Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауындағы айқын, жан-жақты әрі нақты тапсырмалар заңнамалық тұрғыдан алғанда да, адами қабылдау тұрғысынан да жұртшылықтың көңілінен шықты.
«Ақ жол» демократиялық партиясы үшін Жолдау аясында отандық бизнес тарапынан жылдар бойы айтылып келген, бірақ күні бүгінге дейін шешімін таппай жүрген көптеген тақырыптың көтерілгені маңызды.
Жаңа экономикалық модельге көшу қажеттілігі туралы Мемлекет басшысы 9 тамызда Павлодарда өткен кеңесте: «Біз Қазақстанның экономикалық дамуына өте маңызды серпін беруіміз керек. Өз басым жаңа экономикалық модельді дамыту мәселесіне қатысты ойлану үстіндемін», деп, Жолдауда өз пайымдауларының көрініс табатынын жеткізген болатын.
Енді, міне, өз Жолдауында Қасым-Жомарт Кемелұлы «дамудың сапалық үлгісіне» көшу туралы айта отырып, оны жаңа өндірістік саясатпен, берік өндірістік қалыпты қалыптастырумен, экономикалық жеткіліктілік пен өңдеуші саланың дамуымен байланыстырды.
Бұл тәсіл Президенттің азаматтардың өмірін шынайы жақсартудың негізі ретінде қандай экономиканы көріп отырғанына нақты жауап береді. Егер бұрынғы формат шикізат пен қаржы секторларына және олардың мүдделеріне (банкирлер 2008-2010 жылдардағы дағдарысқа дейін өздерін посткеңестік экономикалардың «көшбасшылары» деп санап, сонысымен мақтанатын) назар аударса, енді Қ.Тоқаев өндірістік және әртараптандырылған экономиканы қолдайтынын нақты атап өтті. Және бұл сөздерді нақты параметрлермен толықтырды: «Реттелетін сатып алудағы отандық тауарлардың көлемін ұлғайту. Отандық өндірушілермен офтейк келісім-шарттар үлесін кемінде 10%-ға дейін ұлғайту». Бұл – шынымен де жаңа тәсіл.
Неге екенін түсіндіре кетейін: 2015 жылы Үкімет «қазақстандық тауар» және «қазақстандық өндіруші» ұғымдарының өзін мемлекеттік сатып алу туралы заңнан алып тастауды талап етіп, тек «Ақ жол» фракциясы ғана Мәжілістің жалпы отырысында Үкіметтің ұсыныстарына қарсы өз түзетулерін тоғыз рет дауысқа салса, «нұротандық» көпшілік Үкіметті қолдап, ұлттық экономикаға тоғыз рет қарсы шыққан еді.
Ал «Ақ жол» демпартиясының депутаттары 2020 жылы «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасын қарау кезінде офтейк-шарттар құралын қосу талаптарын енгізді (https://akzhol.kz/kk/blog/a-perwashevting-maezhilisting-zhalpy-otyrysynda-oenerkaesiptik-sayasat-twraly-zang-zhobasyn-talqylaw-barysynda-soejlegen-soezi). Бірінші оқылымда бұл бастамаларды Үкімет қабылдамады, тек біздің уәждеріміздің қысымы мен біз ұйымдастырған қоғамдық талқылаудан кейін шенеуніктер келісуге мәжбүр болды. (https://t.me/peruash/2061) Бірақ соған қарамастан, соңғы үш жыл ішінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бюрократтары өздері бұғаттап тастаған офтейкті жүзеге асыру үшін заңнамалық актілерді әзірлемеген. Сондықтан да Президент офтейк жүйесін «енгізу» туралы емес (себебі оны заңға осыдан үш жыл бұрын енгізген), «толық іске қосу» туралы айтып отыр.
Президенттің нақты айқындалған ұстанымы осы күресте (айтылған заңдар бойынша да, осыған ұқсас басқа көптеген мәселеде де) көп күш жұмсаған адамдар ретінде бізге жігер мен сенімділік береді. Бірақ, сонымен бірге, бұл нұсқаулар осы жылдар ішінде қанша уақыттың зая кетіп, экономиканы дамытудың қанша мүмкіндігінен айырылғанымызды көрсетеді. Сондықтан «Ақ жол» фракциясы әлеуеті таусылған банктік-шикізаттық парадигмадан алыстап, оны жаңа экономикалық модельге ауыстыруға барынша үлес қосады.
Жолдауда, күтілгендей, энергетика саласына баса назар аударылды. Бірақ, сонымен бірге, монополистердің жауапкершілігін арттырып, тариф теңгерімін қоғамдық қадағалауды ұйымдастыру мен шынайы инвестициялар жасау керектігі олар үшін тосын сый (қуана қоймаған шығар, әрине) болса керек.
