30 тамыз – Қазақстан Конституциясының күні. Бұл – 1995 жылы Қазақстан Конституциясының қабылданғанына орай республика бойынша мерекелік іс-шаралар, концерттер мен көрмелер өтетін мемлекеттік мереке. Осыдан 28 жыл бұрын елде демократиялық зайырлы мемлекет құру туралы референдумда қабылданған шешім маңызға ие. Құжатта бостандық, теңдік және келісім мақсаты жарияланды. Республиканың ең жоғары құқықтық құжатына бес рет түзету енгізілді. Соңғы рет 2022 жылы өзгерістер қабылданды.
Жанармай бағасына қатысты наразылықтар заңсыздық пен зорлық-зомбылыққа ұласып кеткен 2022 жылғы қаңтардағы митинг Қазақстанда қайғылы оқиға ретінде есте қалды. Алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев іріткі салушылар күткендей демократиялық реформаларды жоюға емес, оны жеделдетуге бағытталды.
Содан бергі екі жыл ішінде Қазақстан Президент пен оның Үкіметі бастаған саяси реформаларды ілгерілетуді және шын мәнінде демократиялық институттарды құруды жалғастырып келеді. Бұл қоғамға түбегейлі әсер етіп, Президент пен Парламент рөліне қатысты реформаларымен шектелмейді. Жуырда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин осы мерзім аралығында президенттік саяси реформалар аясында Қазақстан азаматтары қала, ауыл және басқа да елді мекендердің 1 668 әкімін (жергілікті билік органдарының басшыларын) сайлағанын атап өтті.
Әкімдердің төрттен бірі тәуелсіз кандидат, қалғаны реформаларға байланысты партия тіркеу мен сайлау науқанын өткізудегі жеңілдікті тиімді пайдаланған саяси партиялардың өкілдері. Жаңадан сайланған басшылардың жартысынан астамы алғаш рет осы қызметке сайланды. Көпшілігінің орта жасы 45-те. Оларды жергілікті жас саясаткерлердің жаңа буынының өкілдері деп айта аламыз.
Конституция күні – Қазақстан халқына және осы стратегиялық маңызды елге қызығушылық танытатын әрбір адамға былтырғы жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған конституциялық өзгерістердің негізгі қағидаттарын түсінуге мүмкіндік береді. Реформалар Қазақстанды өзгертті және жаңа демократиялық қағидаттардың орнығуына жол ашты.
Парламент пен жергілікті билік органдарының құзыреті кеңейді, ықпалы артты. Президенттің өкілеттік мерзімі шектелді. Бұл Үкіметтің Парламент пен оны сайлаған халық алдындағы жауапкершілігін күшейтеді. Қазақстан Президенті енді жеті жылдық мерзімге бір мәрте ғана сайланады. Қазақстан – мұндай қадамға барған Орталық Азиядағы тұңғыш мемлекет.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің және Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің рөлі мен мәртебесін арттыру арқылы адам құқықтары мен демократияны қорғау күшейтілді. Адам құқықтары мен бостандықтарын одан әрі қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Конституциялық сот қайта құрылды. Енді Қазақстан азаматтары Конституция қағидаттарына қайшы келетін заңсыз шараларға шағымданып, тікелей Конституциялық сотқа жүгіне алады.
Конституцияға енгізілген өзгерістердің әсері әсіресе 2023 жылғы наурызда өткен Парламент және жергілікті сайлауда байқалды. Саяси партияларды тіркеу тәртібін жеңілдету сайлауға «Республика» және «Байтақ» сияқты жаңа партиялардың қатысуына мүмкіндік берді. Отандық және шетелдік саяси сарапшылардың пікірінше, биылғы сайлау Қазақстанның тәуелсіздіктен кейінгі тарихындағы ең бәсекеге толы дода болды.
Алты партия Парламентке өту үшін қажетті бес пайыздық межені еңсере алды. Осылайша, сан алуан саяси көзқарастағы шынайы көппартиялы өкілді орган құруға мүмкіндік туды. Өзгерістер қарқынды жүргені соншалық, бір жылда референдум мен бірнеше сайлау науқаны өтті. Конституциялық өзгерістер мен реформалардың арқасында Қазақстан қоғамында жаңа азаматтық және саяси мәдениет қалыптасты.
Әлеуметтік, экономикалық және басқа да реформалар Қазақстан үнемі бетпе-бет келетін жаһандық өзгерістерге, үдерістер мен сын-қатерлерге тиімді жауап беруіне жол ашады. Конституция баптарының үштен бірін қайта жазған Қазақстан шын мәнінде жаңа республикаға, ал саяси жағынан жаңа мемлекетке айналды.
Қазақстан – әр азамат діни сенімі мен этностық тегіне қарамастан өзін маңызды әрі еркін сезіне алатын толерантты қоғам. Конституция сөз еркіндігін, пікір білдіру құқығын және дін бостандығын, сондай-ақ саяси әртүрлілік пен жеке бас бостандығын қамтамасыз ете отырып, елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының негізін қалайды.
Жуырда аталған елге сапар барысында Еуропалық Парламенттің Сыртқы істер комитетінің делегациясы Парламент депутаттарымен, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен, Экономика министрі және бірқатар министрдің орынбасарларымен, сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдерімен және Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен кездесті.
Комитетті басқаратын Германия өкілі Дэвид МакАллистер Қазақстан мен көршілес Қырғызстанға сапары кезінде Орталық Азиядағы стратегиялық маңызды елдерімен қарым-қатынаста Еуропалық одақтың ықпалы мен қатысуын арттыру қажетіне назар аударды. «Бұл – сынақ сәті, сонымен қатар қарым-қатынасымызды дамыту үшін мүмкіндіктер кезеңі», деді ол.
МакАллистер мырза екі ел үкіметінің ЕО-мен ынтымақтастығын, Ресей мен Беларусьқа салынған санкцияларды айналып өтуге аймақ елдерін пайдалануға қатысты қауіп-қатерді жоюға күш салатынын құптады. Ол санкциялар Орталық Азия елдеріне емес, Украинаға қарсы басқыншыларға бағытталғанын атап өтті.
Еуропалық парламентшілер Қазақстан мен Еуропа арасындағы көлік қатынасын жақсарту мүмкіндіктеріне үлкен қызығушылық танытты. «Транскаспий дәлізі Орталық Азия мен Еуропа арасындағы маңызды балама байланыс саналады. Сондай-ақ санкция салынған елдер арқылы өтпей-ақ әлемдік нарықтарға тікелей шығуды жеңілдетеді», деді Дэвид МакАллистер. Ол сонымен қатар ЕО мен Қазақстанның қажетті шикізатпен қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастығының нығаюы өзара тиімділік әкелетінін атап өтті.
Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы саяси және экономикалық реформаларды құптап, олардың жалғасын табатынына үміт білдірді. Олар азаматтық қоғам мен тәуелсіз БАҚ-тың маңызына тоқталып, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын құрметтейтін бағытты ұстануға шақырды.
Ник ПАУЭЛЛ,
EuReporter сайты