Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының 1895-1909 жылдар аралығында ауылдық мектептерде атқарған ұстаздық қызметінде ерекше орын алатын уақыттың бірі – Қостанай кезеңі. Бұл – бас-аяғы екі жылдай мерзім. Шамамен, 1900-1902 жылдар аралығы. Аталған жылдары А.Байтұрсынұлы Меңдіқара болысындағы Орынбаев ауылдық мектебінде мұғалім және Қостанай қаласындағы педагогика сыныбында ұстаздық жасады. Қостанай қаласында Торғай облысы халық мектептерінің инспекторы А.Е.Алекторовпен тамыр-таныстық орнатады. Бұл тамырлық оның өмір жолын Омбы қаласында жалғастыруға сеп болады.
Қостанайға А.Байтұрсынұлы Әулиекөлдегі болыстық мектептен кейін ауысады. Ағартушының ғұмырнамалық баяны мен шығармашылық табысы туралы алғашқылардың бірі болып сөз қозғаған М. Әуезұлы бұл ауыс-түйісті «…Қостанай уезіндегі Әулиекөл деген жерде екінші рет оқытушы болған. Әулиекөлден үшінші рет ауысып барған школы Қостанай қаласы…» деп жазады.
Патшалық билік тұсында жыл сайын өткен жылдың қорытындысы бойынша шығарылып отыратын Торғай облыстық анықтамалық-статистикалық деректерінің мәліметінше, 1901 жылы А.Байтұрсынұлы Қостанай уезі Меңдіқара болысының №4 аулында орналасқан «Орынбаев (Урунбаев) мектебінде» және Қостанай педагогикалық сыныбында мұғалім болып қызмет атқарады.
Қостанай қаласына жақын орналасқан Меңдіқара болысындағы Орынбаев (Урунбаев) мектебі қай жылы ашылды, мектепті ашқан Орынбаев деген кісі кім екендігі туралы деректер жоқтың қасы. 1889-1894 жылдары Торғай облысы халық мектептерінің инспекторы қызметін атқарған А.Васильевтің 1896 жылы Орынбордан басылып шыққан «Торғай облысындағы орыс білімінің тарихи очеркі» деп аталатын еңбегінде ауылдық мектептер туралы мәліметінде аталған мектеп аталмайды. Демек, ол 1896 жылдың 1 қаңтардан кейінгі мезгіл-мерзімде пайда болған деп пайымдауға болады.
Торғай облысының анықтамалық-статистикалық есептерінде аталған мектеп 1898 жылдардан бастап «қылаң» бере бастайды. Мектептің орналасқан жері – Қостанай уезі Меңдіқара болысының №4 ауылы. 1910 жылы жарияланған Торғай облысының елдімекендер тізімінде аталған ауылдың орналасқан мекені Тобыл өзенінің бойы деп көрсетіледі. Онда 478 үй, 2535 жан бар деп көрсетіліп, ауыл уездік қаладан – 150, бақылаушы приставтан орналасқан мекеннен – 130, крестьян басшылығы мекенінен (от квартиры крестьянского начальника) – 170, болыс орталығынан – 20 верст деп белгіленген.
1898 жылдары аталған мектепте Ор Мұғалімдік мектебінің 1887 жылғы алғашқы 20 түлегінің бірі Қазыкерей Шотаев (Чутаев) ұстаздық етеді Ол – Орынборға қараған Шығыс Орданың (кейін Қостанай уезінің территориясы) әмірші-сұлтаны Бақтыкерей Шотаевтың баласы Әбілпейізден (Абдулфеиз) тарайтын ұрпақ. Әбілпейіздің (Әппез деп те атайды) бір баласы Нұрғали Шотаев 1864 жылы Торғайда Ы.Алтынсарин ашқан мектепке қабылданған 13 шәкірттің бірі болған.
