Жер жәннаты Жетісуда детектив жанрының шебері, жазушы, журналист, майдангер Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойы өтті. Қасиетті Қаратал өңірінде ірге жайған ұлан-асыр тойға халық көп жиналды. Қазақ күресі, ұлттық ойындар жұртшылықты серпілтті. Әсіресе аламан бәйге ағайынның рухын бір көтерді. Іс-шараны ұйымдастырған – Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қоры.
Әлқисса, қазақ әуелден «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген аталы сөзді амалға айналдырғаны белгілі. Салтанатты шараның шымылдығын түрмес бұрын, Жетісу облысының бас имамы Керімбек Дәуітов қаламгердің рухына Құран бағыштап, дұға жасады. Мыңдаған адам алақан жайып, аруаққа құрмет көрсетті. «Баталы ұл арымас, батасыз құл жарымас» деген елдің ұрпағы емеспіз бе, оқылған дұғадан кейін ардақты ақсақал Наурыз Қылышбайұлы ақ батасын беріп, торқалы тойдың шымылдығын ашты.
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев жиналған жұртқа, алыс-жақыннан келген ниеттес ағайынға ақ тілегін арнап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Хатта «Осы игі шараға атсалысқан барша ағайынға, қадірлі қонақтар мен әдебиетсүйер қауымға терең ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі салтанатты іс-шараға жиналған барша азаматтарға зор денсаулық, толағай табыс, бақ-береке тілеймін» делінген.
Сондай-ақ өңір басшысы: «Кемел Тоқаев – төл әдебиетімізде отандық детектив жанрының негізін қалаған қарымды қаламгер. Жазушы өз шығармаларында саяси және әлеуметтік мәселелерді тереңнен қозғады. Оның туындылары қазақ сөз өнерінің жаңа арнада ықпал етіп, әлі күнге дейін өзінің өзектілігі мен өміршеңдігін сақтап келеді. Көрнекті жазушы қаламгерлік пен қайраткерлікті ту етіп, ел рухын оятатын батыл бастамаларды көтерді. Өзінің азаматтық борышын абыроймен өтеді», деп қабырғалы қаламгердің жазушылық қуаты қандай терең болса, өмірдегі азаматтық, елжандылық, ақиқатшылдық мұраты да сондай биік болғанын тілге тиек етті.
Мерейтойда Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов өңір халқын торқалы тойымен құттықтап, жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған «Кемел Тоқаев. Тұлға. Қаламгер. Ардагер. Әке» атты кітаптың тұсауын кесті.
Келесі кезекте сахна төріне көтерілген Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Валентина Спиридонова қордың атқарған жұмысын баяндады.
«2010 жылы ашылған қайырымдылық қоры мұқтаж отбасыларға, дарынды балаларға, тыл еңбеккерлеріне қолдау көрсетіп келеді. Қордың жәрдемімен Үштөбедегі К.Тоқаев атындағы мектеп заманауи техникалық, спорттық және музыкалық құралдармен жабдықталды, балалардың ойын алаңы, аллея салынды. Ұзақ жылдар бойы Кемел Тоқаев қоры шығармашылық дарынды балаларға қолұшын созып, еліміздің және шетелдердің үздік жоғары оқу орындарында білім алуына мүмкіндік жасап келеді. Атап айтсақ, қордың қаржысына ауданда гуманитарлық колледж салынып, күні кеше пайдалануға берілді. Тұрғындардың өтінішіне орай 50 орынды дәрігерлік амбулатория тұрғызып, оны қажетті медициналық құралдармен жабдықтап, халықтың игілігіне беріп отырмыз. Оған қоса мал шаруашылығы кешені салынып, оған 500 бас қазақтың ақбас сиыры әкелінді. Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұр. Ендігі кезекте шоколад цехын ашу қолға алынады. Той алдында ауданға арнайы ипподром салдық. Бүгінгі мерейтойлық шараның барлығын қор өз қаржысына өткізіп отыр. Мерейтойлық іс-шараға орай қор «Кемел – қаламгер» атты эссе, публицистика және проза жанрлары бойынша байқау ұйымдастырды. Бүгін оның жеңімпаздары марапатталады. Қордың демеушілеріне, жазушының шығармашылығын ардақ тұтып, әдебиетті құрметтейтін барлық азаматқа алғыс айтамыз», деді Валентина Спиридонова.
Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қорының мәліметінше, жазушы атын иеленген Үштөбедегі мектептің 60-тан астам оқушысы қор грантының қолдауымен жоғары оқу орындарында білім алды. Қазірдің өзінде 15 адам грантпен университеттерде оқып жүр. ҰБТ қорытындысы бойынша оқушылары жоғары нәтиже көрсеткен ұстаздарға да қордан ақшалай сыйақы беріледі.
Іс-шара барысында мектеп оқушылары арасында эссе, студенттер мен ұстаздар арасында публицистика, проза жанрындағы «Кемел – қаламгер» байқауының үздіктері марапатталды. Оқушылар арасындағы байқауда еліміздің батыс, шығыс, солтүстік және оңтүстік облыстарынан талапты балаларды молынан қамтып, 4 өңірдің әрқайсысына жеке-жеке 3 жүлдеден тағайындалды. Байқау қорытындысында Абай облысынан Абылай Дидаров, Астана қаласынан Жамал Саттарова, Батыс Қазақстан облысынан Эльдар Тастембек, Талдықорған қаласынан Болат Айзере жеңімпаз атанды. Сонымен қатар басқа да 12 шығармашыл жас жүлдегер атанды.
