• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Тамыз, 2023

Еңбегі барды ел ұмытпайды

364 рет
көрсетілді

Жезқазғаннан 160 ша­қы­рым қашықтықта орна­ласқан «Жомарт» кені­ші – «Қазақмыс» корпо­рация­сының өз қаржысына салып, пайдалануға берген кен орны. 2006 жылы 3 нау­рызда осы жерден алғаш рет кен алынды. Ал бұған дейін қаншама жұ­мыс атқарылды десе­ңізші!

Жапан түзге барып түрен сал­ғандардың арасында тау-кен инженері Жайлаубай Сы­на­саповтың есімі айрықша аталатын. Өйткені ол алғашқы сәттен бастап кенішті пайдалануға бергенге дейінгі барлық істің басы-қасында жүрген азамат еді.

Ж.Сынасапов еңбек жолын 1985 жылы Қарағанды политехникалық институтының Жезқазған филиалын бітірген соң, Жезқазған шахтопроходкалау тресінде тау-кен шебері бо­лудан бастады. Кейін ісіне мы­ғым, білікті маман қызмет сатысында көтеріліп, бірқатар бас­шылық лауазымда да болды. II және III дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Бір ғажабы, ол қандай лауазымда жүрсе де өзін ешқашан қатардағы жұмыскерден жоғары ұстаған жоқ. Мұны сол жұмыскерлер әлі күнге айтады. Өкініштісі сол, Ж.Сынасапов 2013 жылы өмірден озып кетті.

«Қашан болсын арамызда жүрді, істің ыңғайын қалай жүргізсе дұрыс болатынын ақылдасып отырудан арланбады, өзімбілемдікке салынбады. Бұл кез келген басшыда кездесе бермейтін алабөтен ерекше қасиет еді. Жұмысқа келгенде ол ең алдымен әрқайсымыздың аман-саулығымызды, отбасымызда не болып жатқанын сұрайтын», деп ол туралы Жанат Нүркеев, Жұ­мабек Баймұханов, Талғат Ырыспаев есімді жұмыскерлердің еске алғанына куә болғанымыз да бар еді. Жайлаубай Сынасаповтың рухына деген әріптестерінің көңілі сол қалпында сақталып қалғанына жуырда тағы бір мәрте көзіміз жетті.

«Жомарт» кенішінде ашыл­ған аллеяға Жайлаубай Құл­шан­ұлының есімі беріліп, ескерт­кіш тақта орнатылды. Ол еңбек еткен трест қа­зір Социалистік Еңбек Ері Ғазиз Омаровтың есі­мін иеленеді, «Ғ.Омаров атын­дағы Шахтопроходкалау тресі» деп аталады. Ал өзі бастан-аяқ құ­рылысын қолымен атқарған «Жаман Айбат» кеніші де атауы­н өзгертіп, «Жомарт» атанған бү­гінде.

Аллеяның ашылу салтанатына жиналғандар Жайлаубай Құлшанұлы туралы тебіреніске толы естелік айтты.

«Жайлаубайдың жүрегінің ақтығы әрқашан сезіліп тұратын. Ол кісіде өтірік айту, жалған сөйлеу деген болмайтын. Айтса, айт­қан сөзінде тұратын. Сол себепті де жұмыскерлер оның айналасына үйірсектеп, жанына жақын жүретін. Әдетте бастық келе жатыр десе, көзге көрінбеуге тырысатынымыз рас қой. Ал Жәкеңнің жөні бөлек-тін. Жұмыстан сәл босағанда айтатын әңгімесі қандай әдемі еді. Әзіл әңгіме айтып, өзі де күліп, өзгені де күлдіріп дегендей бір рақаттанып қалушы едік. Оның күлкісі де ерекше болатын. Ол күлгенде рақаттана күлетін, ал жұмыстың реті болмай қалғанда, болмаса жұмыскерлердің әлдебір мәселелері туындаса, барынша мұңаятын. Ол бізге сонысымен қадірлі еді», дегенге тоқайласты.

«Еңбегі барды ел ұмытпайды» деген осы. Әрине, бұл ретте кешегі әріптестерінің рухын әспеттей білген Ғ.Омаров атын­дағы Шах­топроходкалау тресі бас­шы­лы­ғының көрегенділігін айта кет­кеннің де артығы жоқ.

 

Ұлытау облысы