Президент Әкімшілігі басты «саяси штаб» ретінде мемлекетті әлеуметтік-экономикалық дамытудың стратегиялық бағыттарына, ішкі және сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік, құқық және кадр саясаты мәселелеріне барлық күш-жігерін жұмылдырады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында айтты, деп жазады Egemen.kz.
«Реформалардың іске асырылуына негізінен атқарушы билік жауап береді. Сондықтан, ең алдымен, оның өзін өзгерту қажет. Осы саладағы реформаның басты бағыттары мынадай. Біріншіден, нақты салаларға қатысты шешімдерді әзірлеу және орындау міндеті, сондай-ақ түпкі нәтиже үшін жауапкершілік толығымен министрлерге жүктеледі. Өйткені олар өзінің бұйрығымен жедел шешім қабылдап отыруға тиіс. Бұл – әкімдерге де қатысты мәселе», деді ел Президенті.
Мемлекет басшысының айтуынша, экономикалық саясаттың іске асырылуына Үкімет толығымен жауап беретін болады.
«Екіншіден, экономикалық саясаттың іске асырылуына Үкімет толығымен жауап береді. Бюрократияға және сөзбұйдаға салынбай, Президент Әкімшілігіне жалтақтамай, экономиканы дербес басқарудың барлық әдіс-тәсілдерін қолында ұстауға тиіс.
Үшіншіден, Президент Әкімшілігі басты «саяси штаб» ретінде мемлекетті әлеуметтік-экономикалық дамытудың стратегиялық бағыттарына, ішкі және сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік, құқық және кадр саясаты мәселелеріне барлық күш-жігерін жұмылдырады. Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту жолындағы жүйелі жұмыс жалғаса береді. Мемлекеттік жоспарлау жүйесін түбегейлі өзгерту қажет. Бізге оның мейлінше шағын және қолайлы болғаны маңызды», деп түйіндеді Қасым-Жомарт Кемелұлы.