Бұл – «Ақ жол» демпартиясы 2013 жылдан бері парламенттік жұмысында бірнеше рет көтерген өте өзекті мәселе. Ал биылғы Екібастұз бен Риддердегі төтенше оқиғалардан кейін 2022 жылдың 21 желтоқсаны (https://akzhol.kz/ru/initiated-bills/ak-zhol-trebuet-likvidirovat-nenuzhnh-posrednikov-mezhdu-nergeticheskimi-kompaniiami-i-potrebiteliami) мен 2023 жылдың 18 қаңтарында (https://akzhol.kz/kk/initiated-bills/a-zhol-azastandtar-lektr-nergiias-shn-zhlna-2-trln-tegege-dejn-art-tlejd) жасаған депутаттық сауалдарымызда біз тиісті бақылаусыз «инвестицияға айырбас тарифі» бағдарламасы он жыл бұрын болғандай, қайтадан ұрлық пен қаржыны шетелге шығаруға әкеп соғатынына мемлекеттік органдардың назарын аудардық.
Жазда ел бойынша жасаған сапарларымның барысында мен Риддер ЖЭО-да болып, қалпына келтіру шараларының барысымен таныстым. Үкімет орасан зор күш салып, барлық қажетті қаражатты бөлгенін мойындау керек. Жергілікті органдар жұмыстың жоғары қарқынын ұйымдастырып, материалдар үздіксіз жеткізілуде екен. Бірақ стансаның жалпы жағдайы физикалық ресурстардың таусылғанын, өзге де шаралардың қажеттілігін көрсетеді. Мамандардың айтуынша, бүкіл мемлекет ауқымында қарастыратын болсақ, Риддер ЖЭО-сы 50-ден астам осы тектес нысанның ішіндегі ең нашары емес. Мүмкін болатын баламалар – атом энергетикасын қолдану мен жылу жүйелерін орталықсыздандыру (еуропалық үлгі бойынша), бірақ тағы да алдыңғы орынға қауіпсіздік мәселесі шығады. Дегенмен өткен маусым таңдауды көпке созуға болмайтынын анық көрсетті. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлының АЭС құрылысы бойынша референдум өткізу туралы шешімі дер кезінде жасалды.
Сондай-ақ Президент энергетикалық машинажасауды дамыту мақсатын да атап өтіп: «Генерация нысандарын кеңейту – технологиялар трансферті мен энергетикалық машинажасауда өндірісті локализациялаудың негізі...», деді. Бұл мәселені энергетикадағы дағдарыс аясында «Ақ жол» фракциясы биыл 14 маусымдағы депутаттық сауалында көтерген еді (https://akzhol.kz/kk/initiated-bills/mashina-rastru-bl-tek-ana-avtomobilder-emes-kommunald-apattard-aldn-alu-zhne-salan-zhartu-masatnda-nergetika-mashinalarn-zhasaud-zhedel-jmdastru-kerek), оған берген жауабында Үкімет «энергетикалық машинажасау ел бойынша негізінен қозғалтқыштар мен турбиналар өндірісімен қамтылған» деп хабарлады. Алайда, отандық машинажасаушылардың өздері мұндай өндіріс туралы ештеңе білмейді (https://t.me/peruash/9476). Үкіметке мұндай жаңсақ ақпаратты кім бергенін білмеймін (бейінді министрлік берсе керек), бірақ мұны Президент әкімшілігі құп көрмеді. Қазақстанда өндіріс ретіндегі энергетикалық машинажасау бүгінде жоқ, осындай жабдықтарды жөндеу мен қарау бойынша қуаттар бар. Жөндеуден сериялық шығарылымға көшу үшін технологиялар трансферті мен өндірісті жергіліктілендіру (локализация) қажет – энергетикалық машинажасауды электротехникалықтан (аккумулятор өндірісі) бөле қараған Қ.Тоқаев та осы жөнінде айтқан еді. Біздің сауалымыздан кейін-ақ бірқатар машинажасау кәсіпорны қажетті қолдау шаралары, ең алдымен, шығарылатын өнім сатып алынған жағдайда, Мемлекет басшысының тапсырмаларында айтылған энергетикалық жабдықтарды шығаруды бір ізге қоюға даяр екендіктерін жеткізді. Сонда қалай – қағазбастылықтан арылып, нақты іспен айналысу үшін шенеуніктерге міндетті түрде Президент Жолдауын күту керек пе?
