Қазақ музыка өнерінің киесіндей қастерлі тұлға, «күй атасы» атанған ұлы композитор Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына биыл, біздіңше, 200 жыл толды.
Өкінішке қарай, тарихи әдебиеттерде, мектеп оқулықтарында күні бүгінге дейін ұлы күйшінің туған, қайтыс болған жылдары туралы еш шындыққа жанаспайтын жалған деректер жарияланып келеді.
Мысал келтірсек, 1979 жылы Алматы қаласындағы «Ғылым» баспасынан, сол сияқты 2000 және 2010 жылдарда «Атамұра» баспасынан басылып шыққан «Қазақстан тарихының» 3-томдарында ұлы күйші-композитор Құрманғазы Сағырбайұлының туған және қайтыс болған жылдары 1806-1879 деп көрсетілген. Жалпы, білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған авторы Ж.Қасымбаев 2004, 2012 жылдарда жарық көрген «Қазақстан тарихы» оқулығында Құрманғазы Сағырбайұлы 1818 жылы туып, 1889 жылы дүниеден өткен деп жазылған. Ал З.Е.Қабылдинов пен А.Т.Қайыпбаеваның авторлығымен «Атамұра» баспасынан 2008 және 2012 жылдары шыққан 8-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында ұлы күйші 1806 жылы туып, 1879 жылы қайтыс болған делінген. Осы авторлар 2016 жылы 2018 жылдары 8(7)-сыныпқа арнап шығарған «Қазақстан тарихы» оқулығында Қ.Сағырбайұлы 1823 жылы туып, 1889 жылы қайтыс болды деп көрсеткен. Ал Ж.Қасымбаев пен Т.Омарбековтің авторлығымен 2016 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан «Қазақстан тарихы» оқулығында күйшінің туған, қайтыс болған жылдары 1823-1896 деп жазылған.
Осылайша, күні бүгінге дейін ұлы күйшінің туған жылы туралы 3 кейде 4 түрлі дата, ал қайтыс болған жылы туралы 3 түрлі дата көрсетіліп келеді.
Осы жерде мынадай парадоксті айта кеткеніміз артық болмас. Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 120 жыл толуы – 1938 жылы, 125 жылдығы – 1943 жылы, 150 жылдығы 1968 жылы аталып өтілді. Бұл – Қ.Сағырбайұлы 1818 жылы туды деген мағынаны білдіреді. 1981 жылы Құрманғазының туғанына 175 жыл толуы аталып өтілді, яғни бұл – ұлы күйші 1806 жылы туды деген сөз. 1993 жылы күйшінің туғанына 175 жыл толды деп тойланды, яғни бұл Қ.Сағырбаев 1818 жылы туды деген мағынаны білдіреді. Ақыр соңында, 1998 жылы Құрманғазы Сағырбайұлының 175 жылдығы бұрынғы Теңіз (қазіргі Құрманғазы) ауданында үшінші рет аталып өтілді. Неге 3 рет аталып өтілді? Себебі ол жылдарда ұлы сазгердің, шын мәнінде, қай жылы туғанын дәлелдеген ешкім болмады. Осындай ала-құлалықтан кейін Қ.Сағырбайұлының туған, қайтқан жылдары ҰБТ-ға кіргізілмеді. Тіпті соңғы жылдарда шыққан «Қазақстан тарихы» оқулықтарының хронологиялық көрсеткішіне Құрманғазы Сағырбайұлының есімі енгізілмеген.
Енді осыған 2018 жылы ұлы күйшінің туғанына 200 жыл толуы ЮНЕСКО көлемінде негізсіз аталып өткенін қоссақ, онда Құрманғазы Сағырбайұлының туған, қайтқан жылдары адам түсінбейтін шым-шытырыққа айналды деуге әбден болады. Мінекей, осындай шым-шытырықтан жол тауып, Құрманғазы Сағырбайұлының туған, қайтқан жылдарын дәл анықтап көрсеткен бірден-бір зерттеуші – ғалым, Атырау облысы Құрманғазы ауданының тумасы Мақсот Жолжанов.
Кезінде академик Ахмет Жұбанов: «Әрине, күйші жөнінде әлі талай ауызша, жазбаша деректер табылады. Біздің айтқанымызға әлі талай өзгеріс енер», деп жазған екен. Академиктің осы болжамын Мақсот Жолжанов растады.
