Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында үстел теннисінен ерлер мен әйелдер арасындағы XXVI Азия чемпионатының жалауы желбіреді.
Командалық жарысты Қазақстан ұлттық құрамасы өте сәтті бастады. Құрамында Кирилл Герасименко, Алан Құрманғалиев, Айдос Кенжеғұлов және Владислав Захаров сынды ойыншылары бар команда Непал, Бангладеш және Қырғызстанды ойсырата ұтса, Таиландты 3:2 есебімен тізе бүктірді.
Бұрымдыларымыз бастапқы кезеңде Бангладеш, Непал және Өзбекстаннан басым түсті. Бұл бәсекелердің барлығында 3:0 есебі тіркелді. Еліміздің қыздар командасы сапында Сарвиноз Мірқадырова, Анастасия Лаврова, Зәуреш Ақашева және Ангелина Романовская өнер көрсетуде. Сөйтіп, жерлестеріміз ширек финалға шықты.