Теннисші Григорий Ломакин Тайландтың Накхонситхаммаратта қаласында ұйымдастырылған ITF санатындағы турнирдің чемпионы атанды.
Дүниежүзілік рейтингте 1057-орында тұрған жерлесіміз жүлде қоры 15 мың АҚШ долларына бағаланған жарыс барысында бес теннисшімен кездесіп, барлығын тізе бүктірді. Финалдық сайыста 25 жастағы Г.Ломакин әлемнің 680-ші, осы доданың 3-ракеткасы ретінде тіркелген жарыс қожайыны Касидит Самреймен бас жүлдені сарапқа салды.
Бірінші партияда жерлесіміз тай-брейкте мықтылық танытып, қарсыласынан 7:6 (7:2) есебімен басым түсті. Ал екінші сетте Касидит Самрей 4:6 есебімен есе қайтарғанымен, шешуші сетте Ломакин жеңісті жұлып алды – 6:3.