Мақсот Жолжанов – ХХ ғасырдың екінші жартысында Құрманғазы Сағырбайұлының туған және қайтқан жылдарын архивтік деректер негізінде дәл анықтаған ғалым, құрманғазытанушы. Ол – Құрманғазы Сағырбайұлының туған, қайтыс болған жылдарын екі жолмен – әуелі логикалық тұрғыда, кейін архивтік деректер арқылы зерттеп, дәлелдеді.
Біз алдымен Құрманғазы Сағырбайұлының туған және қайтқан жылдары туралы жоғарыда көрсетілген деректердің қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін анықтап көрсетуді жөн көрдік.
Біз 1979 жылы және 2000 жылдары басылған академиялық 5 томдық еңбектің «Қазақстан тарихы» атты 3-томында ұлы күйшінің туған, қайтқан жылдары 1806-1879 деп көрсетілгенін жоғарыда айттық. Егер мектеп оқулықтарын жазуда авторлар көптомдық «Қазақстан тарихында» келтірілген деректерді басшылыққа алатынын ескерсек, онда оқулық авторы Ж.Қасымбаев Құрманғазы Сағырбайұлының туған, қайтыс болған жылдары туралы деректі 1979 жылы «Ғылым» баспасынан шыққан «Қазақстан тарихының» 3-томынан алған дегеніміз дұрыс болады. Ал енді сол «Қазақстан тарихының» 3-томындағы деректердің өзі қайдан алынды дейтін болсақ, ол – Құрманғазы зиратындағы құлпытастағы жазуға байланысты екенін айтқанымыз жөн. Құлпытаста Құрманғазының 1879 жылы 73 жасында дүниеден озғандығы жазылған. Егер 1879-дан 73-ті алып тастайтын болсақ 1806 шығады. Мінекей, кейбір зерттеушілердің Құрманғазының 1806 жылы туып, 1879 жылы дүниеден өтті деу себебі осыдан.
Алайда біз жоғарыда атап өткен құрманғазытанушы-ғалым Мақсот Жолжанов ұлы күйшінің 1806 жылы туғанына үлкен күмән келтіреді. Оның себебін былайша түсіндіреді:
«Құрекеңнің өмір жолын ашудың ең басты көзі – 1836-1837 жылдардағы Исатай, Махамбет басшылығымен болған Бөкей ордасы жұртшылығының көтерілісі еді... Егер ұлы сазгер 1806, 1816 немесе 1818 жылдардың бірінде туған болса, 30 не 18-20 жасар жігіттің халқының азаттық үшін күресіне қатыспауы мүмкін бе?». М.Жолжанов Құрманғазының құлпытасындағы «1879» деген жазу қате деп есептеген, бірақ «73 жаста» дегенге үлкен мән берген. «Біз бұл мәселені ғалымдардың қателері мен еңбектерінде келтірілген мәліметті басқаша жолмен талдау арқылы логикалық жолмен шештік», деп жазады М.Жолжанов. Ол былайша болжам жасайды: «Құлпытасты оюшы...оңнан солға қарай» «Құрманғазы Сағырбайұлы 73 яшында» деп ойып бітірген соң, тастың ең шетіне арабша жазу тәсілімен 7,9,8,1 сандарын оңнан солға қарай ретімен «1897» деп оюға тиіс еді. Алайда «97» саны арабша жазу тәсілімен «79» деп, яғни тастың ең шетіне түсетін жетіліктің орнына абайламай «9»-ды ойып қойған. Былайша айтқанда, «9»-ды ұмытып кеткен. Оған дәлел 1,8,7, сандарының мөлшері де, ара қашықтықтары да келісімді-ақ орналастырылғанында, ал өзінің тиісті орнынан айырылған «9» саны басқаларынан 2 есе жіңішке де, қасындағы «7»-ге жақындастырыла, әрең сыйғызылып ойылған. Бұл оның өз орнынан қалып қойғанын даусыз дәлелдейді». Осылайша, Жолжановтың пікірінше, Құрманғазы Сағырбайұлы 1897 жылы қайтыс болған, ал құлпытасқа «1897» деген цифрлардың орнына оюшының қателігінен «1879» деп жазылып кеткен.
