Санаулы күндерден кейін Қытайдың Ханчжоу қаласында жазғы Азия ойындарының алауы тұтанады. Азияның Олимпиадасына айналған дүбірлі дода жақындаған сайын Сары құрлық сайысында ел намысын қорғайтын спортшылардың есімдері белгілі бола бастады.
Бүгін біз Қытай татамиінде өнер көрсететін дзюдошыларды таныстырамыз. Еліміздің ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов Қытайдағы осы жылдың басты додасында мына балуандарға сенім артпақ: ересектер арасындағы әлем чемпионы, жуырда ғана елімізде өткен «Grand Slam» додасының жеңімпазы, «Grand Prix» турнирінің үздігі Мағжан Шамшадин (60 кг), 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, екі дүркін Азия біріншілігінің қола жүлдегері, «Grand Slam» және «Grand Prix» додаларының жеңімпазы Ғұсман Қырғызбаев (66 кг).
Сонымен қатар Азия чемпионы Данияр Шамшаев (73 кг), халықаралық жарыстардың жүлдегері Абылайхан Жұбаназар (81 кг), 2018 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы Дидар Хамза (90 кг), былтырғы Азия чемпионатының қола жүлдегері Нұрлыхан Шархан (100 кг) және биылғы «Қазақстан барысы» додасының жеңімпазы Ғалымжан Қырықбай (+100 кг) Қытайда белдеседі.