Елімізде тарихи референдум арқылы Ата Заңымызға заман талабына сай өзгерістер мен толықтырулар енгізілгелі жылдан астам уақыт өтті. Одан бері мемлекеттің саяси сахнасында және құқық қорғау саласында бірқатар реформа жасалды. Жаңа үлгідегі Конституция демократиялық елдің, халық үніне құлақ асатын мемлекеттің іргесін бекіте түсті. Конституция күні қарсаңында бірқатар жауапты тұлғалар мен сарапшы мамандарды әңгімеге тартып, ел өміріндегі елеулі өзгерістер жайында пікірін білген едік. Дөңгелек үстелге Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова, Сенат депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Евгений Больгерт, Мәжіліс депутаты, заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Бәшімов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тілеген Садықов, «Қазақстандық заңгерлер қауымдастығы» РҚБ атқарушы директоры, Жоғары сот кеңесінің судьяларды таңдау бойынша комиссияның мүшесі Серік Беркамалов қатысып, еліміздегі ең басты құқықтық құжаттың басты мақсаты туралы ой-пікірлерін ортаға салды.
Ата Заң – уақыт талабына сай
Эльвира ӘЗІМОВА:
– Жаңарған Конституция қоғам мен мемлекетті одан әрі жаңғырту үшін қажетті құқықтық негіздерді қалады. Мұның қатарында саяси өзгерістер, мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін және құқық қорғау тетіктерін арттыру бағыттары бар. Соның ішінде, Мемлекет басшысының ұйытқы болуымен жасалып жатқан кең көлемді реформалардың басты бағыты – Президент өкілеттілігін қысқартып, Парламенттің рөлін арттыру және шешім қабылдау үрдістеріне азаматтардың қатысуын қамтамасыз ету. Енді ауыл әкімдері тікелей дауыс беру арқылы сайланады, ал саяси партиялардың Мәжіліске өту межесі 5%-ға дейін қысқарып, үміткерлерге бір мандатты округтер бойынша сайлауға түсуге мүмкіндік берілді. Бұл біздің еліміз үшін мәні орасан зор оқиға. Өйткені қазіргі күні азаматтар сенімнен шыққан депутаттардың мандатын қайтарып алуға құқылы.
Саяси партияларды тіркеу процедурасы жеңілдетіліп, демократиялық үдерістерге түрлі дауыстардың кеңінен қатысуына мүмкіндік беріліп отыр. Өз-өзін ұсыну мүмкіндігінің енгізілуі әлеуетті саяси жетекшілердің көбеюіне ықпал етіп, инклюзивті және алуан түрлі саяси ортаның қалыптасуына себепші болды. Мұның бәрі Ата Заңымыздың кемелденгендігінің белгісі.
Евгений БОЛЬГЕРТ:
– Конституция – мемлекет жүйесін, оның саяси жүйесін құру үшін ең басты іргетасымыз. Қоғамдағы, күнделікті тіршілігіміз бен өміріміздегі ең маңызды қарым-қатынастарды реттейтін құрал. Әлемнің көптеген елінде біздің түсініктегі Конституция, яғни мемлекеттің барлық саласын қамтитын ортақ басты заң жоқ. Ата Заңымыз қазіргі таңда өз заманына сай жетілген құжат болып саналады. Өзім Сенаттағы Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі болғандықтан, бүгінде кәсіби қызметіміздің басым бөлігі өткен жылы референдум арқылы енгізілген өзгерістерді іске асырумен байланысты болып отыр. Бұл конституциялық өзгерістер сайлау жүйесі, биліктегі жоғарғы басқарушы органдардың мәртебесі секілді маңызды салаларды қамтиды. Сондықтан олардың жүзеге асуы Ата Заңымыздың өміршеңдігіне тікелей байланысты.
Конституцияға енгізілген өзгерістердің құқық саласы үшін де маңызы өте зор. Өйткені сот жүйесі, соттардың мәртебесі қайта қаралып, заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы заң қабылданды. Ол өз кезегінде «Прокуратура туралы» конституциялық заңға да өзгерістер енгізуге мәжбүр етті. Конституциялық сот құрылды. Міне, қоғамның қайта түлеп, заман көшіне ілесуіне түрткі болған Ата Заңымыздың 28 жылдық межесіне келіп қалдық. Жалпы айта кетейін, алдағы уақытта сарапшылардың басын қоса отырып, аталған өзгерістер бойынша нені жүзеге асыра алдық, алда не күтіп тұр деген мәселені әлі де талқылауымыз керек.
