• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Құқық 30 Тамыз, 2023

Жан жарасының емі бар ма?

253 рет
көрсетілді

Отбасындағы балаларға қарсы және балалардың өз арасындағы зорлық-зомбылық оқиғалары ұрпақ өсіріп отырған әрбір ата-ананың басты уайымына айналды. Бұл мәселеге қазіргі күні Президенттен бастап барлық жауапты мекеме жіті назар аударып, алдын алудың жолдарын жан-жақты талқыға салып жатыр.

Мемлекет басшысы жуырда көптің аузындағы келеңсіз мәселеге тоқтала келе: «Тағы бір назар аударатын жайт – жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыс­тар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмы­сы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойда­ғы­дай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зор­лық-зомбылықтың алдын алу саясатын қай­та қарауымыз керек», деген болатын. Қоғамдағы, көшедегі, тіпті әр үйдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етпей, да­мыған елдердің қатарына қосылуымыз қиын екенін ескерткен Мемлекет басшысы азаматтарымыз еркін жүріп-тұратын қауіпсіз қоғам құру басты мақсатымыз екендігін айтып келеді.

Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрі Дархан Қыдырәлінің айтуынша, отбасындағы зорлық-зомбылықтың орын алуына ең алдымен маскүнемдік, нашақорлық, құмар ойындарға тәуел­ділік секілді жаман әдеттер себеп болып отырған көрінеді. Жуырда Түркістан­да өткен балаларға қатысты зорлық-зом­былық тақырыбындағы дөңгелек үстелде министр Қазақстан қо­ғам­­дық даму институтының Отба­сын­­дағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі 2023 жылғы өткі­зіл­ген жаппай сауалнамасының нә­ти­­же­сі­мен бөлісті. «Сауалнамаға қа­тыс­қан респонденттердің жартысы­нан кө­бі (55,3%) «Отбасындағы зор­лық-зом­былықтың басты себебі – мас­күнемдік, нашақорлық, құмар ойындар» деп жа­уап берген. Сондықтан күрделі мәсе­лелер бір-бірімен жең ұшынан жал­ғасып жатыр және оны министрлік те жан-жақты зерделеп, өз құзыреті бойынша тиісті шара қабылдап келеді», деді министр. Сондай шаралардың бірі – Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігі тарапынан қолға алынған «Зорлық-зомбылыққа қарсы 30 күн» акциясы. Министр Дархан Қыдырәлі өткен аптада өзінің Telegram арнасында осы акцияның басталғаны жайында хабардар етті.

Қазақстан қоғамдық даму институ­ты іске асырып жатқан айлық нау­қан­­нан қандай нәтиже күтеміз? Әсі­­­ресе бала­лар­ға қарсы зорлық-зом­бы­­­лықтардың алдын алу үшін тиім­ді жобалар қолға алы­на ма? Аталған институттың Отбасы және гендерлік сая­сат саласындағы зерттеу­лер орта­лығының сарапшы-менеджері Ғалия Байболатованың айтуынша, қа­зір­гі таңда акция аясында өтетін іс-шара­лар­дың ­жоспары құрылып жатыр. «Әр күні кемінде бір іс-шара өтеді. Олардың қа­тарында дағдарыс орталықтары мен бас­қа да қоғамдық орындарда тренинг­тер, семинарлар, Ақпарат және қо­ғамдық да­му министрлігі, Астана қа­ла­сының әкім­дігі, үкіметтік емес ұйым­дар, Ішкі істер және Мәдениет ми­нистрліктері өкілдерінің қатысуымен мәдени-көпшілік іс-шаралар мен қайы­рымдылық акциялары бар. Әрбір кездесу бойынша БАҚ-та және әлеуметтік желілерде таратуға арналған бейнематериалдар мен брошюралар да­йындалады», деді ол.

Институт өкілі дәл осындай бір ай­лық акциялар әлемнің кейбір мемле­кет­те­рін­де сәтті жүзеге асқанын айта­ды. Зор­лық-зомбылықты тоқтатуға бағыт­талған мұндай бастамалар қо­ғам­да жа­ғымды өзгерістердің орын алуы­на түрт­кі болған. «Солардың жұ­мыс­та­рына қарап отырып, біз де үздік тәжі­рибелерді өзімізде пайдаланып, өзімізге тән әлеуметтік-мәдени ортамызға ла­йық­тап жүзеге асырамыз», деді Ғалия Байболатова.