Экономиканы әртараптандырудың айтарлықтай ілгерілеуі ретінде автокомпоненттер өндірісі туралы тапсырманы атауға болады. Қоғамдағы «дөңгелекке тығын тығу» мен утильалым туралы пікірталастар отандық автоқұрастыру зауыттарын шағынтүйінді жинақтауға (CKD) көшуге мәжбүрлеуде. Соның аясында қосымшалар өндірісі кезең-кезеңімен отандық мердігерлерге берілуі керек. Осы жылдың шілде-тамыз айларында біз, «Ақ жол» демпартиясының депутаттары, «Hyundai» (Алматы https://t.me/peruash/9484) мен «Allur Auto» (Қостанай https://t.me/peruash/9648) зауыттарында болып, отандық үлестің одан әрі артуы мәселесін талқылаған болатынбыз. Екі жағдайда да жауапты инвесторлар шетелдік әріптестеріне жергіліктілендіруді тереңдету қажеттілігін түсіндіре алды. Келесі жылы жергілікті қамтуды 50 пайызға жеткізу керектігі туралы ортақ түсінік бар. Алматылықтар 2030 жылға қарай 100 пайызға шықпақшы. Тағы бір нұсқа ретінде CKD бойынша құрастырылатын модельдерге ғана мемлекеттік жеңілдіктерді қолдану нормаларын енгізу қарастырылуда. Жақында ғана қайта құрылған Қазақстан автомобиль одағының басшылығымен кездесуде осы мәселелерді пысықтап (оның ішінде утильалымды жою), «Өндірістік саясат туралы» заңға өндірістік жинақтау туралы ұсыныстар әзірлеуге келістік.
Осылайша, Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы машинажасауды дамытудың кезекті кезеңіне саяси ықпал тигізіп, саланың кенжелеп қалмай, алға басуына жол ашады. Мұндай көшуден күтілетін нәтиже көлік бизнесіне, жаңа технологиялар мен өнім түрлерін игеруге, лайықты жалақысы мен салалық табыстың кеңейтілген қайта бөлінуін қамтыған мыңдаған мамандандырылған жұмыс орны ашылуына жекелеген алпауыттардың ғана емес, ондаған ШОБ кәсіпорнының тартылуы болуы керек.
Жолдауда айтылған ең өткір мәселелердің бірі ретінде Президенттің су тапшылығына қатысты салиқалы да кешенді ұстанымын атап өту керек. Тамыз айында «Ақ жол» демпартиясының депутаттары Жамбыл облысының қуаңшылықтан зардап шеккен егістіктерінде диқандармен кездескен еді (https://t.me/peruash/9557). Олар да Жолдауда аталып өткен мәселелерді көтерді: «Қазсушардың» су балансын болжау мен жоспарлаудағы қабілетсіздігі, көрші елдермен келіссөздер жүргізе алмау, суды бұру инфрақұрылымының осалдығы салдарынан болған үлкен шығындар, гидрогеология мен су қоймаларының жоқтығы, бұрыңғы артезиан құдықтарының иесіз қалуы, кадр тапшылығы... Осы тектес мәселелерді Алматы, Павлодар, Ақмола облыстары мен өзге өңірлердің шаруалары да көтерді (https://t.me/peruash/9694). Жалпы, трансшекаралық өзендердің су қоршауларын реттеу мәселесін біздің фракция 2012 жылдан бері депутаттық сауалдарында көтеріп келеді. Бұған дейін бұл тақырыпты Қытай Компартиясы ОК-мен кездесуде көтерген едік. Бірақ жаһандық үрдістер белең алуда, сондықтан көршілес мемлекеттермен келісімдерден бөлек, Президент атап өткендей, су ресурстарының ішкі пайдаланылуын оңтайландыру қажет. Бірқатар көршілес елде (Иран, Ауғанстан) жаһандық құрғақшылық салдарынан жергілікті халық бағзы замандардың өзінде-ақ жерасты кәріз суларына көшуге мәжбүр еді. Бүгіндері табиғат адамзат баласына кезекті сынақтарын жіберуде. Сондықтан Қ.Тоқаевтың суды үнемдеп тұтынуға мән беру туралы тапсырмаларына жауапкершілікпен қарау керек. Біздің ауылшаруашылық өнімдерін өндіруші ретіндегі экономикалық болашағымыз да, азық-түлік қауіпсіздігіміз мен өңірлердің күнкөрісі де осыған байланысты.
