Жол қауіпсіздігі мен жүргізушілерді сақтандыруға арналған жол белгілерін ұрлау әрекеті тыйылмай тұр. Мұның ақыры үлкен жол апаттарына апарып соқтыруы кәдік. Сондықтан құны түкке арзымас деп алған жол белгісінің жоғалуы адам өмірінің қиылуына себепші болу ықтималын еліміздің әр тұрғыны айқын ұққаны жөн.
Республикалық маңызы бар жолдарды тұрақты патрульдеуге және профилактикалық ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қарамастан жыл сайын жол инфрақұрылымы элементтерін ұрлау фактілері тіркеліп отыр. Алайда өткен жылдармен салыстырғанда жол инфрақұрылымы элементтерін ұрлау фактілері біршама азайған. Мәселен, 2023 жылдың басынан бері республикалық маңыздағы күрежолдардан шамамен 20 млн теңге сомаға жол инфрақұрылымы элементтері ұрланыпты. Салыстырмалы түрде қарасақ, осыдан екі жыл бұрын бұл шығын 60 млн теңгеден асқан екен.
Жол бойынан көбінесе жол белгілері, үй жануарларының жолға шығып кетуінен қорғайтын торлы қоршаулар, катафоттар мен стробоскоптар ұрланады. Тіпті белгісіз адамдар жарық бағыттайтын екі үлкен трансформаторды ұрлаған жағдай да тіркеліпті.
Ұрланған жол инфрақұрылымы элементтері көбінесе тұрмыстық мақсаттарда қолданылады екен. Мысалы, төртбұрышты жол белгілерінен күректер, дөңгелек пішінді жол белгілерінен табалар мен қазандарға арналған қақпақтар, үй жануарларының жолға шығып кетуінен қорғайтын торлардан үй қоршаулары жасалса, жарықдиодты катафоттар велосипедтерге бекітіледі екен.
Осыған орай жолға жауапты мекемелер республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын пайдаланушылардан мемлекеттік мүлікті ұқыпты ұстауға шақырып отыр. Жол бойында орналасқан барлық жол инфрақұрылымы элементі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл мәселеде азаматтардың жеке жауапкершілігі өте маңызды болып тұр.
Ел жолшылары биыл да бұл бағытта қыруар жұмыс атқарыпты. Атап айтқанда, 8 мыңға жуық жаңа жол белгісін, 19 мың дана катафотты, 3,5 мың шаршы метр шу жолағын және 10 мың сигнал бағанасын орнатқан. Сонымен қатар мамандар 9,7 мың қума метр тосқауыл қоршауын жабдықтап, 23 мың шақырымнан аса жолтаңба сызығын жаңартыпты. 179 автопавильон және демалыс алаңын жөндеді. Жол қозғалысы ережелерін сақтап, жол қауіпсіздігін насихаттау мақсатымен республикалық автотрассалардың бойында 300-ден аса жаңа ақпараттық панно орнатылған.