• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Тамыз, 2023

Марат Ахметжанов Шымкент мектептеріндегі қауіпсіздік жүйесін тексерді

191 рет
көрсетілді

Бала қауіпсіздігі – басты назарда. Шымкентке арнайы барған Ішкі істер министрі қалалық департаменттегі жұмысын осы мәселеден бастады. Жаңа оқу жылы қарсаңында жедел басқару орталығына кіріп, білім ошақтарындағы камералар мен дабыл түймелерін тексерді, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Министр мектептердің бірімен байланысқа шықты. Айта кету керек, оқу ордасында дабыл жүйесі іске қосылса, сигнал бірден полицияға түседі.

Шымкентте 246 мектеп бар, оның 151-і мемлекеттік. Ондағы бейнекамералар саны 2600-ден асады. Министр департаменттің жаңа басшысына оларды толығымен полицияға шығарып, осы бағыттағы жұмысты жетілдіруді тапсырды.

– Мектептер мемлекеттік, жеке меншік деп бөлінбей, толығымен жедел басқару орталығына шығарылуы тиіс. Бұл балалардың қауіпсіздігі үшін қажет. Полиция департаментінің басшысына бірінші кезекте осы жұмысты қолға алуды тапсырдым. Сонымен қатар оқу орындарының маңындағы жол инфрақұрылымын, жаяу жүргіншілер өткелінің бар-жоғын, мектеп автобустарының жай-күйін тексеруді жүктедім, – деді Марат Ахметжанов.

Сондай-ақ ведомство басшысы жеке құраммен кездесіп, полицияға жүктелген міндеттерді еске салды. Қызметкерлердің де, азаматтардың да тарапынан заңсыздық пен бассыздыққа жол берілмеу қажеттігін баса айтты.

Жұмыс сапарының соңында Марат Ахметжанов министрліктің Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығына барды. Мұнда ол полицей болуды мақсат тұтып, әр өңірден біліктілігін арттыруға келген жас тыңдаушылармен жүздесті. Орталықтың аумағында жылдам қимылдайтын арнайы жасаққа арналған үй-жай мен алаң салынбақ.