Экономиканың қозғаушы күші болудың орнына, оны тежеп отырған, салдарынан миллиондаған қарапайым отандасымыз оның көпжылдық сәтсіздіктерін өз иықтарына салып арқалап жүрген саланың бірі – көлік-логистикалық сала. Президент теміржол, әуе, теңіз, автокөлік транзиттері әлеуетінің стратегиялық түйіндері мен бағыттарын белгілеп берді, тиісті тарифтік және реттеуші саясатты әзірлеп, жеке инвестициялар тартуды тапсырды. Ал осы тұста депутаттардың пошталарына вагон жетіспеушіліктері, ҚТЖ-ның жеке тасымалдаушыларды ығыстырып шығарғысы келетіндігі, жүк тиеу үшін ҚХР-мен арадағы кедендік көлік өткелдеріндегі кептелістер, өзге елдерге жүк жеткізіп беруге рұқсат алу кезінде отандық автокөлік компаниялары құқықтарының тапталуы, т.б. туралы өтініштер ағылып келуде. Әуе билеттері бағасының шарықтап кетуі мен жауапсыздық деген бөлек әңгіме: «Эйр Астананың» қымбатқа түсетін ұшуларын (осы негізде өңірлік маршруттарды монополиялап алған) алмастыруға тиіс болған «лоукостер» баға жағынан ұлттық тасымалдаушыны қуып жетті (алайда, қызмет сапасы ол деңгейде емес) және белгілі болғандай, онымен «бір қалтаға» жұмыс істейді екен. Мұның барлығы – логистиканың қымбаттауы мен ұлттық экономиканы жеке аймақтар мен нарықтарға бөлшектейтін жасырын монополияландыру. Алайда, өз азаматтарымыздың пайдасы мен ұлан-ғайыр аумақты тұтастықта ұстау да аса маңызды.
Ал еліміздің «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізі ретіндегі маңызын жол құрылысындағы кемшіліктер жоққа шығарады. Мәселен, «Алматы-Тараз» тасжолында, Қордай маңында транзиттік жүк көліктері мен жергілікті көліктер жиырма шақырымнан астам жолды осымен үш жыл қатарынан далалық жолмен айналып өтуге мәжбүр. Қайдағы жылдамдық, қызмет сапасы мен теңіз жолының баламасы?! Бұл – халықаралық дәліз бойынша бір ғана мысал. «Талдықорған – Өскемен», немесе «Өскемен – Риддер» бағытындағы жолдары да жетісіп тұрған жоқ. Осы және өзге де учаскелерді жазда өңірлерді аралау барысында көрген соң, олардың жағдайы туралы өз тәжірибемнің негізінде айтып отырмын.
Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлының жол құрылысына «сын көтермейтін», жемқорлық тәуекелдері жоғары һәм «ауру» сектор ретінде берген бағасын өз басым толық қуаттаймын. Президент барлық адал емес компаниялар жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді. Бұл – маңызды әрі өте қажет.
Осы тақырыпты дамыту барысында «Ақ жол» фракциясы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне балама материалдарды пайдалана отырып, жол құрылысының құнын төмендету бойынша жұмыс жүргізуді бірнеше рет ұсынған болатын. Біз мемлекеттік органдардың, «Қазавтожолдың» және жол құрылысшыларының қатысуымен бірқатар ауқымды талқылау өткіздік, онда мұндай әзірлемелер белгілі екені, тәжірибелік учаскелер салынып, нормативтік құжаттар бекітілгені анықталды (https://akzhol.kz/kk/blog/a-zhol-dempartiiasnda-zhol-rls-salasn-mseleler-tallan). Бірақ жауапты органдар белгісіз себептермен олардың жаппай қолданылуына және құнының төмендеуіне табандылықпен қарсылық көрсетуде. Мемлекет басшысының мамандандырылған Көлік министрлігін құру туралы шешімі бұл мәселені ілгерілетеді деп сенеміз.
Президент орта бизнестің мәселелеріне де тоқталып, олардың құқықтарының шектелуін дұрыс көрсетті. Салық салу (ставкалар, ҚҚС қайтару т.б.), инвестициялық саясат, мемлекеттік сатып алу, реттеудегі барлық қолданыстағы жеңілдіктер мен преференциялар – бүгінгі таңда шағын немесе ірі кәсіпорындарға ғана арналған. Іс жүзінде шенеуніктер орта бизнесті қолдаудан бас тартып, бүкіл әлемде қолданылатын «шағын және орта бизнес» экономикалық категориясын екі бөлек сегментке бөліп тастады. Мысалы, тексерулерге мораторий бірнеше жылдан бері тек шағын және микрокәсіпкерлік субъектілері үшін жарияланып, орта кәсіпкерлерге қолданылмайды т.б. Нәтижесі – Жолдауда атап өтілгендей, кәсіпорындардың «шағын бизнестің қолайлы сегментінде қалу үшін бөлшектелуге» ұмтылысы.
