Елорданың «Барыс» хоккей клубы Ресейдің Омбы қаласында ұйымдастырылған «Блинов кубогінде» жеңіске жетті.
Құрлықтық хоккей лигасының жаңа маусымы алдындағы маңызды турнирде Андрей Скабелка шәкірттері соңғы ойында Нижнекамскінің «Нефтехимик» клубымен шеберлік байқасып, қарсыласын 3:1 есебімен тізе бүктірді. Елордалық клуб сапынан ойындағы үш шайбаны да биылғы маусымда «Барысқа» қайта оралған шабуылшы Роман Старченко соғып, хет-трик авторы атанды.
Осылайша, жерлестеріміз Омбыдағы турнирдің барлық матчында қарсыластарынан басым түсіп, «Блинов кубогінің» бас жүлдесін иеленді. Айта кетейік, «Барыс» ҚХЛ-дің 2023/2024 жылғы маусымындағы алғашқы ойынын 2 қыркүйек күні өз айдынында Өфенің «Салават Юлаев» командасымен өткізеді.