Ғылым және жоғары білім министрлігі «Адами капитал – ел экономикасы өсуінің негізі» атты форум аясында Ғылым, жоғары білім, тіл саясаты бойынша секциялар өткізілді.
«Тіл саясатының өзекті мәселелері» атты секцияның жұмысына Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, өңірлердің тілдерді дамыту саласына жауапты басқармаларының басшылары, белгілі ғалымдар, тіл жанашырлары, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Алқалы жиынды ашқан вице-министр Талғат Ешенқұлов мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және оның қоғамдық қатынастардың барлық саласындағы рөлін күшейту бағытында жүйелі іс-шаралар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
– Әсіресе тіл саясатын тиімді іске асыруға бағытталған кешенді жұмыстарды мемлекеттік органдармен, ғалымдармен, қоғам белсенділерімен және тіл жанашырларымен бірлесіп атқаратын боламыз, – деді ол.
Елімізде тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасында атқарылар жұмыстың бәрі жан-жақты талданып, айқын көрініс тапқан. Құжаттың ғылыми сараланып, еліміздің нақты қаржылық мүмкіндіктеріне негізделгенін жиынға қатысушылар атап өтті. Осы тақырыпта баяндама жасаған Тіл саясаты комитетінің төрағасы, белгілі ғалым Ербол Тілешов жобаның әр тарауына жеке-жеке тоқталып өтті. Ең бастысы, жоба ресми талқылауға түскен сәттен бастап өңірлерде, жоғары оқу орындарында ғалымдар, тіл жанашырлары талқылап өз ұсыныс, пікірлерін айтты.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы тіл төңірегіндегі түйткілді мәселелерге тоқталып, мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімінің беделін көтеру керек деген ойымен бөлісті.
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабайдың айтуынша, бүгінгі құндылықтардың өміршеңдігі цифрландыру деңгейімен өлшенеді. Осы күнге дейін орталық әзірлеген 13 жобаны заман талабына сай жетілдіру қажет. ІТ-жобалардың жасанды интеллектіні мемлекеттік тілге бейімдеуге ықпалы зор. Осы бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табады.
Парламент депутаттары Бибігүл Жексенбай, Жанарбек Әшімжан, Жұлдыз Сүлейменова, Таңсәуле Серіков талқылау барысында еліміздің жоғары өкілетті органында тіл саясатын іске асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Сондай-ақ осы бағыттағы бастамаларды қолдауға әзір екендерін білдірді.
Қоғам белсендісі Оразкүл Асанғазы мемлекеттік мекемелердің құжат айналымындағы қазақ тілінің үлесі өспей отырғанына қынжылыс білдірді. Әсіресе көшедегі жарнамалар мен қызмет көрсету саласы қазақша «сөйлемей» отырғанын жеткізді. Қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір тілдің заңдық тұғырнамасы болу керектігін баса айтты. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанның нақты ұсыныстары да көпшілік көңілінен шықты.
Жетісу облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Ермек Ақшабаев, Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин, Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов, Ақтөбе облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Клара Серғазина мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында атқарылып жатқан нақты істер жөнінде баяндады.
Сонымен қатар ортақ істе кедергі болып отырған жайттар да қозғалды. Мәселен, облыстық тіл басқармаларын оңтайландыру мен тіл оқыту орталықтарындағы мамандардың төмен жалақысы өзіндік кедергісін келтіріп отыр. Бұл өз кезегінде мамандардың тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейді. Жоғарыда аталған мәселелерді шешуге Парламент депутаттары өз тарапынан көмек беретінін жеткізді. Форумның тіл саласына арналған секциясында талқылаған мәселелер мен қабылданған қарар мемлекеттік шешімдерге оң ықпал етеді деп сенеміз.