Орынбаев мектебін ашқан кім болуы мүмкін деген сауалға келер болсақ, қазақ даласында орыс-қазақ мектептер жүйесі қалыптаса бастаған ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы заманда оқу ісінде Орынбаев (Урунбаев, Урумбаев) деген соймен ұстаздық еткен екі кісінің есімі кездеседі. Бірі – 1861 жылы Троицк мектебі ашылған уақытта «Мұсылман діні» сабағын жүргізген – молда Қазыбай Орынбаев, екіншісі – 1864 жылы Орынбор мұғалімдік мектебін үздік бітірген түлек – Бақтыбай Орынбаев. Екінші Б.Орынбаев, инспектор А.Васильевтің жазуынша, Орынбордағы орыс-қазақ мектебін бітірген соң Орынбор облыстық басқарма жанында қызметке қалады. 1866 жылы ол зауряд-хоружний әскери атағын алады. 1867-1868 жылдары ол Орынбордағы қазақ балаларына арналған мектепте «Іс жүргізу» пәнін оқытады, ал 1870 жылы білім саласындағы құзыретті мекеме оны Троицк орыс-қазақ мектебінің меңгерушісі етіп бекітеді. Сол тұста ашылған ауылдық мектептерді ашуға орысша білім алып, түрлі шенеунік қызметте болған Арынғазиев сынды кісілердің мұрындық болғанын ескерсек, ұстаздық қызметте болған Бақтыбай Орынбаев та сондай іс атқаруы әбден мүмкін деп ойлаймыз.
А.Байтұрсынұлы ауылдық Орынбаев мектебінде мұғалім бола жүріп 1901-1902 жылдары Қостанай педагогикалық сыныбында қазақ тілінен сабақ береді. Сол кездегі әкімшілік басқару жүйесі бойынша ауыл мектебі болыстық мектепке, болыстық мектеп уездікке бағынышты болады. Ал болыстық мектеп жоқ болғанда, ауыл мектебі тура уездік мектепке бағынатын. Сол кезеңде Қостанай орыс-қазақ мектебі уездік мектеп мәртебесінде болады. Педагогика сыныбы алғашқыда аталған мектептің жанында жұмыс жасап тұрады. Сондықтан әкімшілік Орынбаев мектебін Қостанай педагогикалық сыныбына бағындырады. Сол бір кезеңдерде А.Байтұрсынұлының өз қолымен жазған арыз-шағымдарында өзін «Қостанай педагогикалық сыныбына қарасты Орынбаев ауылдық мектебінің мұғалімі» деп көрсетуінің сыры осында деп есептейміз.
Сыныптың ашылу тарихы былайша өріледі: 1892 жылдан бастап Торғай облысы көлемінде тез көбейіп жатқан ауыл мектептерін мұғалімдермен қамтамасыз ету мақсатында облыстық әкімшілік 1894 жылы Қостанай қаласынан екі жылдық педагогика сыныбын ашу мәселесін көтереді. Бұл туралы экс-инспектор А.Васильев былай деп жазады: «...Көптеген ауылдық мектептер арнайы білімі бар мұғалімдерге мұқтаж болды. Осы мұқтаждыққа байланысты алдымен ауылдық мектептерге педагогикалық білім алмаған адамдарды тағайындауға тура келді, өйткені тек Торғай ғана емес, сонымен қатар барлық Дала облыстарына тән еді. Орынбор қырғыз (қазақ – авт.) Мұғалімдер мектебі курсын бітіргендердің саны жылына 7 адамнан аспады. Аталған мектепке көмек ретінде l894 жылы Қостанайдағы 2 жылдық орыс-қырғыз училищесінің жанынан ауылдық мектептерге мұғалімдер дайындау мақсатында 2 жылдық педагогика сыныбын ашу ұсынылды. Сыныпты жасақтау жобасы өз уақытында округтік-білім басқармасына ұсынылды, сонымен қатар жыл сайын оған земство шығынынан қаржы бөлу белгіленіп, l896 үшін земство шығыстарының сметасын бекіту кезінде 3000 рубль мөлшерінде рұқсат етілген сомаға енгізілді».
