Магистратура мен докторантураға түсу емтихандары бұрын қалай болды, енді не өзгерді? Бұл сұрақтарға Асхат Аймағамбетов жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бұрын әр университет өз бетінше емтихан сұрақтарын әзірлеп, өздері емтихан қабылдап, тексеріп, оқуға қабылдау туралы бұйрық шығаратын. Өздеріңіз білетіндей бұрын ректорлық тізім болатын, тамыр-таныссыз оқуға түсу өте қиын еді» деп жазды ол Facebook желісінде.
«Біз магистратураға түсу емтихандарын ҰБТ сияқты бір орталыққа топтастырдық, емтихан қабылдау функциясын ректорлардан алып тастадық. Одан кейін электронды форматқа ауыстырдық. Сонымен қатар грант емтихан нәтижесі бойынша жиналған ұпайға қарай бөліне бастады. Осылайша ең жоғары балл жинаған талапкер грантқа ие болады да, университетті өзі таңдайтын болды», деп жазды ол.
Ол, сонымен қатар игерілмеген гранттар бойынша 2021 жылы емтиханды жазда ғана емес, желтоқсанда да өткізу мүмкін болғандықтан, бұл да білім алушыларға қолайлы болу үшін жасалғанын айтып өтті.
Осылайша салыстыра келе А. Аймағамбетов докторантура бойынша әлі де біраз тәуекел мен университеттердің ықпалы бар екенін айтып, оны қосымша қарау керек екенін атап өткен.
«Бірер жыл уақытта ондаған мың магистрант пен докторант оқуға түсті, тіпті оқуын аяқтап та үлгерді. Бұл реформалар жақсы өзгерістер әкелді деп ойлаймын», деп түйіндеді Асхат Аймағанбетов.