• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Білім 06 Қыркүйек, 2023

Игерілмеген гранттар

542 рет
көрсетілді

2023-2024 оқу жылына 88 204 грант бөлінген. Биыл олардың 95 пайызы игерілді. 5 пайызы игерілмей қалды. Осы білім гранттары оқуға түсе алмай қалған талапкерлер арасында қайта үлестіріледі.

Оқуға түсе алмай қалған талапкерлерге грант иегері атануға бірнеше мүмкіндік бар. Солардың бірі – осы игерілмеген гранттар. Жыл сайын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және мемлекеттік органдар кадрлар қажеттілігі бо­йынша ұсынған ресми ақпарат негізінде мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылады. Сол бойынша биыл 88 204 грант бөлінген. Грант­тардың басым бөлігі «Ин­женерлік, өңдеу, құрылыс са­ла­лары», «Педагогикалық ғы­лымдар», «Ақпараттық-ком­муникациялық технологиялар», «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» білім беру бағдарлама топтарына берілген. Ал игерілмей қалған гранттар қайта бөлінеді.

Талапкерлердің көкейінде «игерілмеген гранттарға қалай іліге аламыз, ол үшін не істеу ке­рек?» деген сұрақ туындағаны түсінікті. Алайда игерілмеген грант­ты ұтып алуға ешқандай құ­­жат тапсырудың қажеті жоқ. Өйт­­кені ол ұлттық бірыңғай тес­тілеу нәтижесі бойынша автомат­ты түрде беріледі. Кімнің бағы жа­нары ұпайына байланысты. Талапкерлерге тек конкурс нәти­жесін күту керек.

«Біз жыл сайын білім беру бағдарламалары бөлінісінде мем­лекеттік білім беру тапсырысын бекіту барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі ұсынатын ана­литикалық есепті негізге аламыз. Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысының 95,3 пайызы игерілді. Игерілмеген грант­тар жалпы конкурс бойын­ша қайта үйлестіріліп, ҰБТ нәти­жесінде жоғары ұпай жинаған, бірақ жаздағы конкурс қорытын­дысында грант иеге­рі атанбаған талапкерлерге бері­леді», деді Ғылым және жоғары білім ми­нистр­лігінің бас сарапшысы Күләш Үсенова.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта тиісті бұйрыққа өзгеріс енгізу жұмыстары жүргі­зіліп, бос гранттарды қайта бөлу мәселесі қарастырылып жатыр. Нәтижесі қыркүйек-қазан айларында белгілі болады.