«Қазақ вальсінің патшасы» атанған Шәмші Қалдаяқовтың қай әні де жүректі тербетер сырлы сазымен ғана емес, қызықты тарихымен де тыңдарманын елітіп әкетеді. Әр әнінде әсемдік әдіптеліп, сыршылдық әспеттелетін композитор туындыларының ішінде әсіресе «Сыған серенадасының» орны ерек. Сазы да, сыры да бөлек туынды жарыққа шыққанынан-ақ ән төңірегінде түрлі әңгімелер де қатар ерді.
Соның бірі – «Шәмші сыған қызына ғашық болып, тіпті соңынан еріп ен далаға – таборға кетіпті» деген сыңайдағы алып-қашпа сөздер де көп. Бұл болжамды белгілі ақын Исраил Сапарбай жазып, Алматыдағы М.Әуезов атындағы ұлттық театр сахнасында әлі күнге дейін жүріп жатқан әнмен аттас қойылым тіпті қоюландырып жіберді. Шәмші шынымен сыған қызы Изольдаға ғашық болған ба? Аталған дерек қаншалықты дәйекті? Әлде бұл ақын ойынан шығараылған бейнелі болжам ғана ма? Шындық пен шығармашылық қиялдың шекарасы қай жерде?
Көпшілік көкейіндегі осы тектес сан сауалға, алыпқашпа әңгімелерге композитордың жары Жәмила Қалдаяқова кезінде былай деп нүкте қойыпты: «Шәмшіні сыған қызымен байланыстыратын ешқандай да себеп жоқ. Шәмші тек сығандардың ән өнеріне қатты қызықты. Нәтижесінде, «Сыған серенадасы» туды» десе, композитордың тай құлындай тебісіп бірге өскен замандасы, жақын досы, әріптесі Ілия Жақанов әннің туу тарихына қатысты мына бір дәйекті бізге әңгімелеп берді:
– Шәмші екеуміз 1957 жылдың аяғынан бастап эфирге бірге шықтық. Содан бері өле-өлгенше жұбымыз жазылған жоқ. Тіпті бір үйде тұрдық. Апаң екеуміз отбасын құрғанда Шәмші «Сен сұлу» деген әнін үйлену тойымызға шашу ретінде әкеліп, дастарқан үстінде тұсауын кескенбіз. Сондықтан да Шәмші әндерінің көпшілігінің туу тарихы күні кешегідей көз алдымда. Рас, «Сыған серенадасы» әнінің тағдыры шытырманға толы болды. Соңынан түрлі қаңқу сөз де ерді. Бірақ оның барлығы жалған. Жас кезімізде Шәмші, Мыңжасар Маңғытаев бар, барлығымыз жиналып, басымыз қосыла қалса, орыстың халық әндерін айтып, сыған романстарын тыңдағанды жақсы көретінбіз. Содан шабыт алатынбыз. Тіпті сол үшін сыған романстарының жинағын Мәскеуден арнайы алдыртқанымыз да бар. Шәмші анда-санда үйге келгенде соны қосып қойып, шабыттана тыңдайтын. Сыған романстарын сондай жақсы көрді. Соның әсерінен осы «Сыған серенадасы» әні туды. Кейін сөзін Қадыр Мырза Әліге телефонмен өтініш айтып, қолқалап жаздырған болатын. Оның алдында ғана мен «Сен отырсың терезенің алдында, Ұзақ түнде шаршадың ба, талдың ба?» деп басталатын «Түнгі серенада» деген ән жазғам. Шәмшінің «Сыған серенадасы» соның жалғасындай болды. Екеуі де халық арасына тез тарап кетті. «Сыған серенадасының» туу тарихы бар болғаны осы. Ел гулеткендей, Шәмші ешқашан сыған қызына ғашық болған емес. Махаббаттан мәжнүн күйге түсіп, табордың соңынан да кеткен жоқ, – деп тоқетерін түйген сазгер Шәмші мен сыған қызы туралы алыпқашпа әңгіменің қалай туындағанан да баяндады:
– Бұл оқиғаны ең алғаш жазған Оразбек Бодықов. «Шәмші өмірі қызық болсын деп жазған мен едім, Ілия шырағым», деп кейін өзі де айтты. Алайда «сыған хикаясы» көпке ұнап, ел арасында тез тарап кетті. Оны кейін Исрайыл Сапарбай қайта жандандырып, пьеса жазды. Ал ол айналып келгенде, Шәмші әулетінің үлкен қайғысы болып отыр. Бұл нені білдіреді? Бұл – біздің композиторларымыздың өзінің шығармашылық мұрасына деген салғырттығы. Тіпті өмірден өткен кейбір әріптесімнің өмірбаяны да дұрыс жазылмапты. Сондықтан да осылай түрлі дауға арқау болып отыр, – деп өнер иесі өткен күндерге шегініс жасап, жадында сақталған сағынышқа толы жылдар жайлы осылай деп сыр шертті.
Бір қызығы – бүгінде махаббат әнұранына айналған құнарға бай қуатты туынды неге екені білгісіз ә дегеннен қабылдана қоймапты. Біраз жыл шаң басқан тартпада орындаушысы мен тыңдаушысын күтіп қалады. Әнді алғаш жарыққа шығарып, қазақ радиосы толқынынан шырқаған белгілі әнші, кәсіби режиссер Зәуреш Есбергенова бірнеше жыл жұлдызы жанбай жатып қалған әннің бағын ашты. Араға үзіліс салып эстрада әншісі Тоқтар Серіктің орындауында туындының тағы бір тынысы ашылып, халық арасында кеңнен танылды, тез таралады. Осылайша, «Сыған серенадасы» тыңдарманның сүйікті әніне айналып қана қоймай, ізінен аңыз ерген тұлға өмірін романтикаландырып жіберген түрлі әңгімелердің тууына да түрткі болды. Және сол тарих, яғни Шәмші мен сыған қызы арасындағы ғашықтық хикаясы тыңдарманына ұнағаны соншалық, ақиқаттан алшақ әңгімені жылдан-жылға жандандыра түсті. «Әкемтеатр» сахнасындағы ән аттас қойылымға ине шаншар орын қалдырмай, әлі күнге дейін аншлаг жинайтын көпшілік ықыласы да соның айғағы болса керек. Әлбетте, көркем туынды қиялға ерік бергенде қиянға самғайды, танымалдылығы артады десек те, атақты әннің туу тарихына қатысты ақиатты біліп жүргеннің де артықтығы жоқ деп санаймыз.