Ұлытау облысы бойынша биыл 1-сыныпқа 4 342 оқушы қабылданды. Оның 81,3 пайызы қазақ сыныптарын таңдады. Облыста таза орыс тілінде білім беретін бірде-бір мектеп қалған жоқ.
Сәтбаев қаласындағы №25 мектептің ашылғанына келесі жылы 60 жыл толады. Осы уақыт ішінде мұнда тек орыс тілі үстемдік құрып келген еді. Ал биыл алғаш рет үш қазақ сыныбы және мектепке даярлық тобына бір қазақ сыныбы ашылды.
– Әрине, оңайға түскен жоқ. Ата-аналарды иландыруға тура келді. Сөзімізге илікпегендері де кездесті. Ең бастысы, сең қозғалды. Енді мектебіміз қазақылана бастайтыны күмәнсіз. Алдағы уақытта бұл сыныптарға қоса қазақ тілінде білім алатын 5-сыныпты да ашу ойда бар. Қазір сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз, – деді мектеп директоры Жансая Бодықова.
Білім күнінде алғаш рет партаға отырған 1 «ә» сыныбының оқушыларымен бірге олардың сыныбына бардық. Бұл сыныптың жетекшісі Күләйхан Елібаева – қаладағы мақтаулы мұғалімдердің бірі. Жиырма жылға жуық тәжірибесі бар. Алпыс жыл дегенде бұл мектептің табалдырығын алғаш рет қазақ сыныбының қарлығаштары болып аттаған балалардың ата-аналарын да тілге тарттық.
– Екінші немерем Фарида осында оқитын болды. Үйіміздің қасындағы мектептен қазақ сыныбы ашылғанына қуаныштымын, қатарымыздың қалыңдай түскенін қалаймын, – деді еңбек ардагері Әбдірахман Түсіпбеков.
Тұңғышы Мансұрды мектепке жетектеп әкелген Айдана Сәкебаева: «Үш жыл бұрын Қарағанды қаласынан көшіп келген едік. Биыл мінеки, бұрын-соңды болмаған оқиғаның куәсі болып тұрмыз. Орыс мектебінен бір емес, бірнеше қазақ сыныбы ашылды. Сөйтіп, қадамымыз құтты болып жатыр», деді.
Ұлытау облысы