• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 31 Тамыз, 2023

Қызылордада екі мектептің жанынан қосымша ғимараттар ашылды

223 рет
көрсетілді

Білім күні қарсаңында Қызылорда қаласындағы екі іргелі мектептің жанынан салынған қосымша ғимараттар пайдалануға берілді, салтанатты ашылу рәсімдеріне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz аталған облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Құралсыз iс iстелмейдi һəм құрал қандай болса, iстеген iс те сондай болмақшы. Iстiң толық жақсы болуына мектеп сайлы һəм жақсы болуы шарт» деген сөзі баланы оқытуға, ең бірінші жайлы да заманауи мектептің керегін еске салады. Бүгін біз осындай жайлы да жаңа ғимараттың ашылуының куәсі боламыз. Бала санының жыл санап артуына байланысты бірнеше білім ошағы қосымша құрылысты қажет етті. Өздеріңіз білетіндей, орталықта жаңа мектеп салу үшін жер телімі табылмайды. Қала сыртына салынған мектепке қатынау ата-анаға да, балаға да айтарлықтай қиындық туғызады. Қосымша ғимарат салудың тағы бір тиімді тұсы – бюджет қаржысы үнемделеді, жаңа мектепке қарағанда арзанға түседі. Ең маңыздысы балалар өздері үйренген, үйіне жақын мектебіне қатынайды. Сондықтан бәріне бірдей оңтайлы шешімге, яғни үш ауысыммен оқитын мектептер ауласына қосымша ғимарат салуға тоқталдық», деді аймақ басшысы Н.Нәлібаев.

№101 мектеп-лицей ауласында салынған 375 орындық ғимаратта бастауыш сыныптар оқитын болады. Ал Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектепке 550 орындық қосымша ғимарат салынды.

Жаңа ғимараттарда оқу кабинеттері, шығармашылық бөлмелер талапқа сай жасақталған. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына толық жағдай қарастырылған. Бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік жабдықтары орнатылған.

 

Облыс орталығындағы 4 мектептің (№2,3,101,264) 1 850 балаға арналған қосымша ғимараттары жаңа оқу жылында балаларды қабылдайды.