Күзде күрес түрлерінен өтетін әлем чемпионатына қатысатын балуандар белгілі болды, деп хабарлайды Egemen.kz Қазақстан күрес федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қыркүйек айының 16-24 аралығында Сербияның астанасы Белград қаласында күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Келесі жылы жалауы желбірейтін Париж жазғы олимпиадасына лицензия берілетіндіктен бұл жолғы әлем біріншілігінің даңқы да, дақпырты да жоғары.
Грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Юрий Мельниченко 55 келі салмақта Марлан Мұқашев, 60 келіде Олжас Сұлтан, 63 келіде Мамырбек Мұхамедәли, 67 келіде Алмат Кебіспаев, 72 келіде Ибрагим Магомадов, 77 келіде Демеу Жадраев, 87 келіде Нұрсұлтан Тұрсынов, 97 келіде Сырлыбай Олжас, 130 келіде Әлімхан Сыздықовты додаға қосуды жөн деп тауыпты. Еркін күрес құрамасының бас бапкері Мадияр Құрамысов ел сенімін ақтайды деп Мейрамбек Қартбай (57 келі), Дастанбек Өсімжан (61 келі), Әділ Оспанов (65 келі), Санжар Досжанов (70 келі), Нұрқожа Қайпанов (74 келі), Болат Сақаев (79 келі), Азамат Дәулетбеков (86 келі), Ризабек Айтмұхан (92 келі), Әлішер Ерғали (97 келі), Юсуп Батырмырзаевқа (125 келі) үміт артпақ.
Әйелдер күресінен 50 келіде Марал Тәңірбергенова, 53 келіде Алтын Шағаева, 55 келіде Марина Седнева, 57 келіде Айнұр Әшімова, 59 келіде Диана Каюмова, 62 келіде Ирина Казюлина, 68 келіде Елена Шалыгина, 72 келіде Жәмила Бақбергенова, 76 келіде Іңкәр Жанатаева күреседі. Әйелдер күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сағадиев осы қыздарға ел үмітін арқалатпақ.