• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 27 Тамыз, 2023

«Шахмат негіздері» пилоттық жобасына 42 мектептің бастауыш сыныптары қатысады

404 рет
көрсетілді

Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі хабарлағандай, 2023-2024 оқу жылында «Шахмат негіздері» оқу бағдарламасын сынақтан өткізу жоспарланып отыр, деп жазады Egemen.kz.

Осыған орай тамыз айының 21-25 күндері  аралығында Астана, Шымкент қалаларында жалпы білім беретін мектеп педагогтеріне арналған «Шахматты оқыту әдістемесі» атты күндізгі оқыту семинарлары өткен. Оқыту Қазақстандық шахмат федерациясымен бастауыш сыныптардың оқу бағдарламасына шахматты кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі пилоттық жобаның шеңберінде (вариативтік компонент сағаттары есебінен) ұйымдастырылған.

Пилоттық жобаға Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар облыстарынан және Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, яғни еліміздің 7 аймағынан барлығы 42 мектеп қатысты.

«2023-2024 оқу жылында «Шахмат негіздері» оқу бағдарламасын сынақтан өткізу жоспарлануда. Пилоттық жоба аясында 42 мектеп қазақ тілінде оқытатын бірінші сыныптардың бірінде таңдау бойынша осындай курсты енгізеді деп күтілуде. Қазір бірінші сынып оқушыларына арналған курсты оқытумен айналысатын мұғалімдер қажетті оқытудан өтуде. Біз осы бағдарламаны енгізуден жақсы нәтиже күтеміз. Өйткені, шахматтың балалық шақтағы интеллекттің дамуына оң әсері бұрыннан ғылыми дәлелденген», деді дәріскер Олжас Менғали.

Пилоттық жоба «Freedom Broker» компаниясы – ҚШФ бас серіктесінің қолдауымен «Шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары» аясында жүзеге асырылып жатыр.