Бірақ, шын мәнінде, бұған кәсіпкерлердің «өзімшілдігі» емес, бизнесті шағыннан – ортаға, ортадан ірі кәсіпорындарға дейін өсіруге ынталандырудың жоқтығы себеп болып отыр. Бүгінгі күні, керісінше, бизнестің өсуіне, негізгі капиталға инвестициялануына, айналымның, жұмыскерлердің және капиталдың көбеюіне тиімсіз болуы үшін барлығы жасалып жатыр.
Бұл арада экономика құрылымына тиімділігі мен ықпалы жағынан бірде-бір алпауыт орта кәсіпорындар массасын алмастыра алмайды. Өңдеу өнеркәсібінің тірегі орта бизнес болса да, ондаған жыл бойы мемлекеттің «өгей баласы» болып келе жатқаны да сол.
«Ақ жол» фракциясы заңнамаға қатысты ұсыныстары мен сауалдарында ШОБ, оның ішінде орта бизнеске қатысты бірыңғай экономикалық саясатты тұрақты түрде жақтап келеді. Сонда өсіп келе жатқан компанияларға бөлшектеліп, негізгі капиталға инвестицияны тежеудің қажеті болмай, өсу одан әрі серпін алады. Бұған дейін біз Үкіметке шағын және орта бизнесті дамытудың бірыңғай бағдарламасын әзірлеуді бірнеше рет ұсынғанбыз, әттең, естір құлақ болмады (мысалы, 2017 жылдың 31 мамырындағы депутаттық сауалды қараңыздар https://akhol.kz/ru/initiated-bills/migrated_4259).
Депутаттардың осындай бастамаларына жауап дайындаған мемлекеттік аппараттағы шенеуніктерге Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы мына жолдарды мұқият оқып шығуды ұсынамыз: «Заңнамаға шағын кәсіпкерлікті ұлғайтуды ынталандыратын өзгерістер енгізілсін. Елде табысты орта кәсіпорындар тым көп емес... Оларды қолдау керек... «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын шағын және орта бизнесті қолдаудың кешенді бағдарламасына біріктіру керек».
Оптимистік, бірақ сонымен бірге ауыр тақырыптардың бірі – Қасым-Жомарт Кемелұлының экономикалық қылмыстарды қылмыссыздандыру туралы нұсқауы, өзі дұрыс атап өткендей, бұл арқылы «мемлекеттік органдар ... белгілі бір шектен шығуға жол береді».
Бұл – бизнес-климат үшін өте маңызды мәселе, өйткені экономикалық бұзушылықтарды қылмыстық санатқа жатқызу қамауға алуға, сол арқылы кәсіпкерге психологиялық және физикалық қысым көрсету үшін пайдалануға мүмкіндік береді. Бір апта бұрын мен бір топ адвокатты осындай істер бойынша қабылдадым. Қылмыстық істердің әлі де табысты бизнесті бопсалау және рейдерлік басып алу үшін қолданылып жатқаны туралы ескертпелер бар (https://akzhol.kz/kk/blog/a-zhol-lider-azat-peruashev-kspkerler-mddesn-orap-zhrgen-br-top-advokatt-abldad). Оған қоса, нақты дәлелдер болмаған жағдайда «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» деген айып қолданылады, мұнда кәсіпорынның штаттық қызметкерлерінің міндеттерін бөлу «айғақ» болып саналады екен (айтпақшы, РФ ҚК-де 2020 жылдан бастап ресми кәсіпорын қызметкерлерінің қызметтік міндеттері ұйымдасқан қылмыстық топтың белгісі бола алмайды деген толықтыру енгізілген).
Жолдауда Мемлекет басшысы салықтық қылмыстар үшін «қылмыстық жауапкершілікке тарту нормаларының шегін айқындаудың әділ механизмін енгізуді» тапсырды. Осыған ұқсас қағидатты мемлекетпен іскерлік қарым-қатынастың басқа салаларына да қолдануға болады деп есептеймін. Мысалы, субсидия алу тәртібі бұзылған жағдайда (осы себептермен қазір қылмыстық істер күн сайын дерлік қозғалады). Егер кәсіпкерге салықтарды төлеу, субсидиялар және басқа да жеңілдіктер алу кезінде оның кәсіпкерліктің негізгі капиталына салған инвестициясынан он есе аз мөлшердегі бұзушылықтар үшін айып тағылса, онда мұндай қылмыстық істер айыптаудың айқын экономикалық сауатсыздығы ретінде дереу тоқтатылуға тиіс. Бір жобаға 2-3 миллиард немесе одан да көп қаржы салған инвестор 100-200 миллион теңгені «ұрлап» қайтеді? Бұл – абсурд. Бірақ әзірге дәл осындай айыптаулар кейде бизнеске тағылып жатады.
