіректері орнатылады. Материалдық шығынын есептеу толық аяқталғаннан кейін аталған елді мекендердегі зардап шеккен тұрғындардың бәріне тиісті материалдық көмек көрсетіледі.
Айтпақшы, ауыл халқы Ескелдідегі бірнеше мәселені ашық айтып, жәрдемдесуін сұрап отыр. «Қарабұлаққа тартылған газ құбыры неге соның іргесіндегі Ешкіөлмеске жеткізілмейді? Бізге газ қашан келеді?» дейді тұрғындар. Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Әсет Қанағатовтың айтуынша, ауылға көгілдір отын 2024 жылы беріледі, яғни Ешкіөлмес ауылы жоспарда бар. Сол сияқты ауыл көшелерінің жайы да айтылды. Ешкіөлместегі Ушаков, Тынышбаев көшелері және «Санжар» сауда үйінен Кирзаводқа дейінгі ұзын көшеге орташа жөндеу жұмыстары жасалады. Қаражаты бөлінген. Тек мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысымен келіспеушіліктеріне байланысты мердігер компаниялардың өзара дауларын заң аясында қарау процестері жүріп жатыр. Бір шешім шыққаннан кейін мердігер анықталып, жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Ауыл балаларының Қарабұлаққа барып оқуы да қиындық туғызады дейді тұрғындар. Және Қарабұлақпен екі араға жүретін қоғамдық көліктің күніне екі рет қатынайтыны да аздық етеді екен. Осы орайда облыс әкімі бұл ауылға 200 орынды жаңа мектеп салу туралы шешім қабылданғанын жеткізді. Жаңа нысан 2024-2025 жылдары іске қосылады. Ал қоғамдық көлік облыс әкімінің тапсырмасы бойынша енді күніне екі рет емес, төрт рет жүреді.
Ескелді ауданында орын алған төтенше жағдайдың салдарын жою шараларына жастар да қолғабыс етті. Еріктілер ұйымдары алғашқы күннен-ақ көмек қорын ашып, эвакуацияланған азаматтарға және өз үйінде қалған зардап шегушілерге де азық-түлік, киім-кешек апарып, жәрдем жасады. Сол сияқты аулалардан су мен батпақ шығару, көше тазарту, қоқыс шығару жұмыстарын атқарған жеке құрам мен еңбек ұжымдарына ас әзірлеу ісіне атсалысты. «Jetisu jastary» орталығының «Eskeldi jastary» филиалының жетекшісі Серік Жолдыбаевтың айтуынша, филиал арнайы көмек қорын ашып, зардап шеккендерге қолдау көрсеткен. Сол сияқты Абай, Ешкіөлмес ауылдарында су басқан үйлерді тазалау жұмыстарына көмекке келген азаматтарға, атап айтқанда үш күннің ішінде жалпы саны 1 200-дей адамға Имам Ағзам мешітінде тамақ әзірлеуге көмек етті, бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Сол сияқты Lider.kz «Адал» еріктілер ұйымы да игі іске қол ұшын созды.
Жалпы, Ескелді ауданында су басқан аулалардан 6 024 текше метр су шығарылып, ұзындығы 450 метр арық жүйесі тазартылған. 120 үйдің ауласы тазартылып, 360 текше метр батпақ шығарылған. Ешкіөлмес және Абай ауылдарындағы аула аумақтары мен тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарымен бұдан әрі өз ретімен Ескелді ауданының әкімдігі айналысады.
Жетісу облысы