Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Жолдауына сәйкес, Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді.
«Осылайша, Үкімет экономиканың басым секторларын дамытуға ден қоюы қажет. Бұл, бірінші кезекте, терең өңделген тауарлар шығару, көлік-логистика әлеуетін толық ашу, туристік кластерді дамыту және агроөнеркәсіптік кешен резервтерін пайдалану», деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров экономикалық саясатты іске асыру, кәсіпкерлікті дамыту және мемлекеттік басқаруды жаңғырту жөніндегі негізгі шаралар туралы баяндама жасады.
Бюджет шығыстарын жоспарлауды жетілдіру туралы Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, энергетика және газ салаларын дамыту туралы – энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев баяндады.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өздері жетекшілік ететін салаларда атқарылып жатқан және жоспарланған шаралар туралы мәлімдеді.
Білім беру сапасы мен балалардың қауіпсіздігін арттыру бойынша – оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ғылымды дамыту мен кадрлар даярлау мәселелері бойынша – ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хабардар етті.
Отырыста сондай-ақ өңдеу өнеркәсібін, инфрақұрылымды, туризмді және креативті индустрияны, экология мен су саласын дамыту жөніндегі шаралар қаралды.
Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы өз Жолдауында экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету және оны әртараптандыру бойынша бірінші кезектегі міндеттерді айқындап бергенін атап өтті.
«Президент ұсынған бастамалар өте ауқымды әрі жүргізіліп жатқан реформалардың қисынды жалғасы болып табылады. Ал, олардың негізгі мақсаты – қуатты және өркендеген мемлекет құру. Өз кезегінде Үкімет бүкіл күш-жігерін осы мақсатқа жұмылдырып, нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағыттауы тиіс», деді Премьер-министр.
Мәселен, бизнеске түсетін фискалдық жүктемені азайту үшін бақылауды толық цифрландыра отырып, салық есептілігінің нысандарын 30%-ға қысқарту қажет.
«Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері «Атамекен» палатасымен бірлесіп, инвесторларды бастапқы 3 жылда салық төлеуден босату мәселесін пысықтауы керек», деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар ол жаңа Бюджет кодексінің жобасы шеңберінде бөлшектенген бюджет бойынша пилоттық жобаның негізгі ережелерін бекіту, салықтар мен төлемдердің өзге де түрлерінен түсетін түсімдердің бір бөлігін, оның ішінде қосымша құн салығын екінші деңгейдегі бюджетке беру жөніндегі жұмысты жалғастыру, сондай-ақ Жергілікті бюджетке жиналатын салықтардың бір бөлігі бойынша преференцияларды айқындау жөніндегі өкілеттіктерді өңірлерге беру мүмкіндігін қосымша қарау қажеттігін атап өтті.
Премьер-министр тарифтік саясатты қайта қарау аясында цифрлық бақылау құралдарын енгізудің, монополистердің жауапкершілігін арттыруда қарсы міндеттемелерді бекітудің маңыздылығына назар аударды.
Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіру арқылы шағын және орта бизнесті қолдаудың кешенді бағдарламасын әзірлеу, сондай-ақ «толық аяқталған» құрылыс құралдарын уақтылы енгізуді қамтамасыз етіп, мемлекеттік сатып алуда офтейк жүйесін іске қосу қажеттігін атап өтті.
Бизнеспен бірлесіп, өңірлік тауар-шикізат биржасын құру мәселесі пысықталуы тиіс. Бұдан басқа, KazakhExport компаниясының базасында барлық қажетті құралдарды шоғырландыра отырып, экспортты ілгерілетудің толыққанды институты құрылады.
Премьер-министр Мемлекет басшысының еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту және көлік-логистикалық инфрақұрылымды кеңейту жөніндегі тапсырмаларын ескере отырып, жаңа Көлік министрлігі теміржол саласында бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жеделдетуі талап етілетінін атап өтті. Бұдан басқа, шетелдік компанияларды тарта отырып, порт қуаттарын кеңейтуді және 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам автомобиль жолдарын күрделі жөндеуді қамтамасыз ету керек.
Әлихан Смайылов елдің қуатты өнеркәсіптік негізін құру мәселесінде өңдеу секторын жедел дамытуға баса назар аудару керек екенін атап өтті. Осыған байланысты Өнеркәсіп министрлігі серпінді және маңызды жобаларды іске асыра отырып, терең өңделген кластерлер құруға ден қоюы тиіс.
«Бұл ретте, ішкі ресурстарды барынша пайдалану маңызды. Оффтейк-келісім шарттардың әлеуетін жұмылдыру қажет», деді ол.
Үкімет басшысының айтуынша, Қорғаныс-өнеркәсіп кешенінде локализацияның жоғары үлесін және заманауи технологиялар трансфертін қамтамасыз ету, құрылатын Қорғаныс өнеркәсібін дамыту қоры арқылы қаржыландыру арқылы отандық кәсіпорындарды қолдау қажет.
Оған қоса геологиялық барлауды дамыту үшін икемді реттеуші және фискалдық шарттар әзірлеу қажеттігі айтылды.
Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының Үкімет алдына елді одан әрі газдандыру, жаңа газ өңдеу зауыттарын салу, қолда бар қайта өңдеу қуаттарын толық жүктеу бойынша міндеттер қойғанын айтты. Осыған байланысты жаңа газ кен орындарын барлауға және игеруге инвестициялар тарту жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ Ірі мұнай-газ және мұнай-газ химиясы жобаларын дамытудың 2027 жылға дейінгі кешенді жоспарының жобасын аяқтау қажет.