«Бүгінгі таңда үйдегі зорлық-зом­былық, әйелдер мен балаларға қар­сы әлімжеттік, адамның құқы мен бос­тан­дығына нұқсан келтіретін басқа да ке­леңсіздіктердің көбеюі жанымызға батады. Мұндай жағ­дайлар бұрын да көп болған шығар. Алайда қазіргі өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналған әлеуметтік желі­лердің арқасында бұл аса өзекті тақы­рып жиі көтеріліп жүр. Зорлық-зом­былық адамның денесіне ғана жара­қатын салып қоймайды, оның ең қауіп­ті жері – бүкіл өміріне психологиялық дертін қалдыруы. Қоғам үшін зорлық-зомбылықтың әлеуметтік және эко­но­микалық зардабы үлкен. Одан бөлек, денсаулық сақтау, сот және әлеумет­тік қамсыздандыру салаларына ауыр салмақ салып отыр. Мұның алдын алу үшін тегеурінді шараларды қабылдап, тосқауыл қоймаса болмайды», дейді сарапшы.

Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігінің қолдауымен жүзеге асып жатқан акцияның мақсаты да қоғам мүшелерінің зорлық-зомбылық жа­йында хабардарлығын арттыру, әлім­жеттікке ұрынбайтын мінез-құлықты қалыптастыру, тиімді стратегияларды іске асыру үшін мүдделі тараптардың басын қосу арқылы алдын алу шараларына жұмылдыру және халыққа зор­лық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға қолдау көрсету, осындай жайттарға тос­қауыл болу үшін қажетті білім мен тә­лім беру екенін атап өтті.

«Бұл бастама қоғамдағы зорлық-зом­былық көріністерін жою үшін адамдар­дың басын қосып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға үндейтін нау­қан болмақ. Ол өз кезегінде ұжымдық жауапкершілік және қоғам ішіндегі ынтымақты арттырады. Біз зорлыққа ұшыраған адамдарды далада қалдырмай, оған көп болып көмек көрсетіп, қолдау білдіруіміз керек», дейді институт маманы.

Осы тұрғыда біз қоғамда болып жат­­­­қан зорлық-зомбылық жағ­дай­лары­ның себептері мен шешу жолдары жа­йын­да мамандардан пікір алған едік. Пре­зидент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демография сая­саты бойынша комиссия мүшесі,  «Аналар» кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанаидың айтуынша, Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркіс­танда өткен Ұлттық құрылтайда бала­лардың болашағына қатысты келелі ойларын іске асыру және зорлық-зом­былыққа себепші болып отырған есірт­кі қылмыстарының алдын алу мақса­тында Аналар кеңесі тарапынан бір­қатар бастама қолға алынған. «Болашақ ұрпағымыз саналы қоғам­да өмір сүруі үшін бүгін кең таралып отырған буллинг, отбасындағы зорлық-зомбылық мәселелерін түбегейлі шешу керек. Осы мақсатта біз, Аналар кеңесі, мектеп жүйесіне «Адам құқықтары» пәнін енгізуді ұсынамыз. Ұрпағымыз құқықтық білімді жастайынан бойына сіңіріп, өз құқын қорғай білетін, біреудің құқын бұзбайтын болып өссе, бақытты болады деп сенеміз», деді ол.

Бұдан бөлек, Аналар кеңесі «Есірткісіз болашақ» корпоративтік қорымен бірге «Жасыл сертификат» жобасын өткізіп, «Темекісіз Қазақстан үшін» ұлттық коа­лициясымен бірге вейпке қарсы пети­ция жариялап, 20 мыңнан астам қолдау­шы­ның қолын жинапты. «Вейпті шек­теу туралы ұсыныстарымыз Мәжілісте қа­ралып, қолдау тапты. Дегенмен заң жүзінде шектеумен қатар, қоғамдық бақылау жүр­гі­зу өте қажет», деген ол аза­­маттардың бар­лығын бала өмірі мен бола­шағына қатер төндіретін әуестіктен сақтандыру үшін қадағалау шараларына қатысуға шақырды.

