• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Қыркүйек, 2023

Орасан міндет жүктелді – сенатор

213 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арнаған Жолдауы арқылы  маңызды мәселелердің түйінін дер уақытында шешу қажеттігін тапсырды. Үкіметтің алдында орасан міндет тұр.

Президент «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында ауылшаруашылығы саласындағы түйіткілді  шаруалардың бірқатарына тоқталды. Су үнемдеу бойынша бірнеше  бастама көтеріп,  еліміз үшін судың тапшылығы қай кезде де маңызды мәселе екенін, оңтайлы шешу жолдарын жіті қарастыру қажеттігін ескертті.  Президент  айтқандай, тіршілік нәрі судың  нарқы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігін құруы маңызды қадам, өте орынды шешім дер едік. Себебі Парламент Сенатында ауыл шаруашылығының ақсап тұрған саласы  ешқашан назардан тыс қалған емес.

Су тапшылығы  мәселесін Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және  ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары үнемі айтып, көтеріп жүр.  Өткен  екі шақырылымда Үкіметке депутаттық сауал арқылы жолдап, өз ұсыныстарын да жазбаша жолдады.  Енді айтылып, жазылып жүрген ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру мәселесінің түйіні шешіледі. Ирригация жүйесіне қатысты атқарылған ауқымды жұмыстар да жоқ емес. Алайда негізсіз құрылған жобалардың шаруалардың жұмысына кері әсер еткені де жасырын емес. Елімізде су тапшылығы мәселесі жыл өткен сайын күрделеніп, құрғақшылық қысқан сайын күш алып келеді.  БҰҰ мәліметтері бойынша 2030 жылға қарай Қазақстан су тапшылығына тап болуы мүмкін. Енді құрылған жаңа министрлік осы мәселе бойынша жүйелі түрде жұмыс атқарады деп сенім білдіреміз. Біз өз тарапымыздан заңнамалық тұрғыдан қолдау көрсетуге дайынбыз.

Жолдауда айтылған тағы бір маңызды мәселе Мемлекет басшысы: «Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн», деді. Расында да мол өнім аламыз десек, жердің жағдайын жақсарту керек, тыңайтып, тұқымды жаңалап, озық технологияны қолдану қажет.

Президент алдағы үш жылда агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70% жеткізу керектігін тапсырды.  Мемлекет басшысының келтірген дәйегі  бойынша елдегі ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр, жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет екенін  міндеттеді. Шаруалардың қолын байлайтын бір кедергі осы техниканың ескілігі. Тозығы жеткен темір тез сынғыш  келеді. Диқандар сынған техникамен қалай мол өнім өсіріп жинай алады?

Әлеуметтің әлеуетін арттыру да күйіп тұрған мәселенің бірі. Жолдауда Президент келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырды. Соңғы үш жылда ең төменгі жалақы мөлшері үш есеге көбейді.  Соның нәтижесінде  Жолдауда айтылғандай,  1 миллион 800 мың адам, оның ішінде 350 мың бюджет қызметкерлерінің әл-ауқатын арттыруға серпін береді.    

«Жол қадірін жүрген білер» дейді. Инфрақұрылымның иі қанбай, илеуі кемшін соғып тұрған саласының бірі – күре жолдың кем-кетігі.

«Автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек. 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет», деді Президент. Қай облысқа барсаңыз да шалғайдағы ауыл, ауданның жолының барлығы талапқа сай дей алмаймыз. Сондықтан Үкімет мүшелеріне зор жауапкершілік жүктеліп отыр. 

 

Жанболат ЖӨРГЕНБАЕВ,

Парламент Сенатының депутаты