Президент Қ.Тоқаевтың ұсынысы әділеттілікті моральдық қана емес, экономикалық категория ретінде де парасаттылықпен түсінуге негізделген.
Жолдаудың қаржы нарығына қатысты бастамаларына келетін болсақ, олар Қ.Тоқаевтың экономикалық моделінің өндірістік парадигмаға нақты көшіп, бұрынғы про-банктік тұжырымдамадан алыстағаны туралы айтуға негіз болады.
«Отандық банктердің экономиканың дамуына қатысуы шамалы. ... Нақты секторды несиелендірудің төмендеуі аясында банктердің назары тұтынушылық несиелер беруге ауысты. Бұл қаржы жүйесі үшін тәуекелдердің артуына әкелді... Корпоративтік несиелеудің жеткіліксіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажет. Экономикаға ақша керек.
...Аса табыстылық банктердің тиімді жұмысының нәтижесі емес, негізінен жоғары базалық мөлшерлеменің салдары... Үкімет пен Парламент мемлекеттің мүдделерін ескере отырып, осы пайданы неғұрлым әділ түрде қайта бөлу мүмкіндігін қарастыруы керек.
Қаржы ұйымдарының өтімділікті мемлекеттік бағалы қағаздарға орналастырудан алатын орасан зор табысы мәселесі де өзекті... Мұнда ешқандай логика мен мемлекеттік ұстаным жоқ...
Банк секторындағы тағы бір мәселе – жоғары концентрация. …Сонымен бірге… экономикалық жобаларды қаржыландыруға тек санаулы банктер ғана қатысады».
Тәуелсіздіктің бүкіл тарихында банк секторы Мемлекет басшысы тарапынан мұндай жойқын сынға бұрын-соңды ұшыраған емес. Ал Президенттің мұндай баға беруге мәжбүр болуы оның жағдайды жақсы меңгергендігін ғана емес, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын дамыту агенттігі тарапынан саланы мемлекеттік реттеудің сәтсіздігін көрсетеді. Қалай болғанда да, Жолдауда айтылған фактілерді мен осылай бағалаймын.
«Ақ жол» демпартиясы кейінгі бірнеше жылда өз баяндамаларында бизнесті несиелеуді қысқарту арқылы банк портфельдерінің тұтынушылық несиелеуге қауіпті бейімділігі туралы айтып келеді. Бұл – халық көп тұтынғанымен, отандық өндірісті қаржыландыру азаяды деген сөз. Экономикалық заңдарға сәйкес ақша массасы тауардікіне сәйкес болуы керек. Ал егер мұнда ауытқушылық туындаса, бұл инфляция мен импортқа тәуелділікке әкеледі: банктер берген несиелер бойынша біз өзімізді қолдамай, шетелдік өндірушілерге ақы төлейміз.
Президент назар аударған тағы бір мәселе – Ұлттық банктің ноталары бойынша банктердің алатын кірісі. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі жоғары болғандықтан, банктерге экономиканы несиелендіру емес, қаражатты мемлекеттік бағалы қағаздарда сақтау тиімдірек болып тұр. Инфляцияны төмендету үшін Ұлттық банк ноталар шығару арқылы банктерден жоғары мөлшерлемемен ақша алады, олардың табыстылығы қайтадан сол тұтынушылық несиелеуге пайдаланылады, яғни инфляцияны арттырады. Еліміз реттеушінің болжамсыз саясаты, жай ғана банктердің мүддесін орындау арқылы тұйық шеңберден шыға алмай келеді.
Қ.Тоқаев бұл шеңберді бұзып, экономика мен бизнеске ақша ағынын ашуды ұсынып отыр. Бірақ ол тұтынушылық несиелеуге не ҰБ ноталарын шығаруға «тыйым салуды» ұсынбағанын ескеру маңызды. Несие саясатын түзету үшін Президент пруденциялық нормалар шеңберінде шешім табуды ұсынды, яғни қаржылық параметрлерге қойылатын талаптарды реттеу арқылы. Ұлттық банктің ноталарына келетін болсақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы қаржы ұйымдарының мемлекеттік бағалы қағаздардан алған үстеме пайдасына салық салу мәселесін кездейсоқ көтерген жоқ. Бұл байқампаздық қана емес, көп жағынан революциялық қадамдар, оның үстіне өнімді экономиканың, мемлекет пен қоғамның мүддесіне сай. Ұзақ жылдар бойы банктер және олардың кірістері қол қол тигізбейтін сала болды. Бүкіл экономика, әрбір кәсіпорын және әрбір отбасы оларға несие, ипотека, тауарлар үшін тікелей немесе жанама түрде үстеме төлейді (оның бағасына несие бойынша пайыздар да кіреді); дағдарыс кезінде мемлекет ең алдымен елдің есебінен банктерді сақтап, бюджеттен түскен ақшаны «адал кіріс» деп санауға, акционерлерге миллиардтарды төлеуге мүмкіндік берді.