Ал «Өркен» балалардың әл-ауқа­тын арттыру» ұлттық ғылыми-практика­лық институтының жетекші ғылыми қыз­меткер Аманғали Мұхтаров балалар ара­сындағы, соның ішінде мектептегі зор­лық-зомбылықтың түп-төркіні туралы айтқанда жәбір көрген бала мен жә­бір көрсеткен баланың да болашағы бұ­лыңғыр екенін айтады. Әрине, егер дер кезінде екеуіне де психология­лық көмек көрсетілмесе. «Бұл қазіргі таңда тек елімізде емес, бүкіл әлемде өте өзек­ті әрі күрделі әлеуметтік мәселе болып тұр. Зерттеулерге сүйенсек, зор­лық-зомбылықтың барлық жағдайын, себептерін жан-жақты талдап түсіндіре­тін теория әлі де жоқ. Алайда оның аяқ астынан пайда бола қалмайтыны да белгілі. Ешкім ата-анадан зорлықшыл болып тумайды. Олай болса, кейбір балалар неге айналасындағыларға, туысқандарына қатыгездік жасайды деген сұрақ туады. Оның әртүрлі себебі бар. Атап айтқанда, тәрбиеде кеткен қателік, нашақорлық пен мaскүнемдік, отбaсындaғы түсініспеушілік, сәтсіз неке, бала психикaсының бұзылуы, әлеуметтік және қaржылық жaғдaй (жұмыссыз­дық, кедейлік), рухaни және aдaмгерші­лік тәрбиенің төмен деңгейі, жaзaсыз­дық, БАҚ-тың әсері секілді факторларды атай аламыз», дейді ол.

Аманғали Мұхтаров мектептегі зорлық-зомбылықты тоқтату үшін ма­мандарға арналған ұсыныстарын айтып өтті. Олардың қатарында балалар арасындағы қарым-қатынасты зерттеу, олардың жиналатын «құпия жерлерін» бақылауға алу, топтасуға арналған тренингтер өткізу, агрессор балалардың ата-аналарымен жұмыс, қолдау тобын құру секілді бірқатар тиімді кеңес бар. «Мәселен, АҚШ пен Канада педагогикасында Link-Crew (байланыс тобы) жүйесі жұмыс істейді. Оны әлемнің басқа да елдері қолданады, біз­дің мектептер қолданамыз десе, толық мүмкіндік бар. Ол үшін көшбасшылық қасиеттері жоғары, позитивті және мейірімді, белсенді оқушылар таңдала­ды. Олардың ішінен кіші балаларға қам­қорлық жасайтын команда құрылады. Жалпы, шетелдік тәжірибе демесек, қамқорлық мәселесі халқымыз үшін де, мектептеріміз үшін де жаңалық емес, тек сөз жүзінде қалып қоймаса болды. Осының моделін педагогикалық ұжымның көмегімен психолог жасай алады. Әр басшыға 3-5 көмекші беріледі. Бастықтар күніне кемінде бір рет өз қамқорлығындағы балаларға барып, жағдайын біледі. Орта мектеп оқушылары жақсы бейімделгендіктен, олар кіші балаларға нақты көмек пен қолдау көрсете алады. Күрделі жағдай­лар туындай қалса, топты басқаратын пси­хологке жүгінеді. Америкалық сарапшылар балалардың осындай командаға қатысуға қызығушылық танытатынын атап өткен», дейді маман.

Сонымен қатар балалар арасын­дағы әлімжеттік, зорлық-зомбылық жағдай­ларынан хабардар болу үшін мектеп ішіне анонимді «сенім жәшігін» орна­ластыру туралы да ұсыныс айтылған. Жәбір көрген бала ол туралы үлкендерге немесе мұғалімге айтуға ұялатын болса, осындай жәшіктердің көмегіне де жүгіне алады.

Жоғарыда айтып өткендей, психикасы толық жетілмеген баланың қатар­ластары немесе үлкендер тарапынан зорлық көруінің ауыр салдары – оның өмір бойына сана-сезіміне келтірілген нұқсан екені сөзсіз. Тән жарасы жазылар, ал жан жарасының емі табыла ма? Бұл жайт қоғамнан балаларға қарсы зорлық-зомбылыққа бейжай қарамай, бірігіп күресуді талап етеді.