Қ.Сағырбайұлы 1818 жылы туды деген академик А.Жұбанов ұсынған пікір туралы айтатын болсақ, мәселенің мәнісі былай болып шығады. А.Жұбанов архивтен 1868 жылы 27 қазан күні шыққан «Уральская войсковая ведомость» атты газеттен журналист Никита Савичевтің «Карманов форпостынан Глинискийге дейін» деген мақаласын оқиды. Мақалада Н.Савичевтің 1868 жылдың қыркүйек айында казак И.Ф.Бородиннің үйінде Құрманғазымен кездескені сөз болады. Құрманғазының бірнеше күйлерін тыңдаған Н.Савичев, күйшінің орындаушылық талантына тәнті болады. Ол осы мақаласында «Сағырбаев – сирек кездесетін музыкалы жан, егер ол еуропалық білім алса, музыка дүниесінде ең үлкен жұлдыз болар еді», деп жазған.
Н.Савичев Құрманғазыны «орта бойлы, орта жастағы адам» деп суреттейді. Ал А.Жұбанов осыған орай «Орта жасты ең үлкен 50 деп алғанның өзінде (1868-50=1818) Құрманғазы 1818 жылы туған болып шығады», деп болжайды. Осы болжам бойынша 2018 жылы Құрманғазының 200 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланды. Қазіргі оқулықтарының көпшілігінде де Құрманғазы 1818 жылы туды деген қате деректер көп кездеседі.
Келесі әңгіме ұлы күйшінің 1823 жылы туып, 1896 жылы қайтыс болғаны туралы. Бұл мәселе төңірегінде белгілі тарихшы, профессор И.Кенжалиев біраз зерттеу жұмыстарын жүргізген. Астрахан облыстық мемлекеттік архиві материалдарымен таныса келе, ол: «архивте Құрманғазының 1882 жылы абақтыда жатқаны туралы мәліметтер бар. Өкінішке қарай, осы архивтерде кездескен мәліметтер тым қысқа, әрі үзік-үзік», деп жазған. Исатай Кенжалиев ұлы сазгер 1818 жылы туған деген сөз «үстірт пікір» дейді. Сонымен бірге Құрманғазы 1879 жылы қайтыс болмаған деген пікір білдіреді.
Осы мәселе төңірегінде шұғылданған ғалымдардың ішінен М.Жолжановтың еңбегін ерекше атаған жөн. Кезінде логикалық тұрғыда Құрманғазының туған, қайтқан жылдарын нақты анықтаса да, М.Жолжанов өз дәлелін архивтік деректер арқылы негіздеуді қажет деп есептеді. Осы мақсатпен ол Астрахан қаласындағы шаң басқан құжаттарды жалықпай аударып, төңкерді. «Іздеген жетер – мұратқа», дегендей, ғалым ақыр соңында өз мақсатына жетті. Өзінің Астрахан қаласындағы мұрағаттан Құрманғазының туған жылына байланысты деректерді қалай тапқаны туралы М.Жолжанов былай деп жазады:
«... талай ғалымдар ештеңе таба алмаса да, Астрахан мемлекеттік архивіне барып, бақ сынауға бел байладық. 1984 жылы Исатай Кенжалиев ақтара тексерген 203 қордың бірінші байламынан 37-істі таңдап алып, екінші күні 629-іске тап болып, қуанғаннан не істерімді білмедім. Бұл істің 21,31 беттерінен сазгердің жылқы ұрлады деген жаламен Краснояр түрмесінде (Астрахан облысы) үш ай отырғанын анықтадым. Түрменің смотрителі Сусленков Астрахан губерниясы прокурорының орынбасарына 1882 жылдың 9 наурызында 83-санды рапорт жазып, онда ақпан айында түрмеде отырған 43, наурызда 38 адамның тізімін берген. Біріншісінде Құрекен 42, ал екіншісінде 38-кісі болып тіркелген. Оның атының тұсында ұлты, сотталу себебі, үкімі, жаза мерзімі, жасы (59) анық жазылған.
Егер Құрманғазы Сағырбайұлы 1882 жылы 59 жаста болса, (1882 – 59 = 1823) онда ол 1823 жылы туған болып шығады. Қазақтың жыл санауы бойынша Құрманғазының туған жылы 1823-1824 (наурыздан наурызға дейін) қой жылы, ал қайтыс болған 1896-1897 жылдар «мешін» болып келеді. Осылайша, ұлы сазгер қой жылы туып, мешін жылы алты мүшелінде дүниеден өткен.