Марат БӘШІМОВ:
– Мен Конституциялық сот төрағасының сөзін қостап, бір мандаттық округ бойынша сайлану тетігінің пайда болуын еліміздің саяси тұрғыда дамудың келесі сатысына өткендігі деп айтар едім. Бұрын Парламентте партия жүйесі ғана болатын. Бірақ Конституцияда жазылғандай, әр азамат партия қатарында болмаса да, өз-өзін ұсынуға құқығы бар. Бір мандатпен сайланған азаматтардың Парламентке еніп, депутаттар қатарының 30 пайызын құрап отырғаны – үлкен жетістік. Олар бір жылдан кейін халықтың алдында өзінің атқарған еңбегі бойынша жауап беруі керек. Қоғам алдында лайықты жолмен депутат болғандығын дәлелдеу үшін олар қазіргі күні депутаттық сауалдар жолдап, мәселелер көтеріп, өздерін жан-жақты көрсетіп жатыр. Яғни атқарып жатқан жұмыстары бар. Қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіну жақсы нәтиже емес пе? Ал партияларға келсек, Парламентке 6 партияның өткені демократиялық қағидаттар орындалып жатқанын көрсетсе керек.
Дала заңдарымен үндескен құжат
Тілеген САДЫҚОВ:
– Осыдан 28 жыл бұрын, яғни 1995 жылдың 30 тамызында республикалық референдум нәтижесінде ел Конституциясы қабылданды. Содан бері Негізгі заң елімізде азаматтық қоғамның қалыптасуына, құқықтық жүйенің орнығуына ықпал ететін, сондай-ақ басқару билігінің құрылымы мен ұлттық заңнамалардың дамуын, түрлі қоғамдық институттардың жолға қойылуын қамтамасыз ететін құнды құжат ретінде қызмет атқарып келді. Тарихтан белгілі, мемлекетіміздің қалыптасу жолында Ата Заңымыз бірнеше рет қабылданып, қоғам талқысынан өткені мәлім. Жалпы, Қазақстанның конституциялық даму үдерісін бірнеше тарихи кезеңге бөлуге болады. Олардың әрқайсысы конституциялық құқықтың белгілі бір қайнар көздерінің даму уақытына сай келеді.
Ұлан-ғайыр далада үстемдік құрған сақ, ғұн тайпаларының өздеріне тән жүйелі әскери тәртібі, таза адамгершілік жолына құрылған заңдары болғаны тарихтан мәлім. Берісін айтқанда, іргесі ХV-ғасырда қаланған Қазақ хандығы тұсындағы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз-Тәукенің «Жеті жарғысы», бертіндегі «Абылай жолы» атанып кеткен дала заңдарының жинағы қатаң әскери реформа, ұжымдық жауапкершілік, аманат пен антқа адалдық, опасыздық және қиянаттан сақ болу, бұйрыққа бағыну және оны мүлтіксіз орындау секілді құндылықтарға негізделген. Қазақ хандығы да осы жүйе негізінде құрылып, дамыды.
Жаңа тарихымызда еліміздің алғашқы Конституциясы 1926 жылы негізі қаланып, кейін 1937, 1978 жылдары қайта қабылданды. Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Ата Заңы 1993 жылы өмірге келгені мәлім. 1995 жылғы Конституцияның 1993 жылғы құжаттан айырмашылығы – жаңа Ата Заңымызға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен бастап одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енгізілген. Мұның бәрі де уақыттың сұранысы мен заманның ағымына, елдің алға қарай қарыштап дамуына, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігінің оңалуына мемлекет тарапынан берілген кепілдік ретінде қабылданғаны хақ. Бұл құндылықтар жоғарыда аталып өткен қазақтың дала заңдарымен үндесіп жатыр.
Евгений БОЛЬГЕРТ:
– Рас, ел Конституциясының тарихы тереңде жатыр. Уақыт өтіп, дүние дамыған сайын қандай құжат та өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет ететіні сөзсіз. Осы тұрғыда кейбір адамдар қазіргі Конституциямызға 6 рет өзгеріс енгізілгенін айтып, соны сын садағына алуға асығып тұрады. Бірақ біз сол өзгерістердің санына емес, оның мазмұнына, мемлекетімізге қандай артықшылықтарды алып келіп жатқанына назар аударғанымыз дұрыс. Мен сіздерге Үндістанның Конституциясын мысалға келтіргім келеді. Ол әлемдегі ең көлемді құқықтық құжат болып саналады және қабылданғалы бері оған 100-ден аса өзгерту мен толықтыру енгізілген. Егер уақыт соны талап етіп тұрса, ел үшін қандай да бір пайда болса, өзгеріс енгізіп, Конституцияны заман көшіне сай дамытып отыру – қалыпты құбылыс.
