Жамбыл облысы, Меркі ауданында Кенесары ханға арналған ескерткіш бой көтерді. Тарихи мұра Меркінің мәдениет күні және 95 жылдығына орай ашылып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz аудан әкімінің баспасөз қызметіне сүйеніп.
Әкімдіктің мәліметінше, тарихи тұлғаға арналған мүсін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізінің бойында орналасқан.
«Ескерткіштің ашылу салтанатында Мемлекеттік Әнұран шырқалып, М.Әуезовтің «Хан Кене» театрландырылған қойылымы сахналанды. Салтанатты шараға қоғам қайраткері Рахматілдә Рахманбердиев, Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен және аймақтың зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиналған қауым ескерткішке гүл шоқтарын қойып, батыр баба рухына тағзым етті. Ескерткіш жобасының орындаушысы – меркілік мүсінші Темірхан Көлжігіт.
Ескерткіштің жалпы биікті 10 метрді құрайды, оның ішінде тұғыры – тастан, мүсіннің негізгі бөлігі мыстан жасалған», делінген хабарламада.