2021 жылы өткен халық санағының нәтижесінде Ресейде 591 мың қазақ тұратыны белгілі болды. Ал бейресми дереккөздер 1 миллионға жуық қазақ бар деген болжам айтады. Ресейлік қандастарымыз қоғамдық өмірдегі белсенділігімен ерекшеленеді. Олардың құрған қоғамдық ұйымдары ұлттың бірлігін арттыру, тіліміз бен мәдениетімізді дамытуға зор үлестерін қосып жатыр. Спорт саласында да саламатты өмір салтын насихаттап жүрген белсенді жастар аз емес. Солардың бірі – ресейлік қазақ жастары арасында шағын футбол лигасын құруға бастамашы болған Ренат Сәрсенов «Egemen Qazaqstan» газетіне арнайы сұхбат берді.
– Ренат, алдымен өзіңізбен жақынырақ таныссақ. Қай жерде дүниеге келдіңіз? Қайда білім алдыңыз?
– Мен Волгоград облысының Палласовка ауданы Комсомол кентінде дүниеге келгенмін. Осы аудандағы Қайсақ ауылында орта мектепті бітіріп, Волгоград медицина колледжінде арнаулы орта білім алдым. Сондай-ақ Волгоград мемлекеттік дене шынықтыру академиясын аяқтап, жоғары білімге ие болдым. Сүйегім – Тораңғыл Бегіс.
– Сіз Ресей қазақтары арасында шағын футбол лигасын құрды деп естідік. Сол жайында толығырақ айтып берсеңіз.
– Ең алғаш рет 2010 жылы шағын футболдан қазақтар арасында Ресей чемпионатын ұйымдастыру туралы идея пайда болған еді. Ол уақытта мен Волгоградта тұратынмын. Дегенмен осы ойымды Мәскеуге көшіп келгеннен кейін ғана жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Осылайша, 2022 жылы «Ресей қазақтарының футбол лигасы» қоғамдық ұйымын құруға бастамашы болдым. Маған бұл жұмыстарды ұйымдастыруға Сарытау облысының тумасы, бокстан спорт шебері Мерген Есенғалиев пен Мәскеудің футбол саласында танымал тұлға Нұрлан Бекетов көмек көрсетті.
– Қандай да бір жарыстар өтті ме?
– Әрине, осы ағаларымыздың қолдауымен былтыр мамыр айында тұңғыш турнирімізді ұйымдастырдық. Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованы еске алуға арналған шағын футболдан Мәскеу кубогіне тек қазақтардан құралған 8 команда қатысып бақ сынады. Алғашқы жарысты сәтті өткізгеннен кейін Мәскеу қаласында қазақтар арасында шағын футболдан Тұңғыш Ресей чемпионатын ұйымдастыруға шешім қабылданып, былтыр қыркүйек айында ол да жоғары деңгейде өтті. Біріншілікке Астрахан, Волгоград, Сарытау, Самар, Мәскеу, Орынбор, Омбы облыстары мен Алтай Республикасынан командалар қатысып, өзара кім мықтыны анықтады.
Біз мұнымен тоқтап қалмай, жуырда ғана 22-23 тамыз күндері Омбы қаласында екінші Ресей чемпионатын ұйымдастырдық. Оған еліміздің 9 өңірінен 19 команда қатысты. Жастар арасындағы сында тәжірибелі әрі танымал жаттықтырушы Манарбек Жаңабеков бастап келген Түмен облысының «Қайрат» командасы чемпион атанса, ардагерлер арасында «Омбы» құрамасы қарсылас шақ келтірмеді. Осы жарыстың бас демеушісі болған Жеңіс Садуовқа, техникалық демеушісі Қайрат Елеутаев басқаратын «Омбы» футбол лигасына және «Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымының жетекшісі Қуаныш Елеутаевқа алғысымызды білдіреміз.
– Әңгімемізді Ресейдегі қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігі жайында жалғастырсақ. Қазір жағдайларыңыз қалай? Ана тілімізде сөйлейсіздер ме, дінімізді, салт-дәстүрлерімізді қандай деңгейде ұстанасыздар?
– Бұл жақтағы қазақтардың тұрмысы жақсы. Көппен тең қатарда өмір сүріп жатырмыз. Қандастарымыз мәдениет және спорт саласындағы қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысып тұрады. Тілге келсек, өкінішке қарай, бәрі бірдей ана тілінде сөйлемейді. Дінді және дәстүрлерімізді ұстану жағы әр өңірде әрқалай. Мәселен, қазақтар көп қоныстанған өлкелерде салт-дәстүрді жоғары деңгейде ұстанады.
– Соңғы уақыттағы санкциялардан кейін тұрмыста, қоғамда қаншалықты өзгерістер бар? Атамекенге қоныс аудару туралы ой жоқ па?
– Өзгерістер тек қазақтарда емес, барлық адамның өмірінде болып жатыр. Украинада қақтығыс басталғанда көп танысым мен туысым Қазақстанға көшіп кетті, алайда кейбіреуі қайтып келіп жатты. Кімде қандай жағдай болып жатқанын білмеймін, әркімнің ойы мен ұстанымы әртүрлі. Менің айтарым, Қазақстан біздің тарихи атажұртымыз болғанымен, біз, ресейлік қазақтар, өз ата-бабамыздың жерінде тұрып жатқан халықпыз. Бабаларымыз баяғы заманнан осы өңірлерді мекен еткен. Сондықтан мен туып-өскен өңір – қазақтардың байырғы атақонысы.
– Ал жалпы Қазақ елімен қандай да байланыстарыңыз бар ма?
– Әрине, бар. Қазақстанда менің туыстарым тұрады. Сонымен бірге спорт саласында араласатын адамдарым көп. Осы жылдың өзінде атажұртқа екі рет барып қайттым.
– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
– Спорт саласында алға қойған жоспарларым өте көп. Соның бірі – келесі жылы шағын футболдан қазақтар арасында кезекті үшінші Ресей чемпионатын өткіземіз. Оның қай кезде және қайда өтетіні алдағы уақытта белгілі болады.
– Рахмет. Толағай табыс тілейміз.