Конституциялық сот – келелі орган
Марат БӘШІМОВ:
– Қазір халық үлкен өзгерістерді күтіп отыр. Өткен жылғы конституциялық реформалар нәтижесінде қоғам үшін қандай пайдалы жаңалықтар болады, қандай нәтижелі заңдар қабылданады деген сауал әркімнің көкейінде жүр. Мен өз басым кейінгі жылдары қолға алынған реформалардың бәрі мемлекетімізге, қоғамға, халыққа, балаларымыздың болашағына пайдалы жағынан жұмыс істейтініне сеніммен қараймын. Өзім Парламентте құқық саласына қатысты 15-тен аса ұсыныс жасаған болатынмын. Соның бірі – Конституциялық соттың керегі жайында. Өйткені дүниедегі дамыған мемлекеттерде адам құқығы жөніндегі ең жоғарғы институт сол. Осы жемісті бастама іске асып, жыл басында Конституциялық сот жұмысын бастап, құқық қорғау саласына өз үлесін қосып жатыр.
Эльвира ӘЗІМОВА:
– Конституциялық соттың құрылуы – өткен жылғы конституциялық реформа нәтижелерінің бірі. Бұған дейін 1992-1995 жылдары елімізде Конституциялық сот жұмыс істегені белгілі. Қайта оралған бұл органның ерекшелігі – бізге ендігі уақытта мемлекеттік билік субъектілерімен қатар, әрбір азамат жүгіне алады.
Елімізде биліктің үш тармағы бар екені белгілі: заң шығару, атқарушы және сот. Ал Конституциялық сот осы тармақтардың ешқайсысына да жатпайды. Оның қызметі мемлекеттік билік жүйесіндегі тепе-теңдікті нығайтуға бағытталған. Осы мақсатта заңдар мен басқа да нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігі тексеріледі.
Біз жұмысымызды биыл 1 қаңтардан бастадық. Содан бері 7 ай уақыт белсенді режімде өтті. Азаматтар тарапынан 4 мыңдай арыз түсті. Дегенмен олардың басым бөлігі Конституциялық соттың құзіретіне жатпайтын мәселеге қатысты болғандықтан кері қайтарылды. Оның ішінде соттың үкімі мен шешімін өзгерту, әлеуметтік мәселелерді шешу секілді өтініштер бар. Ол біздің қызметімізге қатысты болмаса да, азаматтарға заң тұрғысында жан-жақты түсініктемелер берілді.
Осы аралықта судьялар азаматтар тарапынан түскен арыздардың төрттен бірін қарап үлгеріп, 23 арыз бойынша шешім шығарды. Қазіргі күні 40 іс қаралу үстінде. Бұл көрсеткіштер Конституциялық соттың азаматтар үшін ашықтығы мен қолжетімділігін көрсетсе керек. Салыстырмалы түрде айта кетсек, бұған дейін Конституциялық кеңес 27 жылдың ішінде 140 шешім ғана шығарған болатын. Оның үстіне оған жеке азаматтар жүгіне алмайтын еді.
Дегенмен мына нәрсені айта кету керек, Конституциялық сот азаматтардан, ұйымдардан, мемлекеттік органдардан, лауазымды тұлғалардан тәуелсіз мекеме, сондықтан тек Конституцияны және өзінің конституциялық заңын басшылыққа алып жұмыс істейді және қандай жағдайда да соттардың және басқа да мемлекеттік органдардың құзыретіне кіретін мәселелерге араласпайды.
Зайырлы елдің ұстанымы
Тілеген САДЫҚОВ:
– Конституцияның 1-бабының 1-тармағында көрсетілгендей, бүгінгі саясаттың басты бағыты – мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы болып саналатын әрбір адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының құндылығы туралы конституциялық мәселенің дәйекті түрде іске асып, заңдық тұрғыда қорғалуы. Елімізде орныққан этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделі қазіргі күні әлемдік деңгейде мойындалды. Бұл модель барлық елге үлгі болып, қазіргі уақытта толықтай зерттелу үстінде. Этносаралық келісімнің қайнар көзі Ата Заңда жатыр, сонымен қатар қабылданған әртүрлі заңдар мен нормативтік актілермен реттелген.
