Астана қаласында «Конституцияның үстемдігі – мемлекеттік егемендіктің, тұрақты дамудың, заңдылық пен құқықтық тәртіптің, адам құқықтарын қорғаудың негізі» тақырыбында Конституциялық бақылау органдарының еуразиялық қауымдастығының I конгресі өтті.
Конституционализм идеясына арналған басқосуды еліміздің Конституциялық соты ұйымдастырды. Қауымдастыққа мүше мемлекеттер – Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстанның конституциялық соттарының басын біріктірген Конгресс жұмысына Еуразиялық экономикалық одақ сотының судьялары, еліміздің Адам құқықтары жөніндегі уәкілі, Парламент қос палатасының депутаттары, Бас прокуратура, Әділет министрлігінің, халықаралық қауымдастықтың өкілдері, отандық және шетелдік ғалымдар қатысты.
Жиын барысында Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Әзімова, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов, Парламент Сенатының депутаты Андрей Лукин, Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева сөз сөйледі.
«Конституционализм идеясына арналған Конгресс Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 75 жылдығын және еліміздің Конституциясы күнін мерекелеу қарсаңында өтіп жатыр. Еліміз бұл күнді алғаш рет өткен жылдың маусым айындағы жалпыхалықтық референдумның нәтижелері бойынша жаңартылған Конституциямен атап өтуде. Қазақстан Конституциясының жаңа редакциясы қоғам мен мемлекетті одан әрі жаңғырту үшін қажетті құқықтық негіздерді қалады. Конституциялық реформаның негізгі бағыты – президенттік өкілеттіктерді қысқарту және Парламенттің ықпалы мен азаматтардың шешім қабылдау үдерістерге кеңінен қатысуын, құқық қорғаушы тетіктердің әлеуетін күшейту», дейді Э.Әзімова.
Жиынға қатысушылар Конституцияның үстемдігі, адам құқықтарын қорғау, сондай-ақ қазіргі жағдайда конституциялық бақылауды жүзеге асырудың тиімділігі мәселелерін кеңінен талқылады. Елдің Конституциясы мемлекетті ұйымдастырудың негіздерін анықтап қана қоймай, әр азаматтың күнделікті өміріне әсер ететін заңдылықты қамтамасыз етудің кепілі болып саналады.
Басқосу барысында еліміздің Конституциялық соты I конгреске қатысушыларға Еуразиялық қауымдастықтың «Конституциялық сот төрелігі» Жаршысының кезекті шығарылымын таныстырды. Басылымға еуразиялық кеңістіктегі конституциялық соттар судьяларының мақалалары, конституциялық іс жүргізу қорытындылары бойынша қызықты шешімдер, сондай-ақ конституциялық соттар қызметінің соңғы жаңалықтары енгізілді.
Еліміздің конституциялық бақылау органы 2017 жылдан бастап Конституциялық бақылау органдарының еуразиялық қауымдастығына төрағалық етеді. Қауымдастықтың негізгі мақсаты – жалпыға бірдей танылған конституциялық құндылықтарды насихаттау, мүше мемлекеттердің конституциясының үстемдігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша тұрақты диалог пен тәжірибе алмасуды қолдау.