Президент Жолдауда агросекторды дамытуға айрықша тоқталып, халықтың көкейінде жүрген бірқатар мәселенің түйінін тарқатты.
Біріншіден, қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялық сала. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Сол себепті Мемлекет басшысы бағдар бергендей, агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керегін баса айтқаны біз үшін өте маңызды. Бұл мәселені шешпей, еліміздің экономикасын толыққанды дамыту күрделі болмақ. Сондықтан Президент ауыл шаруашылығын заманға сәйкес дамыту мақсатында нақты ұсыныстар, тапсырмалар берді. Бұл үшін мемлекеттік реттеу және осы салаға салықтық, басқа да жеңілдіктер қарастырылғаны қуантады.
Аталған саланы дамытудың тағы бір жолы ретінде Президент шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керегін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Жолдауда «Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз. Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн», деді. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті мен университет құрамындағы тоғыз ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының бұл реттегі ғылыми ізденістері орасан зор. Қазіргі таңда университетіміз ауыл шаруашылығы саласының көшбасшылары Нидерланд Корольдігіндегі Вагенинген университеті, Франциядағы Агропарижтех университеті, Швеция ауыл шаруашылығы университеті, Ресей халықтар достығы және 188 халықаралық университетпен тығыз жұмыс істейтінін атап өткім келеді.
Екіншіден, Қазақстанда су мәселесі жылдан-жылға күрделеніп келеді. Су мәселесі – жалпы планетарлық мәселе. Еліміз бұл проблемаға қазірдің өзінде тап болып отыр. Бұл мәселені шешудің көптеген жолы айтылды. Ең негізгісі, су мәселесімен кешенді түрде айналысатын Су шаруашылығы және ирригация министрлігі құрылады. Бұл – өте дұрыс шешім.
Қорыта айтқанда, Президент Жолдауында айтылған мәселелер болашағымызға деген мүмкіндігіміз бен сенімімізді нығайтады. Ал Жолдауда айтылған тапсырмалардың жүзеге асуына барлығымыз үлкен жауапкершілікпен атсалысуымыз қажет.
Қанат ТІРЕУОВ,
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық
зерттеу университетінің басқарма төрағасы-ректоры,
ҰҒА академигі