«Испания Вуэльтасының» тоғызыншы кезеңі Германияның «Bora-hansgrohe» клубы сапында өнер көрсететін Леннард Кемнаның жеңісімен аяқталды.
Үш күннен кейін 27 жасқа толғалы отырған немістің танымал велошабандозы Мурсия өңіріндегі Картахена мен Каравака-де-ла-Крус қалалары аралығын қамтыған 184,5 шақырымдық қашықтықты 4 сағат 28 минут 59 секундта жүріп өтті. Леннард Кемнадан 13 секунд қалып қойған италиялық Маттео Собреро («Team Jayco AlUla») екінші орын алса, аустралиялық Крис Гамильтон («Team dsm – firmenich») үшінші сатыға табан тіреді. «Астананың» өкілдері арасында ең үздік көрсеткіш Давид Де ла Крусқа тиесілі. Ол мәре сызығын 17 болып қиып өтті.
Жалпы есепте Нидерландтың «Jumbo-Visma» клубының серкесі, америкалық Сепп Кусс көш бастап тұр. Оның көрсеткіші – 35 сағат 23 минут 30 секунд. Екінші және үшінші орындарды испаниялық Марк Солер (UAE Team Emirates) мен франциялық Ленни Мартинес (Groupama - FDJ) өзара бөлісуде. Ал Давид Де ла Крус әзірге 11 орынды қанағат тұтып отыр.