Бұл ретте банк саласы бөгде тұлғалардан «тазаланып», осы салада жұмыс істей алатын адамдармен ешкім бәсекелесе алмады. Мемлекет басшысының банк жүйесіндегі жоғары шоғырлануға назар аударып, оны үш шетелдік қатысушымен «бөлшектеуді» тапсырғаны кездейсоқ емес.
Естеріңізге сала кетейін, биыл 19 қаңтарда «Ақ жол» фракциясы Үкіметке экономиканы ырықтандыру бағдарламасын әзірлеп, оның ішінде жетекші банктерді күштеп бөлуді талап еткен депутаттық сауал жолдады (https://akzhol.kz/kk/initiated-bills/a-zhol-demokratiial-partiias-konomikan-rtandrud-keshend-badarlamasn-zrlep-r-bankterd-kshtep-blud-snd ).
Президент Қ.Тоқаев басқа да ұстамды, бәлкім, одан да нақтырақ нұсқаулар берді. Бірақ олардың маңыздылығы бүкіл экономикалық саясатты – таңдаулы топтың мүдделерінің орнына, мемлекеттік және ұлттық мүдделерге қарай бұрумен пара-пар. Бұл саналы, өз міндеттеріне лайық және бәсекеге қабілетті банк жүйесінің мүддесіне де сай.
Егер бұл сараптамада салық мәселелерін көтермей өтсем, өзімнің қолдаушылар мен қарсыластар түсінбей қалар еді. «Ақ жол» демпартиясы кейінгі 12 жыл бойы Үкіметпен сараланған салық мөлшерлемесі туралы дауласып келеді. Бүгінде бұл мәселе Президент тапсырмасына айналып, жақын уақытта жаңа Салық кодексіне енгізіледі. Бірақ Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында өзінің алдындағы тапсырмасын күшейтіп, салық жүктемесін бөлуді өндіріс күрделілігін арттырумен байланыстырды. Осы арқылы мемлекет технологиялар мен терең өңдеулерге қаржы құйғандарға көбірек ақша табуға мүмкіндік береді, ал бұл ынталандыру өзге ұрандардың баршасынан артық.
Мемлекет басшысының салықтық әкімшілендіруге қатысты бастамасының маңыздылығы бұдан кем емес: салықтар мен міндетті төлемдердің санын 20%-ға қысқарту және! – «Егер айтарлықтай фискалды қайтарым болмаса, олар толығымен жойылуы керек».
Жолдауда салық түрлеріне қатысты айтылғаны анық, бірақ бизнеске осындай көзқарасты сәйкестендіре отырып, ШОБ-тың салық қызметкерлері енгізетін түрлі жаңашылдықтарға кететін еңбек, уақыт, қаржы шығындарын бюджетке қайтарыммен неге салыстырмасқа?
Менің көзқарасым бойынша шағын және орта бизнестің міндеті – бюджетті қалыптастыру емес. ШОБ-тің міндеті, ең алдымен, әлеуметтік міндет – жұмыссыздар мен табысы аз адамдарға мемлекеттің әлеуметтік шығындарын жеңілдету, экономикаға үлес қосуы және ұлттық табысты қайта бөлуге қатысуы үшін адамдарды жұмыспен және жалақымен қамтамасыз ету.
ШОБ-тың екінші міндеті – инновациялық, жоғары тәуекелді шешімдерді тәжірибеде сынау, өйткені істен шыққан жағдайда кәсіпорынның шағын көлемі мүмкін болатын шығындарды азайтады. Сәтті болған жағдайда ШОБ табысты жобаны кеңейтіп, үлкен кәсіпорынға айнала алады. Сондықтан экономиканың бұл секторы үшін салық салу тіпті екінші емес, үшінші орынға ие.
Ал Қаржы министрлігінің, Ұлттық банктің және басқалардың «қолды бұрау» не бизнес шығындарын арттыру арқылы әр тиынды, әр аударымды алыммен қысып тастауға жұмсайтын орасан зор күш-жігері – талпыныстар, бір жағынан, бюджетке тиісті қайтарымды қамтамасыз ете алмайды, екінші жағынан, олар ШОБ-тың негізгі функцияларын орындауын қиындатады.