Үкімет басшысының айтуынша, негізгі міндеттердің бірі су саласына кешенді реформа жүргізу болмақ. Ол үшін жаңа Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды.
«Министрлік жұмысының негізгі басымдықтары су үнемдеудің озық технологияларын кеңінен пайдалану, трансшекаралық өзендердің ресурстарын бірлесіп басқару бойынша өзара іс-қимыл жасау, жаңа тарифтік саясат пен нормативтерді енгізу, заманауи су шаруашылығы инфрақұрылымын салу болады», деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы экологиялық қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғауға ерекше мән беру қажеттігін айтып өтті. Осыған байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігінен мүдделі мемлекеттік органдармен және бизнес-қоғамдастықпен бірге талқылау жүргізіп, Ірі өндірістер айналасындағы экологияны жақсарту жөніндегі жол картасын әзірлеу талап етіледі.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне Солтүстік Қазақстан облысының сүт-тауар фермаларын салу жөніндегі тәжірибесін құс фабрикаларына, көкөніс қоймаларына және басқа да бағыттарға тарату тапсырылды.
«Президент Үкіметтің алдына агроөнеркәсіп кешенінде өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін ұлғайту міндетін қойды. Отандық агросектордағы өнімділік деңгейін арттыру үшін әлемдік практикада қолданылатын жетістіктерді бейімдеу қажет. Ауыл шаруашылығы техникасы паркін жылына 8-10%-ға жаңартуға ерекше назар аударған жөн», деді Премьер-министр.
Сондай-ақ Үкімет басшысы Азық-түлік корпорациясына осы саланы тұрақтандырушы ретінде маңызды рөл беріліп отырғанын, ол азық-түлік нарығындағы бағаның өсуін тежеу үшін қажетті интервенцияларды жүзеге асыратынын еске салды.
Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Үкімет алдына IT-қызметтері экспортын $1 млрд-қа дейін жеткізу жөнінде жаңа ауқымды міндеттер қойып отырғанын айтты.
«Оны іске асыру механизмдерінің бірі – ірі халықаралық компаниялармен бірлесіп кәсіпорындар құру, сондай-ақ венчурлік қаржыландыруды дамыту. Осыған байланысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге экономиканы одан әрі цифрландыру, IT-инфрақұрылымды және инновацияларды дамыту жөнінде тиісті шаралар кешенін әзірлеуі тиіс», деді Премьер-министр.
Сондай-ақ Үкімет басшысы «Бәйтерек» холдингін трансформациялау шеңберінде «Отбасы банктің» қызметін қайта бағдарлау қажеттігін, аудандардың, моноқалалар мен ауылдардың тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етуге баса назар аудару керектігін айтты.
Әлеуметтік блокқа өте отырып, Әлихан Смайылов 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге дейін арттырудың, платформалық жұмыспен қамту саласын реттей отырып, Еңбекті дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарын қабылдаудың және жұмыс орындарындағы өндірістік жарақаттардың алдын алу және оларды болдырмау үшін 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын қабылдаудың маңызын айтты. Сондай-ақ Үкімет басшысы зиянды өндірістерде жұмыс істейтін адамдар үшін арнайы әлеуметтік төлемдерді заң жүзінде бекіту бойынша ұсыныстарды жедел түрде енгізу қажеттігін айтып өтті.
Оған қоса Премьер-министр азаматтарымыздың әл-ауқатының негізгі сапалы білім алу екенін айтты. Осыған байланысты Үкімет басшысы жаңа тақырыптар мен сұранысқа ие құзыреттер бойынша курстар әзірлей отырып, педагогтердің құзыреттілігін арттыру жөнінде шаралар қабылдауды, Интернет жылдамдығын арттыру және цифрлық білім беру ресурстарына тегін қол жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыруды, сондай-ақ балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау және суицидтің алдын алу жөніндегі кешенді жоспардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Оған қоса Әлихан Смайылов психологиялық қызметтерді күшейту, зорлық-зомбылық және буллинг құрбандарына көмек көрсету бөлігінде қосымша шаралар қабылдауды, техникалық және жұмысшы мамандықтары бойынша мемлекеттік тапсырысты ұлғайтуды, сондай-ақ экономиканың басымдықтарына, өңірлер мен сала ерекшеліктеріне байланысты мемлекеттік тапсырыс шеңберінде икемді қаржыландыру механизмдерін енгізуді пысықтауды тапсырды.
«Ғылым және жоғары білім министрлігі мемлекеттік органдармен және екінші деңгейдегі банктермен бірге «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу мәселелерін жедел түрде пысықтауы қажет», деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Үкімет басшысы базасында жасанды интеллект саласы бойынша кадр даярлауды қамтамасыз ететін 3 университетті анықтау қажеттігін айтты.
Оған қоса Премьер-министр Мәдениет және ақпарат министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, креативті индустрияға қатысушыларды қолдау шаралары бойынша және әрбір өңірде Креативті индустрия орталықтарын құру жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді, ал Туризм және спорт министрлігіне туристік салада кемінде 15 ірі жобаның тізбесін айқындап, оларды іске асыру бойынша нақты Жол картасын әзірлеуді тапсырды.
Отырысты қорытындылай келе, Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Үкіметтің алдында барынша биік, алайда қол жеткізуге болатын мақсаттар қойғанын айты. Ол үшін қажетті құралдар мен ресурстар бар.
«Президенттік реформаларды тиімді іске асыру үшін Сіздердің әрқайсыларыңызға зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Жұмыс үйлесімді және нәтижелі болуы тиіс. Біз алдымызда тұрған міндеттерді шешу үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға тиіспіз», деді Премьер-министр.