Осылайша 1894 жылы қолға алынған педагогика сыныбы 1897 жылы Ы.Алтынсариннің басшылығымен 1884 жылы Троицк қаласынан Қостанай уезінің жаңа орталығы Новониколаевскіге көшірілген 2 сыныптық орыс-қазақ мектебі жанынан ашылады. Сыныптың ашылуы туралы «Тургайская газета» 1897 жылғы №108 санында арнайы хабарлама жазады. Онда Орынбор мұғалімдер мектебіне бөлінген 17 стипендияны Қостанайдағы педагогика сыныбына ауыстыру мәселесі көтеріледі.
1902 жылдың анықтамалық-статистикалық ақпаратында педагогика сыныбының меңгерушісі болып Максим Николаевич Греховодов деген ұстаз қызмет жасайды. Сонымен қатар сыныпта дін сабағын жүргізушіден бөлек, екі мұғалім қызмет атқарған. Бірі – Василий Иванович Гурылев, екіншісі – А.Байтұрсынұлы.
М.Н.Греховодов – Орынбор мұғалімдік мектебінің түлегі, мұғалімдік қызметін 1895 жылдың 1 тамызынан бастаған. Соған қарағанда ол А.Байтұрсынұлымен бірге оқып, бір жылы оқуды тәмамдаған. Қостанай педагогикалық сыныбының меңгерушісі тұсында ол Әулиекөл болыстық мектебінде мұғалім болып жүрген өзінің курстасын Қостанайға қызметке шақыруы әбден мүмкін деп бағамдауымызға болады.
1902 жылдың 1 мамырынан бастап А.Байтұрсынұлы А.Алекторовпен бірге Омбыға қызмет ауыстырады. Патшалық Халық ағарту министрлігі Ақмола және Семей облыстарында ауыл мектептерін ашып, оның жұмысын жолға қою мақсатында А.Алекторовты Ақмола және Семей облыстары халық училищелерінің директоры етіп бекітеді. Ол өзінің жанына іс жүргізуші лаузымына А.Байтұрсынұлын тартады. Сөйтіп, бұлар Омбыға ауысқаннан кейін М.Греховодов те сол жаққа қызмет ауыстырып, Петропавл уезінің инспекторы болып тағайындалады.
Қостанай педагогикалық сыныбының айтулы түлектері ретінде С.Көбеев, М.Дулатұлын атауға болады. Сыныпты 1901 жылы тәмамдаған С.Көбеев алғашқыда Ырғыз уезі Толағай ауыл мектебінде жұмыс жасайды. Кейін Қостанай уезінің ауылдық мектептерінде ұстаздық ете жүріп, шәкірт балаларға арналған оқу құралы мен кітаптар шығарады. 1910 жылы Уфа қаласынан И.Крыловтың мысал өлеңдерін аударған «Үлгілі тәржіма», Қазан қаласынан 1912 жылы «Үлгілі бала» кітаптарын және 1913 жылы әйел теңсіздігі тақырыбына жазылған «Қалың мал» романын бастырып шығарады.
Педагогика сыныбы 1902 жылы тәмамдаған ақын, публицист Міржақып Дулатұлы курстан кейін Қайдауыл болысында ұстаздық етеді. Одан кейінгі жылдары ол рухани ағасының соңына еріп, Ақмола, Семей облыстарында іс жүргізуші, ауыл мұғалімі қызметін атқарады.
