Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесіне әр өңірден 19 команда қатысты. Олар кеше елорда іргесіндегі Қаражар ауылынан жорыққа аттанып кетті. Шабандоздар 1 300 шақырым қашықтықта жарысатын марафон-бәйге 19 қыркүйек күні Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан шаһарында өз мәресіне жетеді.
Жорыққа қатысушыларды шығарып салу шарасына марафонға ұйытқы болған ұлттық спорттың жанашырлары – «Amanat» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов, Ұлттық спорт қауымдастығының төрағасы Исламбек Салжанов, «Joryq» ат спорты федерациясы қамқоршылық кеңесінің төрағасы Әлібек Әлденей қатысты.
Айтулы шарада Ұлттық спорт қауымдастығының төрағасы Исламбек Салжанов марафон-бәйгенің маңыздылығына тоқтала келе, жобаны ұйымдастырған және оған қолдау білдірген азаматтарға алғысын білдірді.
«Кеше ғана Ұлттық спорт түрлері бойынша VI фестивальдың ресми ашылуын өткіздік. Ал бүгін баршамыз екінші рет ұйымдастырылып отырған «Ұлы дала жорығының» басталу салтанатына жиналып отырмыз. Ұлттық спорт қауымдастығы 2 жыл қатарынан серіктес болып, «Ұлы дала жорығы» жобасын қолдап отыр. Ұлттық спортымыз – ата-бабаларымыздан бізге қалған асыл мұрасы және аманаты. Ұлттық спорттың артында ұлтымыздың рухы мен намысы, тарихы мен салт-дәстүрі тұр. Ұлттық спортымыз – елімізді біріктіретін негізгі факторлардың бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спорттың дамуы мен насихатталуына ерекше назар аударып отыр. «Ұлы дала жорығы» – әлемде жоқ республикалық марафон-бәйге. Бүгін осы бәйгеге еліміздің барлық аймағынан 100-ден аса шабандоз қатысты. Барлығына сәттілік тілеймін!» деді Исламбек Төлеубайұлы.
«Ұлы дала жорығы» марафонының жалпы жүлде қоры – 65 млн теңге. Жеңімпаз командаға – 30 млн теңге, 2-орынға – 20 млн теңге, ал 3-орынға 15 млн теңге табысталмақ. Марафон-бәйгенің ұйымдастырушысы Ғани Дүйшеновтің айтуынша, жорық барысын 2 халықаралық және 2 отандық төреші бағаласа, ал жол бойы аттардың жағдайын 2 халықаралық және 3 өз еліміздің мал дәрігері қадағалайды.
«Жорық 14 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – 50 шақырым. Одан кейінгі 12 кезеңде 100 шақырымдап жүріп отырады. Соңғы 14-кезеңде 50 шақырым жолды бағындырып, Түркістанда мәреге жетеді. Атырау облысынан басқа барлық өңірден командалар қатысып жатыр, барлығы марафонға сақадай-сай. Кеше аттар ветеринариялық тексеруден өтті», деді Ғ.Дүйшенов.
Айта кетсек, «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі республикалық «Joryq» ат спорты федерациясының, Туризм және спорт министрлігінің, «Аманат» партиясының және Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен өтіп жатыр.