23 қыркүйекте Қытайдың Ханчжоу қаласында алауы тұтанатын ХІХ жазғы Азия ойындарында Қазақстанның каратэшілері қандай құрамда өнер көрсететіні белгілі болды.
Байрақты бәсекеде 12 салмақ дәрежесі бойынша түрлі-түсті медальдар сарапқа салынады. Соның сегізінде жерлестеріміз өнер көрсетеді. Жарыс жолына шығатындардың дені – талай дүбірлі додада дараланған сақа спортшылар. Солардың арасындағы ең атақтысы – Софья Берульцева. +68 кило салмақ дәрежесінде сайысқа түсіп жүрген ол – Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Ислам ынтымақтастығы мен Дүние жүзі ойындарының жеңімпазы. 67 кило салмақтағы Дидар Әмірәлі 2018 жылы Джакартада өткен Азия ойындарында күміспен күптелсе, 84 кило салмақтағы Данияр Юлдашев дәл сол додада қолаға қол созды. Мөлдір Жаңбырбай (50 кило), Қайсар Алпысбай (60 кило) және Нұрқанат Әжіқанов (75 кило) Премьер-лига сериясында жеңіс тұғырына көтерілді. Олардан бөлек, Әсел Қанай (61 кило) мен Лаура Әліқұл (68 кило) татамиге шығады. Олар да халықаралық турнирлерде мол тәжірибе жинаған.
Қазіргі кезде еліміздің ұлттық құрама командасы Францияда өздерінің соңғы оқу-жаттығу жиынын өткізу үстінде.