1897 жылы жұмысын бастаған педагогика сыныбы патша билігінің уақыт керуенінде тұрақты жұмыс істеп, кеңес дәуірінің көшіне де ілеседі. 1915 жылдың анықтамалық ақпараттарында ол «Қостанай педагогикалық курсы» деп аталады. Оның 2 жылдық оқу мерзімі де сақталып, курстың оқытушылар құрамы кеңейіп, 10 оқытушыға дейін өседі. А.Байтұрсынұлымен бірге педагогикадан сабақ берген В.И.Гурылев оқытушылық қызметін жалғастырып келген. Курста пән оқытушыларының қатары да кеңейіп, дене гигиенасы, сурет, ән сабақтары қосылады.
Кеңес үкіметі тұсында, яғни 1921 жылы педагогикалық курстың оқытушыларының саны едуір өседі. Қазақстан орталық архивінің мұрағатында Қостанай педагогикалық курсының 70 шәкірті мен 17 ұстазына былғары аяқкиім беру тізімі хатталған құжат бар. Педкурстың шәкірттері мен ұстаздарына жылы аяқкиім беру мәселесі Қазақ АССР атқарушы билігінің (Совнарком) шешімінсіз жүзеге аспайтыны және жергілікті жердің әкімшілігінде ондай күш-қуат бола бермегені анық. Ал сол Совнаркомда 1921 жылы халық ағарту комиссары (Наркомпрос) лауазымын Ахмет Байтұрсынұлы атқарған еді. Ендеше, теориялық тұрғыда, оның Қостанай педагогикалық курсына қандай да бір ықпалы болған деп пайымдауға болады. Себебі Қазақ өлкесінде мұғалім мамандарын даярлайтын оқу орындары саусақпен санарлықтай еді. Қостанай уезін Қазақ автономиясының құрамында қалдыруға елеулі үлес қосқан, ағартушылық қызмет бар ғұмырының шамшырағы болған А.Байтұрсынұлы Қостанай қаласындағы өзі оқытушы болған педагогика сыныбының жалғасы болған педагогика курсының тағдырына бей-жай қарамаған болар деп ойлаймыз. Ал кеңес билігіне дейінгі 1917-1920 жылдардағы Алаш автономиясының билігі тұсында А.Байтұрсынұлы Алашорда үкіметінің 5 кісіден тұратын оқу комиссиясын басқарғаны белгілі. Демек, билік қайта-қайта ауысып, өліара кезең орын алған тұста Қостанайдағы мұғалімдер даярлайтын оқу орнының жұмысына А.Байтұрсынұлының қандай да бір қатысы болғаны сөзсіз.
1917 жылға дейін 20 жыл тарихы бар педкласс пен педкурс кеңес үкіметі толық орнаған 1920-1930 жылдары өзгеше атаулармен, Руспедтехникум және Қазпедтехникум сынды, тіпті, Қазинститут деген оқу орындары жұмыс жасайды. Жергілікті өлкетанушы ғалымдар атақты әдебиеттанушы М.М. Бахтин 1931 жылы қуғын-сүргінге ұшырап Қостанайға жер аударылып келген жылдары Қазинститутта және Қазпедтехникумда дәріс оқығанын анықтады.
1930 жылдардың орта шенінде педтехникум деген мәртебе жойылып, оны педучилище деп атау орын алады. 1939 жылы кеңес билігінің шешімімен педагог мамандар даярлайтын педучилище базасында Қостанай мұғалімдер институты ашылады. 1950-1992 жылдар аралығында ол оқу орны Қостанай педагогикалық институты деп аталып, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылы университет мәртебесін алады. 1996 жылы университетке А.Байтұрсынұлы есімі берілді. Демек, бүгінгі А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай университетінің бастау бұлағына патша заманында ашылған Қостанай педагогика сыныбы өзек болған деп толық айтуға болады. Ал сол сыныпта ағартушы ұстаз А.Байтұрсынұлының қызмет етуінің біздер үшін үлкен рәміздік сипаты бар деп санаймыз.
Алмабек Әбсадық,
А.Байтұрсынұлы
атындағы Қостанай университетінің
профессоры, филология
ғылымдарының докторы