Түркістан облысында түнгі уақытта екі тәртіп сақшысы өз-өзіне қол жұмсамақ болған қызды құтқарып қалды. Полиция қызметкерлерінің дер уақытында қажет жерден табылуына Павлодар облысынан шалынған қоңырау себепші болған көрінеді.
Түнде павлодарлық жас жігіт Төле би аудандық ПБ-ға хабарласып, Түркістан облысында тұратын танысы өз-өзіне қол жұмсағалы жатқанын және оны тез арада құтқару керектігін айтқан. Полиция қызметкерлері Есенғали Асқарбеков пен Бейбарыс Серікбаев бірден қыздың тұрғылықты мекенжайын анықтап, дереу сол жерге барады. Учаскелік инспекторлар үйдің қақпасын қаққанымен, ешкім ашпаған. Содан кейін тәртіп сақшылары уақытты жоғалтпау керектігін түсініп, қақпадан секіріп түскенде бейтаныс әйел жүгіріп шығып, полицейлердің не істеп жатқанын сұрайды. Олар қоңырау арқылы келгендерін түсіндіреді, алайда әйел қызының өз бөлмесінде ұйықтап жатқанын айтады.
Тәртіп сақшылары сенімді болу үшін қыздың бөлмесін тексеруге шешім қабылдайды. Осылайша, олар қыздың бөлмеде жоқ екенін және асүйде қоштасу хаты тұрғанын көреді. Олар үйдің барлық бөлмесін қарағанымен, қызды таппайды. Бейбарыс Серікбаев үйдің төбесіне апаратын баспалдақты байқап, оған көтеріліп, сол сәтте арқанға ілулі тұрған қызды көрген. Учаскелік қызметкер дереу әріптесін көмекке шақырып, бірі қызды көтеріп, екіншісі ілмекті кесіп тастайды. Содан кейін полицейлер оған алғашқы медициналық көмек көрсетеді: олар жансызданған аяқ-қолын уқалап, жасанды тыныс беріп, жедел жәрдем шақырады.
Қырағылық пен жедел әрекеттің арқасында полицейлер осылайша 24 жастағы қызды өлімнен құтқарып қалды. Қазіргі уақытта қыздың жағдайы тұрақты. Оқиғаның толық мән-жайы әлі де анықталып жатыр. Анасы тәртіп сақшыларына шын жүректен алғысын білдірді. Сондай-ақ полицейлерге дәрігерлер де алғыс айтып, қыздың уақытында құтқарылғанын, сапалы алғашқы көмек көрсетілгенін атап өтті. Дәрігерлердің айтуынша, егер тәртіп сақшылары бірнеше секундқа кешіккенде, қыз өмірмен қоштасуы мүмкін еді.
Полиция қызметкері Есенғали Асқарбеков 2009 жылдың қыркүйегінен бері ішкі істер органдарында жұмыс істейді. Үйленген, үш ұл тәрбиелеп отыр. Ал Бейбарыс Серікбаев – белгілі әнші әрі композитор Ержан Серікбаевтың ұлы. Өнерпаз, өкінішке қарай, туған қаласы Арыста 51 жасында жол апатынан қайтыс болғаны белгілі. Қайғылы оқиғадан кейін жас жігіт өз өмірін полиция қызметімен байланыстыруға шешім қабылдапты. Бейбарыс 2022 жылдан бастап ішкі істер органдарында қызмет атқарады.