• RUB:
    4.98
  • USD:
    495.95
  • EUR:
    524.37
Басты сайтқа өту
Бизнес 01 Қыркүйек, 2023

Ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек - Мемлекет басшысы

200 рет
көрсетілді

Қазақстан сауда-саттық саясатында жаңа әрі батыл қадам жасауы керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы барысында айтты, деп жазады Egemen.kz.

«Жұмысқа өзіміздің шикізатты, тауарлар мен кадрларды, басқаша айтқанда, барлық ішкі мүмкіндіктерімізді пайдалану қажет. Біз жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы жаңаша даму үлгісіне көшуге тиіспіз», деп айтап өтті Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекет ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуын қамтамасыз етуі керек. Ол үшін өндіріс саласын реттейтін және ынталандыратын түрлі тәсілдерді қолдану шарт. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі шикізатты көңілге қонымды бағамен әрі жеткілікті көлемде алуы керек.

«Сонымен бірге реттелетін сатып алу кезіндегі өз тауарларымыздың үлесін арттыру және офтейк жүйесін толық іске қосу қажет. Еліміздегі өнім өндірушілермен жасалатын офтейк келісім-шарттардың үлесін кемінде 10 пайызға жеткізу керек. Бұл – жыл сайын 2 триллион теңге деген сөз», деп нақтылады Мемлекет басшысы.

Президент атап өткендей, бүгінде көптеген елдер ішкі нарықты қорғау шараларын белсенді қолданып келеді. Дамыған мемлекеттердің өзі протекционистік өнеркәсіп саясатына көшті. Осы тұста Қасым-Жомарт Кемелұлы Дүниежүзілік сауда ұйымы ұсынған деректерді ортаға салды.

«Дүниежүзілік сауда ұйымының бағалауынша, біздің елдегі ішкі нарықты қорғау деңгейі төмен, небәрі 128 тарифтік емес шара. Сондықтан біз сауда-саттық саясатында жаңа әрі батыл қадам жасауымыз керек. Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл – біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек», деп түйіндеді ел Президенті.