• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 07 Қыркүйек, 2023

Агроөнеркәсіп өлшемі – өңделген өнім

285 рет
көрсетілді

Түркістан облысы тұрғындарының басым бөлігі, нақты айтқанда, 80 пайызы немесе 1,6 миллионға жуығы ауылда тұрады. Яғни миллионнан астам ауыл тұрғынының экономикалық әлеуеті ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты.

Ауыл тұрғындары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күні кешегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауына ерекше қолдау көрсетіп отыр. Өйткені Президент агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасау қажеттігін айтты. Алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуді міндеттеді. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру жолын да атап көрсетті, яғни салық саясатын қайта қарау қажет.

Осы орайда Түркістан облысында егістікті әртараптан­дыру­дың нәтижесінде 3 млн тонна көкөніс, бақша, картоп өнім­дері жиналғанын айта кетелік. Жыл соңына дейін өнім көлемін арттыру көзделіп отыр. Облыста өңдеу өнеркәсібі саласында иірілген жіптер, маталар мен кілемдер өндірісі, тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі зор. Мақтаарал ауданында мақта талшығын өңдейтін зауытының құрылыс жұмыстары басталды. Алдағы уақытта зауытта 50 жергілікті тұрғын үшін жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл 360 млрд теңгеге ауыл шаруашы­лы­ғы өнімдері өндірілді. Еліміз­де салынған жылыжайлардың 71 пайызы облысқа тиесілі. Оның жалпы көлемі 1 мың 577 гектарға жетіп, 117 мың тонна өнім өндірілді. Осы жұмыстарды және өндірілген өнімдерді терең өңдеу бағытын жандандыра түсу маңызды. Мемлекет басшысы Жолдауында «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінгенін атап өтті. Жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмай, жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажеттігін айтты. Иә, «Ауыл аманаты» жобасы Түркістан облысында өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсете бастады. Ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып және дамытуды қолға алған. Тұрғындардың әл-ауқа­тын арттырып, табысын молай­туға негізделген «Ауыл аманаты» жобасы аясында облыста 3 220 жоба қаржыландырыла­ды, 3500-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Бағдар­лама аясында атаулы әлеу­мет­тік көмек алушыларға қолдау көрсетіп, оларды кәсіпке бейімдеу жоспарланған.

Сондай-ақ шаруалардың ертеңге сенімін нығайтып отырған – ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдаланудың маңыздылығы. Президент суды үнемдейтін технология өте баяу енгізіліп жат­қанын айтты. «Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет», деді Мемлекет басшысы. Иә, су тапшылығы мәселесі толық шешілмеген түркістандық диқандар үшін Президенттің ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту жөніндегі тапсырмасының орындалуы маңызды. Мысалы, мақталы аудандарда ағын су мәселесі өзекті. Бұл орайда каналдардың су өткізу мүмкіндігін арттыру үшін 193 млн теңге қаралып, ұзындығы 306 шақырымды құрайтын 6 канал күрделі жөндеуден өткізілмек. Бұл бір ғана мысал, жалпы суды үнемдеуге әрбір азаматтың жауап­кершілікпен қарауы бүгінде аса маңызды.

Президент Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда креативті индустрияны жаңа деңгейге көтеру қажеттігін айтқан болатын. Бұл ойын кешегі Жолдауда нақты бастамалармен айқындап берді. Яғни таланттарды тартатын шығармашылық индустрия­ның орталықтары әрбір облыс орталығында, әрбір ірі қалада болуға тиіс.  Сондай-ақ Президент Жолдауында Үкіметке қазіргі демографиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға пайдалануды міндеттеді. Бұл орайда демографиялық өсімі жоғары өңірде жастарды жұмыспен қамту, өз әлеуетін толық пайдалану­ға мүмкіндік жасау маңызды. Түркістан облысында биылдың ІІ тоқсан қорытындысы бо­йынша 15-35 жасқа дейінгі жас­тар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3%-ды (12 186 жас) құрап отыр. Биыл «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасын» жүзеге асыруға 84,0 мың адамды жұмыспен қамту шаралары­на қатыстыру жоспарланса, оның 33 252-і (46,1%) жастар. Об­лыс көлемінде мемлекеттік бағ­дарламалар, соның ішінде «Жас­тар практикасы» арқылы 3 167 жас, «Қоғамдық жұмысқа» –

5 893, «Әлеуметтік жұмыс орны» не­гізінде – 1 668, «Алғашқы жұмыс орны» арқылы 1 199 жас жұмыспен қамтылып отыр. Елдің ертеңіне қатысты нақты бас­тамалар көтерілген, маңызды міндеттер қойылған Жолдауды өңір жұртшылығы қолдаумен қатар жүзеге асырылуына қомақты үлес қосатынына сенімдіміз.

 

Байділда ЖЫЛҚЫШИЕВ,

Түркістан облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы,

Ұлттық құрылтай мүшесі