ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен Ғалымжан Алмасбекұлы Елеуов Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Egemen.kz аталған облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол 1978 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген.
2001 жылы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік медицина академиясын, 2008 жылы Астана қаласындағы Қазақ мемлекеттік заң академиясын, 2011 жылы Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе қалалық емханада қарапайым дәрігер болып бастаған Ғ.Алмасбекұлы бас дәрігердің орынбасары лауазымына дейін қызмет атқарған. 2010-2021 жылдары Ақтөбе, Астана қалаларындағы жеке оңалту медициналық орталықтарының директоры қызметтерін атқарды. Ғалымжан Елеуов - медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор.
2021 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 7, 8 шақырылымдарындағы депутаты болды.
Айта кетейік, Орталық сайлау комиссиясы 1 қыркүйекте экс-депутаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға өтініш бергені туралы мәлімдеген еді.