Бюджетті толтыру міндетін негізінен ірі бизнес атқаруы керек (және атқарып жатыр). Оның үстіне, Президент атап өткендей, әсіресе банк секторында игерілмеген резервтер бар.
Тағы бір мәселе – кен игеру компанияларының қайтарымы. Бюджет бұл алпауыттарға мұнай, газ, металдар, көмір экспорты үшін ҚҚС қайтарады, бұл артық табыстылықты қалыптастырады. Фискалдар отандастардың тиын-тебен аударымдарын аңдымай, міне, осы бағытта жұмыс істеуі керек. ШОБ қосымша 100 мың теңге табыс тапса да, ол ақшаны оффшорға шығармайды, Лондоннан ұшақ немесе сарай сатып алмайды. Бұл ақша елімізде қалып, халықтың тұрмысын жақсартады. Мемлекет басшысы да Жолдауда осыны міндет етіп отыр. Бұл – Президент сөзінен кейін туындаған ой-толғамдарым.
Дегенмен Мемлекет басшысы ұлттық экономикаға қатысты барлық жоспарын әлі ортаға салмай, керісінше, «өсім үшін» және Үкімет пен Парламенттің тәуелсіз жұмысы үшін көп нәрсені кейінге қалдырған сияқты.
Қ.Тоқаевтың осы және басқа да бастамаларын жүзеге асыруға қатысты бір-екі маңызды жайт. Мемлекет басшысы Үкімет мүшелерін Президент Әкімшілігінің қадағалаудан босатып, оларға іс-әрекет еркіндігі мен жеке жауапкершілік беруді тапсырды. Бұл – тек сенім ғана емес, сонымен бірге беріктікті сынау. Өкініштісі, шешуші сәтте қандай да бір құнды нұсқаулар күтіп, сауатты болып көрінгенімен, өз ұстанымын білдіруден тайсақтайтын министрлерді жиі көреміз. Демек Президенттің Үкімет жұмысын Президент Әкімшілігінің нұсқауларынан «ажырату» туралы тапсырмасы жұмысқа қажетті серпін беруге тиіс.
«Ақ жол» фракциясы бұл шешімді демократия мен шенеуніктердің жеке жауапкершілігі жолындағы жүйелі қадам ретінде құптайды.
Екінші мәселе – Жолдаулардың орындалуы жөніндегі есеп.
Мемлекет басшысының бағалары мен тапсырмаларын бүкіл ел естіді, бұл біреуді жігерлендірсе, біреулер налып, енді біреулер өздеріне бағыт-бағдар алды. Өткен жылғы Жолдау жақсы болған, оған дейін де көп нәрсе орынды айтылып келді. Енді тапсырмалардың қайсысы орындалды, қайсысы орындалмады? Біздіңше, міндеттер ел алдында ашық қойылып, оның қалай орындалғанын шенеуніктер ғана емес, жалпы халық біліп отыруы керек.
Сондықтан әрбір жаңа Жолдаудың маңызды нышаны Үкіметтің алдыңғы құжаттың орындалу барысы туралы есебі болуға тиіс. Осы орайда «Ақ жол» демпартиясының ұзақ жылғы талаптарына қайта ораламын. Үкімет Парламентте бюджетті бекітіп, оның орындалуы туралы есеп беріп қана кетпеуі керек. Бюджет – қаржы құжаты, оның негізгі критерийі – қаражатты игеру.
Бірақ Парламент пен Үкімет – бухгалтерлік ұйым емес, саяси ұйымдар. Сондықтан Парламент бюджетті ғана емес, Президент Жолдауын орындау мақсатында әзірленген Үкіметтің іс-қимыл бағдарламасын да бекітуі керек. Ал қорытындылары бойынша – Министрлер Кабинетінің Президент Жолдауын және Үкімет бағдарламасын іске асыру туралы есебін бекітуі (немесе бекітпеуі) керек.
Жолдаулардың орындалуы туралы мемлекеттік есептерді жариялау тәжірибесін енгізу дұрыс болар еді: тапсырмалардың қайсысы орындалып, қайсысы орындалмады? Сонда қоғам мен Парламент жаңа нұсқауларды талқылап қана қоймай, оларды бұрынғылармен салыстырып, өзгерістердің бағыты мен қарқынын бағалай алатын, жүргізіліп жатқан саясаттың сабақтастығы мен тұрақтылығын бақылай алар еді.
Мұндай тәжірибе Жолдаулардың нәтижелілігін күшейтіп қана қоймай, қоғамның өз мемлекетіне деген сенімінің басты факторына айналар еді.
Азат ПЕРУАШЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясының төрағасы