Прозада бас жүлдені «егемендік» әріптесіміз Абай Аймағамбет еншілесе, 1-орынды Самал Шаймерденова жеңіп алды. Ал публицистикада тағы бір қаламдасымыз Маржан Әбіш үздік деп танылды. Студенттер мен магистранттар, педагогтер арасында Үштөбе қаласының мұғалімі Нүрзия Рахметова бас жүлдені қанжығасына байлады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Жазушының ғасыр тойында Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева, «МузАРТ», «Алаш ұлы» топтары, Ерке Есмахан секілді елімізге танымал көптеген эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.
Қазақтың ұлттық спорт түрлерінен болған түрлі жарыс мерекенің көрігін қыздырып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген балуандар қазақ күресінен, шабандоздар аламан бәйгеде бақ сынады. Жанкүйердің делебесін қоздырып, айызын қандырған спорттық іс-шаралар қызықты өтті. Талай бәйгеде топ жарған сәйгүліктер тоғысқан аламан бәйгенің ел ішінде талайға дейін айтылып жүрері анық. Ал қазақ күресінен Әлем кубогін сарапқа салған балуандардың белдесуі көпке ерекше әсер сыйлады. Одан тыс жиналғандар арасында болған садақ ату, тоғызқұмалақ, қой көтеру сынды сайыстар қанға сіңіп, бойға біткен ұлттық спортымызды дәріптеуге айрықша жол аша түсті.
Елімізде өтіп жүрген түрлі ірі аламан бәйгенің жеңімпаздары бір жарыс жолында бастары түйісті. Сөреден шығар аттардың барлығы дерлік елге белгілі, атқұмарлар арасында ерекше беделге ие. Ал мәреге қатар келіп, сызықты бірге кесіп өткен ел ішінде «Жоланның жүйрігі» аталып кеткен, бүгінде Ұлан Омаровтың қарауындағы Бекзат Ділдахан шабандоз мінген «Талхиз» бен жетісулық Өмірәлі Жалайырдың Марлан Бектенов баптаған, Хамза Амангелді мінген «Жұмыртұяқ» сәйгүлігі елдің ыстық ықыласына бөленді. Ұйымдастырушылар ақылдаса келіп, Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қорының атынан мәреге қатарласып келген екі шабандозға да «Land Cruiser 300» көлігін берді. Әдетте, екі сәйгүліктің қатарласып келуі – сирек құбылыс. Ал екінші болып келген «Секретті» мінген Әлішер Тілек (Алматы облысы) «Toyota Hilux» автокөлігіне ие болды. Үшінші орынды «Мамайқарамен» алған Аңсар Арыстанбек «Ниваны» тізгіндеді. Жалпы, 31 шақырымдық аламан бәйгенің көпке дейін жанкүйер жадында жүрері анық. Жиналған жанкүйерлер арасында болған белгілі айтыс ақыны Жандарбек Бұлғақов: «Аты аңызға айналған жүйріктердің басы қашан бір бәйгеде тоғысады екен деп күтіп жүр едік. Сол тарихи күннің куәсі болдық.
Қазақтың менмін деген атбегілері жұма сайын жүлде алған жүйріктерін Жетісуға алып келіп, аламанға қосты. Мәре сызығын қатар кескен «Жұмыртұяқ» пен «Талхиздің» шабысын тіл-көзден сақтасын. Талайдың көзіне жас үйіріп, керемет бір эмоция сыйлаған сәт болды. Алдағы уақытта режиссерлер осы көрініске арнап кино түсірсе де артық етпейді. Керемет туынды болады деп ойлаймын. Өйткені аңыз ғып айтар, ауыздан-ауызға тарайтын бәйге болды. Ұйымдастырушылардың аттың терін, атбегінің еңбегін бағалап, жүлдені қос жүйрікке теңдей беруі көреген шешім болды», дейді. Одан бөлек, 18 шақырымға созылған топ бәйгеде Асылжан Төлеген мінген «Балқаш» оза шапты. Оған «Toyota Hilux» маркалы көлік берілді. Екінші болып Дәурен Бұршақбаевтың «Ботагөзі», үшінші болып Бағдат Шымырбаев баптаған «Үміткер» келді.
Сонымен қатар садақ, асық ату, қой көтеру, тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлерінен де жарыстар ұйымдастырылды. Жеңімпаздардың барлығына ақшалай сыйлық берілді.
Ғасырлық той аясында қазақ күресінен ұйымдастырылған Әлем кубогіне 22 мемлекеттен 200-ден астам балуан қатысты. Олар 8 салмақ бойынша сынға түсті. Қазақстан туын көтеріп шыққан Бекет Жүніс (55 кило), Ержан Еренғайып (60 кило), Нұрболат Ізімғалиев (66 кило), Алтынбек Аусағитов (100 кило) және Мәди Еділбаев (+100 кило) өз салмақтары бойынша жеңімпаз болды. Әр чемпионға 3 миллион теңге берілді.
Алты Алашқа сауын айтып, алыс-жақын ағайынның басын қосқан Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойының түйініндей болған дәл осы аламан бәйгедегі шешімнен кейін әділдік орнаған жерде ғана тыныштық болатынына көз жеткізіп қайттық.
Жетісу облысы