Астрахан архивінен Құрманғазының қай жылы туғанын дәлелдейтін деректі табуы М.Жолжановтың ғылыми үлкен табысы еді. Осы үлкен жаңалықты ашқан Ғылым Академиясының академигі де емес, ғылым докторы не профессор да емес, Теңіз ауданындағы бір мектептің бұрынғы мұғалімі Мақсот Жолжанов болатын. Сондықтан да біз мұны Жолжанов феномені дейміз. Бұл – М.Жолжанов бойындағы зерттеушілік қабілеттің биік көрінісі, нақты жемісі еді.
Өлкетанушы ғалым М.Жолжанов ұлы сазгер Қ.Сағырбайұлының туған, қайтқан жылдарын 1993 жылдың өзінде, яғни республикамызда оның 175 жылдығы аталып өтіп жатқан кезде анықтаған болатын. Алайда Құрманғазының туған, қайтыс болған жылдары туралы А.Жұбанов, И.Кенжалиев, Қ.Жұмалиев, Ұ.Рахметуллин сияқты зерттеушілердің пікірлері әртүрлі болғандықтан, осы әртүрлі пікірді бір арнаға түсіріп, жылдарды дәл анықтау мақсатында Атырау облысының басшылығы Ұлттық Ғылым академиясына сұрау салды. Осыған орай ҰҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында сазгердің өмірі мен қызметін дәл анықтау жөнінде арнаулы сараптау комиссиясы құрылды. Сол комиссияның шешімі мынадай болды:
Қорытынды
ҰҒА М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты халық композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының туған, қайтқан жылына қатысты сарапшылық комиссияның қорытындысын хабарлайды: Архив деректері мен зерттеушілер М.Жолжанов, Қ.Жұмалиев, И.Кенжалиев, Ұ.Рахметуллиннің пікірлерін мұқият сараптай отырып, халық композиторы Құрманғазы Сағырбайұлы 1823 жылы туып, 1896 жылы дүние салған деген қорытындыға келді. Кезінде бұл шешім «Атырау» газетінің 1996 жылғы 12 қыркүйек күнгі санында жарияланды.
Осы қорытындыға сәйкес, 1996 жылы Астрахан облысы Володар ауданы аумағындағы Құрманғазы Сағырбайұлы жерленген орынға Маңғыстаудың ұлутасынан биік кесене тұрғызылды. Кесене маңдайына архивтен М.Жолжанов анықтаған композитордың туған және қайтыс болған жылдары (1823-1896) жазылған. Кесененің ашылуына Қазақстан Президенті мен РФ премьер-министрі қатысқан.
Осы тұжырымға сай – 2013 жылы Атырау қаласында ұлы күйшінің 190 жыл толуына арналған 1000 домбырашы қатысқан күй-концерт өткенін де қалың жұртшылық ұмыта қойған жоқ.
Осылайша, ұлы сазгердің туған, қайтыс болған жылдарын анықтау жолында талай тер төгіп, еңбек сіңірген Мақсот Жолжанов үлкен ғылыми табысқа ие болды. Оның ашқан жаңалығын Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының өзі мойындады.
Осындай ерекше ғылыми жаңалығы үшін Мақсот Жолжановты Қазақстандағы биік те беделді тарихшы ғалымдардың қатарына қосуға әбден болады. Сондықтан да біз даңқты өлкетанушы жерлесіміз, «дала академигі» Мақсот Жолжановпен мақтануымыз керек.
Қорыта келе айтарымыз – Еуропаның Гайдн, Штраус, Бетховен, Чайковский сияқты атақты композиторларымен тең түсетін қазақ халқының ұлы сазгері Құрманғазы Сағырбайұлы дүниеге 1806 жылы да, 1818 жылы да емес, 1823 жылы келген. Бұл тұжырым архивтік деректер негізінде дәлелденген. Сондықтан да биылғы 2023 жылы күй атасы атанған ұлы композитор, өнерінен өнеге дарыған Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толуы елімізде кеңінен аталып өтуге тиіс.
Аманкелді ШАМҒОНОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры