Қазақстан мен Албания арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Албания Республикасының Президенті Байрам Бегайдың бірлескен мәлімдемесі жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
1. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 2023 жылғы 6-8 қыркүйекте Албания Республикасының Президенті Байрам Бегай Қазақстан Республикасына ресми сапармен келді.
2. Мемлекеттер басшылары жылы, достық және іскерлік сипатта келіссөздер жүргізіп, дипломатиялық қатынастардың 30 жылында қол жеткізілген қазақ-албан қатынастарының даму нәтижелеріне жоғары баға берді. Қазақстан мен Албания арасындағы байланыстар деңгейін одан әрі көтеруге, түрлі салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуге уағдаласып, өзара қызығушылық тудыратын өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасты. Президенттер екі ел арасындағы саяси және экономикалық ынтымақтастықтың жоғары динамикасын құптады.
3. Тараптар жаһандық және өңірлік деңгейде бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға жәрдемдесуге деген ниеттерін білдірді. Олар халықаралық құқыққа және БҰҰ Жарғысының негізгі қағидаттарына қатысты ұстанымдарының мызғымайтынын атап өтті. Осыған байланысты тараптар Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын және Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы Қазақстанның бастамаларын жоғары бағалады.
4. Мемлекет басшысы Албанияны 2022-2023 жылдар аралығында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болуымен құттықтады.
5. Тараптар екі елде жүргізіліп жатқан реформаларды және Қазақстан мен Албания халықтарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі шараларды жоғары бағалады.
6. Мемлекеттер басшылары Орталық Азияда Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға қатысты ауқымды бастамалардың іске асырылуына қанағаттанушылық білдірді.
7. Тараптар өз елдерінің экономикалық дамуы үшін инвестициялық саясаттың ашықтығын, тұрақтылығын әрі болжамды болуын одан әрі арттыруға дайын екенін білдіріп, инвесторлар үшін тұрақты, ашық және болжамды іскерлік ортаны қамтамасыз ет үшін күш-жігер жұмсауды жалғастыруға, сондай-ақ өзара тиімділікті жүзеге асыру үшін ынтымақтастық жобаларына бірлесіп жәрдемдесуге және инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етуге келісті.
8. Тараптар екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашуға және авиациялық рейстер мен бағдарлар санын одан әрі ұлғайтуға мүдделік танытты.
9. Мемлекеттер басшылары 2022 жылғы 22 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында қол қойылған Визалық талаптардан өзара босату туралы екі елдің үкіметаралық келісімінің күшіне енуін қанағаттанушылықпен атап өтіп, аталған құжатты іске асыруға, адамдардың жүріп-тұруы үшін барынша қолайлы жағдай жасауды ынталандыруға және көші-қон саласындағы ынтымақтастықтың нормативтік базасын кеңейтуге бағытталған шараларды зерделеуге әзір екенін білдірді.
10. Тараптар екі елдің өңірлері арасындағы әртүрлі саладағы ынтымақтастықты қолдап, Қазақстан мен Албания халықтарының арасындағы байланыстарды бекемдеу үшін екі елдің ынтымақтастық әлеуетін нығайта түсетін елордалар мен басқа қалалардың бауырластық қатынастар орнатуын құптады.
11. Президенттер мәдениет саласындағы ынтымақтастықты арттыруға ниет білдіріп, алдағы жылдары бірлескен іс-шаралар өткізуге бағытталған бастамаларды қолдады.
12. Мемлекеттер басшылары келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтар әртүрлі саладағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға тың серпін беретініне және Қазақстан мен Албания халықтарының мүдделеріне қызмет ететініне сенім білдірді.