Бүгінде толыққанды даму жолына түскен мемлекетіміз әлемдік қауымдастықтың белді мүшесіне айналды. Мемлекеттің қоғамдық-саяси ахуалы мен қуатты экономикалық жағдайының тұрақты дамуына қазақстандық бірегейлік пен бірліктің ықпалы зор. Конституцияда этностық азшылық құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық өлшемдерге жауап беретін қоғамдық келісім мен этносаралық толеранттылықтың отандық үлгісінің құқықтық негізі қаланды. Осының негізінде, еліміздің мемлекеттік ұлттық саясаты қоғамдық келісім конституциялық қағидасына негізделе отырып, жалпы адамзаттық тұжырымдарға сәйкес халықтың біртұтастығын қалыптастыруға бағытталды. Елімізде этносаралық татулықтың салтанат құруы – мемлекеттің негізін құрайтын қазақ халқының саяси мәдениетінің биік деңгейге көтерілгенінің белгісі. Біле білсек, толеранттылық – үлкен құндылық!
Серік БЕРКАМАЛОВ:
– Өзара татулық, ұлтаралық және дінаралық келісім жайында сөз қозғалып жатқанда мен бүгінгі күні қоғамда, әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, пікірталас тудырып жүрген мәселе жайында заңгер ретінде пікір білдіргенді жөн көріп отырмын. Атап айтқанда, мектептерде діни рәсімдерді өткізуге жағдай жасауға, оқушыларға белгілі бір дінге жататындығын көрсететін киім мен атрибуттар киюге шақырулар күшейе түсті. Конституциямыздың аясында, заң бойынша осы мәселені қалай шешу керек? Діннің білім беру жүйесіндегі орны туралы сұраққа жауап Конституциямыздың бірінші бабында тұр: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары».
Бұған қарап отырып, біз бір жағынан елдің басты құндылығы – адамның құқықтары мен бостандығы, соның ішінде ар-ождан бостандығы екенін, ал қандай да бір дінді ұстану немесе ешқандай дінді ұстанбау осының ішіне кіретінін түсінеміз. Екінші жағынан, еліміз зайырлы мемлекет болғандықтан, дін – мемлекеттен бөлінген. Бұл жерде ешқандай қайшылық жоқ.
«Менің балам мектепке хиджабпен барады немесе мүлдем бармайды» деу – Конституция талаптарын тікелей бұзу. Зайырлық талаптарын былай қойғанда, тіпті қай дінді алсақ та, кішкентай баланың діни рәсімдерді орындауы үшін белгілі бір жасқа толуы керек. Мысалы, исламда намаз оқу, ораза ұстау, қажылыққа бару, орамал тағу секілді амалдар балиғат жасына толғаннан кейін ғана міндет. Өйткені діннің өзі құдайға құлшылық етуі адамның ақыл-есі толыққаннан кейін болатын амал екенін көрсетіп тұр.
Расында, зайырлық – діннің де, мемлекеттің де баяндылығы, дамуы мен жаңғыруы үшін ең басты ұстаным. Тек оны дұрыс насихаттап, елге дұрыс жеткізу керек. Сондықтан зайырлы ел екенін ұмытпауымыз керек.
Марат БӘШІМОВ:
– Жоғарыда аталған барлық мәселе Ата Заңымыздың аясында, бүгінгі жүргізіліп жатқан саяси, құқықтық реформалар шеңберінде дұрыс шешімін табады деп сенеміз. Сөзімнің соңында қазіргі Парламенттің жұмысы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жанданғанын айтып өткім келеді. Бір комитеттің өз ішінде де қызу пікірталас өрбіп жатады. Мәселен, елге игілігін тигізеді деп күтіп отырған жұмыстардың бірі – заңсыз иемденілген активтерді қайтаруға қатысты заңның қабылдануы. Ол жерде Еуропада кеңінен қолданылатын азаматтық тәркілеу институты іске қосылып отыр. Мемлекет сені «жемқорсың» деп кінәламайды, тек қолыңдағы мүлкіңнің қайдан келгенін дәлелде деп талап қояды. Заңды жолмен тапқан дүниең болса, дәлелдеп бер де әрі қарай тыныш өмір сүре бер. Дәлелдей алмадың ба, онда жемқорлықпен айналысқан болып саналасың да, мүлкіңді мемлекетке қайтарып беруге міндеттісің. Бұл әділеттілікке өте сай. Осы бағытта жақында үлкен жұмыс басталады. Қазір жемқорлардан қайтарылған ақшаларды негізінен мектеп құрылыстарына жұмсап жатырмыз. Енді алдағы уақытта оларды халықтың әлеуметтік жағдайын түзеуге арнасақ, халықтың әл-ауқатын көтеруге үлкен септігін тигізер еді. Ата Заңымыздың да ең басты мұраты осы емес пе?
Дөңгелек үстелді жүргізген
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»