• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Құтқарушы 28 Тамыз, 2023

Қарағандыда әскерилер бес жасар баланы өрттен құтқарды

214 рет
көрсетілді

Қарағанды өңірлік гарнизонының әскери полиция басқармасының үш қызметкері жанып жатқан пәтерден бес жасар баланы құтқарып қалды. Олардың бұл әрекеті әлеуметтік желілердегі жарияланымдардан белгілі болды, деп жазады Egemen.kz.

Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметінің ақпаратынша, сержант Жандос Айтқали, ефрейторлар Ізбасар Төлеутай мен Шыңғыс Ерқанат 25 тамызда таңертең қызметке бара жатып, терезелері отқа оранып, түтін шығып жатқан бірінші қабаттағы пәтерді байқаған. Оқиға орны маңайында ер адамдар болмай, бірнеше әйел көмекке шақырып тұрған еді.

«Көшеде біз үстіндегі киімі күйіп кеткен 6-7-лер шамасындағы баланы көрдік. Ол әбден қорқып қалған. Бізге інісі үйде қалғанын айтты. Терезеден пәтерге кірдім. Қатты түтіннен көзім жасаурап, ауа жұту үшін терезеге бірнеше рет жақындауыма тура келді, суға малынған орамал мен фонарь алып қайта кірдім. Үшінші рет кіргенде ғана түпкі бөлмеде мысығын құшақтап, қорқып отырған баланы таба алдым», дейді Жандос Айтқали.

Әскерилер баланы мысығымен қоса сыртқа шығарған. Көп ұзамай өрт сөндірушілер келіп, өртті сөндіруге кіріскен.

Төтенше жағдайлар министрлігіне әскери қызметшілерді марапаттау үшін ведомстволық награда табыстау туралы ұсыныс жіберілді.